Бақберген биік асуларды бағындырғысы келеді

Әрбір жеке тұлғаның болашағы өзі оқыған мектебінде айқындалады. Ертең осы елге ие болып, тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Олардың арасында қазіргі заман талабына сай, ой-өрістері кең, дарынды, шығармашылық қабілеттері бар жастар көп. Әрбір жеке тұлғаның бойында өнерге, шығармашылыққа, спортқа деген ынтасы, дарыны болады. Ал, оқушы бойындағы дарынды байқап, әрі қарай шыңдау – ұстаздың шеберлігі.

Дарынды оқушы – ұлт болашағы. Осы орайда Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір елді мекенінде туып өскен Бақберген  Құдайберген талантты оқушы. Ол Жамбыл атындағы мектеп-лицейде білім алады. Ізденімпаз Бақбергеннің қазіргі таңға дейін жеткен жетістіктері біршама. Мысалы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп оқушылары арасында өткен аудандық «Жылдың үздік оқырманы» байқауында 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталса, республикалық «Зейінді бала» балалар журналы ұйымдастырған «Мақатаев оқулары» конкурсында мәнерлеп оқу бағыты бойынша Бас жүлдені жеңіп алған.

Оқуда озат Бақберген шабыты келгенде өлең де жазады. Ол өзінің бойындағы өнерін әрі қарай дамытып, биік асуларды бағындырғысы келеді. Жаз айларындағы демалысында ол ата-анасына қолғабыс болумен қатар кітап оқып, танымал ақындардың өлеңдерін жаттауға арнамақ. Өскенде елге өнерімен ғана емес, еңбегімен де танылсам дейді. Ендеше Бақбергенге талабыңа нұр жауып, әрқашан жолың ашық болсын дейміз.

А.ШУАҚБАЙ,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 2-курс студенті.

Пікір қалдырыңыз