«Туризм әзірге тиімді болмай тұр, бұл – Үкімет пен әкімдіктер кемшілігі»

KAZINFORM. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен туризмді дамыту жөніндегі кеңес өтті. Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай, Бас прокурор Берік Асылов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Үкімет мүшелері, Астананың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдері, ұлттық компаниялар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жетекшілері, туризм секторындағы бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты. 

Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған әрі инвесторлар үшін тартымды сала екенін атап өтті.
– Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүние жүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды.
– Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент кеңесте айрықша назар аударуды қажет ететін бірнеше басым бағытқа арнайы тоқталды.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет екенін айтты.
Сондай-ақ, ұлттық парктер мен орман қорына тиесілі аймақтарда жер телімін бөлу мәселесі заң тұрғысынан қиындағанына байланысты бизнес өкілдері тарапынан шағым түсіп жатқанын атап өтті.
Ал, бұл ұзақмерзімді инвестиция салу, қарызға қаржы тарту және туризм инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін шектейді.
Бұл ретте Мемлекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлық көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет деп санайды.
Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуды тапсырды.
Президенттің пікірінше, отандық туризмді тежейтін елеулі түйткілдің бірі – көлік инфрақұрылымының нашарлығы.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланғанын еске салып, көрші елден туристерді көбірек тарту үшін мәдени әлеуетімізді пайдалану, шекара маңындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беру маңызды екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің барлық өңірде бір мезетте 20 туристік аймақты дамыту жоспарын сынға алып, мұндай тәсіл тиімсіз екенін, мемлекеттің шектеулі ресурсын зая кетіретінін мәлімдеді.
Президенттің пікірінше, Қазақстан туризмінің жаһандық деңгейдегі төлқұжатына айналуға лайық анағұрлым перспективті нысандарды қысқа мерзім ішінде ретке келтірген жөн.
Президент Үкіметке Маңғыстау облысының әкімдігімен бірге Каспий жағалауындағы туризм инфрақұрылымының сапасын арттыру үшін қонақүй және мейманхана бизнесінің әлемдік брендтері мен франшизаларын тартумен белсенді айналысуды, жағалаудағы курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Дубай мен Баку қалаларының тәжірибесін ескере отырып, Ақтау қаласының Бас жоспарын қайта қарауды, Ақтауға Алматыдан, Ақтөбеден, Шымкенттен және Атыраудан қатынайтын әуе рейстерінің санын арттыруды, «Жылы жағажай» аумағындағы жобаларды жыл соңына дейін аяқтауды, сондай-ақ Кендірлі демалыс аймағын дамыту ісін жеделдетуді тапсырды.
Мемлекет басшысы Қазақстан туризмін насихаттау үшін заманауи құралдарды белсенді қолдану қажет деп санайды.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе экология мәселесіне арнайы тоқталды.  Президенттің айтуынша, туризмді дамытамыз деп табиғатқа зиян келтіруге болмайды.
– Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ, өткір мәселелер де аз емес. Өкінішке қарай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты. Әрине, азаматтардың экологиялық сауатын көтеру де маңызды. Осыған орай Мәдениет, Экология, Оқу-ағарту министрліктері нақты шараларды қолға алуға тиіс. Бұл бағытта ағартушылық жұмыстармен ғана шектелуге болмайды. Кез келген азамат табиғатта емін-еркін демалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білуі керек. Сондықтан демалыс орындарында осындай лайықты инфрақұрылым болуы қажет. Бұл мәселемен әкімдіктер айналысуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Пікір қалдырыңыз