Кадр тапшылығын жою үшін гранттар бөлінді

Түркістанда жаңа оқу жылына 29 мамандық бойынша 189 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бекітілген болатын. Осыған орай жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2024-2025 оқу жылына жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссия отырысы өтті. Комиссия мәжілісіне облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, жиында мемлекеттік білім беру тапсырысын оқу орындарына орналастыру жайы сараланды. 

 Өңірімізде медицина саласында 250-ге жуық кадр жетіспейді. Мамандардың жетіспеушілігі проблемасын шешу мақсатында облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен биыл алдағы оқу жылына бірінші рет қаражат бөліп отырмыз. Біз мемлекеттік білім беру тапсырысын еліміздегі 6 үздік жоғары оқу орындарына орналастыруымыз керек, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Комиссия отырысының хаттамалық шешімімен бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бакалавриатта даярлауға 50 орын белгіленіп отыр. Оның 15-і «Денсаулық сақтау», 35-і «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» мамандығына берілді. Ал, «Денсаулық сақтау» мамандығын резидентурада даярлауға 139 орын бөлініп отыр. Білім беру ұйымдарының тізбесін анықтау үшін облыс әкімдігінің өкімімен жергілікті бюджет есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді. Бұдан бөлек конкурсқа құжаттар қабылдау жөнінде хабарлама облыстық білім басқармасының сайтында 31 мамырда жарияланып, 5 жұмыс күні ішінде аталған ұйымдардың құжаттары қабылданды.
Мамандар Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде, Қазақстандық медицина университетінде, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми- зерттеу институтында, академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы, Қазақстан–Ресей медициналық университетінде даярланбақ.

Пікір қалдырыңыз