Бұл Дешамның турнирі емес

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Газетіміздің өткен нөмірінде футболдан осы аптада шымылдығы түрілетін Еуропа чемпионатының «А» және «В» топтарына түскен құрамалар жайында сөз қозғағанбыз. Бүгін өзге топтардағы құрамалардың деңгейіне көз жүгіртіп, фаворит командалар жайлы ойымызды ортаға салмақпыз.


«С» тобы: Англия – «мәңгі фаворит»

Егер Грекия құрамасы 2004 жылы Еуропа чемпионы болмағанда, бұл турнир тарихындағы ең басты сенсация Дания құрамасында қала беретін еді. Еске түсірейік: 1992 жылғы Еуропа чемпионатында Дания құрамасының чемпион атануы тұрмақ, турнирге қатысуының өзі футболсүйер жұртшылық үшін күтпеген оқиға болған еді. Бұл ретте олардың жолы болып кетті: күтпеген жерден турнирде  Югославияның орнын алмастырды. Даниялықтар чемпионатқа еш дайындықсыз қатысса да, күтпеген жерден соңғы сәтте гол салып, жартылай финалға шықты. Ақтық сайыста да дәл солай күтпеген жерден финалдық турнирлер тарихындағы 200-ші голды соқты. Бір сөзбен айтқанда, естіген елдің бәрін естен тандыратын нағыз сенсация жасады. 

Дания құрамасы өткен Еуропа чемпионатында 32 жыл бұрынғы осы тарихи жеңістерін қайталауға тым жақын қалып еді. Тек... жартылай финалда ағылшындарға есе жіберіп, қола жүлдені місе тұтуларына тура келді. 

Команданың сол чемпионаттағы құрамы әлі өзгерген жоқ. Каспер Юлманд баптайтын бұл құраманың ең мықты тұсы – ойыншылардың алаңда жиі орын ауыстыра алатын қабілеті. Олар осы арқылы қарсылас команданы шатастырып, көздеген нәтижелеріне жетуге ұмтылады. Алаңдағы ойыншылардың арасында орын ауыстырмайтыны Хейберьг пен Эриксен ғана шығар. Қалған футболшылардың бәрі біресе сол қапталдан, біресе оң қапталдан табылып, қарсыластың ойынға құрған тактикасын тас-талқан етеді де жатады. Данияның тағы бір мықты тұсы – допқа иелік етуі. Сол арқылы қарсылас команда ойыншыларының діңкелерін құртады. Міне, осындай ойын тәсілін меңгерген даттар осы турнирге іріктеу барысында біздің құрамамен бір топта болған. Біздің құраманың даттардан Астанадағы ойында 2:0 есебімен жеңіліп келе жатып, 3:2 есебімен жеңіп кеткенін де әлем әлі есінен шығарған жоқ.

Бұл топта Қазақстан құрамасына таныс тағы бір команда бар. Ол – Словения құрамасы. Олар іріктеу турнирінің соңғы турында біздің құраманы жеңіп, Еуропа чемпионатына берілетін соңғы жолдаманы іліп кеткен. Сонау жылдардағы Златко Заховичтен кейін бұл құрамада танымал футболшы болған жоқ. Қазір құрамада жүрген қақпашы Облак, қорғаушы Бийол, шабуылшы Шечкодан өзге футболшыларды көпшілік жыға тани бермейді. Нақтырақ айтсақ, өзге футболшылар ортаңқол лигаларда өнер көрсетеді. Бірақ, соның өзінде Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіне шығуға үмітті командалардың бірі.

Словенияға топтан шығуға кедергі келтіретін құрамалардың бірі – Сербия. Неге екені белгісіз, Сербия футбол федерациясы бас бапкер Драган Стойковичтен айырылғысы келмейді. Әйтпесе Катарда өткен әлем чемпионатына іріктеуден кейін-ақ Стойкович қызметінен кетеді деп ойлағанбыз. Бірақ, бұл бапкер әлі орнында. Сербия құрамасы жекелеген ойыншылардың арқасында ойын тағдырын шешіп кететін командаға жатады. Команданың ең осал тұсын жоғарыда айттық. Стойковичтің біліктілігіне футболды анда-санда көретіндердің өзі сын көзбен қарайды. Сербиялықтардың тағы бір осал тұсы – қорғаныс. Неманья Видичтен кейін бұл командада деңгейі жоғары қорғаушы шықпады. Соның салдарынан болар, Сербия Еуропадағы ең көп гол жіберетін құрамалардың бірі саналады. Есесіне шабуыл шебіндегі жігіттер бірінен бірі өтеді. Душан Тадич пен Филипп Джуричич алаңға шықса, футболдың көкесін көрсетеді. Бұл екеуі Александр Митровичті паспен жарылқап отырса, орталық шабуылшының мүлт кететін кезі аз.

Бұл топта турнирдің ең басты фавориттерінің бірі – Англия құрамасы өнер көрсетеді. Еуропаның вице-чемпионы, ойыншылар құрамы жағынан ең қымбат команда осы жолы құрлық чемпионы атанғысы келетіні анық. Оған мүмкіндіктері де, деңгейлері де жетеді. Оларға тек чемпиондық мінез жетіспейтін секілді. Әйтпесе, Гарет Саутгейттің жігіттері клубтық деңгейде талай белестерді бағындырған жампоздар. 

Саутгейттің де ең бас ауыртатын шебі – қорғаныс. Орталық шептегі Райс пен Галлахер өз ісінің нағыз шеберлері. Ал, шабуылда Кейнге Палмер, Сака, Стерлинг, Гордон секілді сақа ойыншылар көмектеспек. Осындай құраммен Саутгейт Берлиндегі финалдық ойыннан табылмаса, Лондондағы футбол функционерлері басқа бапкер іздейтін шығар...

«D» тобы: Францияда амбиция жетеді. Бірақ...

2016 жылғы Еуропа чемпионатының күміс, 2018 жылғы әлем чемпионатының алтын, 2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлделері Дидье Дешам баптайтын құрама үшін «жұлдызды» ойыншылардың арқасында келді десек қателеспейміз. Осы жылдар аралығында Гризманн, Бензема, Погба, Матьюди, Льорис, Мбаппе, Канте, Рабьо, Дембеле, Павар, Упамекано, Умтити, Варан, Жиру секілді «жұлдыздар» шоғыры өсіп шықпағанда Дешам мұндай жетістіктерге жете алмас та еді.

Бұл чемпионатқа да Дешам кіл мықтыларды алып келді. Қақпаны Маньянға сеніп тапсыруға болады. Қорғаныста да кінәрат жоқ, Кюнде, Павар, Упамекано, Салиба, Тодибо, Эрнандес секілді ойыншылар өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарайды. Орталық шепте Тчуаменидің қасына Рабьоны да, Камавинганы да шығарса болады. Айтпақшы, біраз жыл үзілістен кейін құрамаға  Нголо Канте қайта оралды. Шабуылдағы үштік Мбаппе–Жиру–Дембелеге ортадан Гризманн көмектеседі. 

Осындай әбден ысылған ойыншылардан құралған құрамада уайымдайтын ештеңе жоқ деуге болады. Осыған дейінгі ірі турнирлерде жеткен жетістігі осы ойыншылардың жеке шеберліктерінің арқасында деп айтуға толық негіз бар. Дегенмен, Дидье Дешамның біліктілігін сынайтындар «үш жолақты» құраманың нақты бір үйлестірілген ойыны жоқ деген пікірде. Футбол мамандарының көпшілігі Франция құрамасы мықты стратег-бапкердің командасына тап болса, ә дегеннен-ақ үйлеріне қайтатынына сенімді. Соған қарағанда Д.Дешам ойыншы ретінде жете алмаған Еуропа чемпионы атағына бапкер болып та жете алмайтын сияқты.

Француздарға топтық турнирден шығу қиын болмайды. Себебі, бұл топта Франциямен деңгейлес команда жоқ. Польшаның өзі бұл турнирге әрең жетті. Іріктеу турнирінде өз тобында 3-орын алып, Германиядағы чемпионатқа бара алмайтындай жағдайда еді. Әйткенмен УЕФА ұлттар лигасы арқылы қосымша жолдамаға таласуға мүмкіндік алып, онда Уэльс құрамасын пенальтилер сериясы арқылы жеңді. Чемпионатта сол ілдебайлап жеткен жеңістердің арқасында бақ сынағалы отыр. Поляктарда Левандовскиден өзге мақтанатын ойыншы да жоқ. Оның үстіне «Ювентус» шабуылшысы А.Милик тура чемпионат басталар қарсаңда жолдастық кездесуде жарақат алып қалып, Германияға бара алмайтын болды. Кейінгі 4 жылда 4 бапкер ауыстырған Польша құрамасының бұл чемпионатта ерекше ойын көрсете қоюы екіталай.

Бұл топта француздарға жақсы таныс Нидерланд құрамасы бар. Қос құрама осы чемпионатқа іріктеу турнирінде бір топта өнер көрсеткен. Нидерланд құрамасында буын алмасу процесі ұзақ жүрді. Роббен, Снейдер, ван Перси дәуірінен кейін ТОП деңгейлі ойыншыларға сусап жүрді. Олардың орнын толтыруға ван Дейк, де Йонг, де Лихт, Депай секілді ойыншылар келгенімен, олар жоғарыда аталған аңыз футболшылардың деңгейіне жете алар емес. Мүмкін осы чемпионатта Нидерланд құрамасы ұзаққа шабатын шығар... Қайткен күнде де футболшыларының барлығы дерлік Еуропаның ТОП-5 чемпионатында өнер көрсетеді ғой.

Осы чемпионатта қалай өнер көрсетері белгісіз құрамалардың бірі – Австрия. Егер жарақатына байланысты Еуропа чемпионатына қатыса алмайтын футболшылардың құрамын жасақтар болсақ, бұл тізімге австриялық екі ойыншы кірер еді. Оның бірі – Давид Алаба, екіншісі – Савиер Шлагер. Бірақ, соның өзінде Австрия құрамасы осы турнирдің басты сенсацияларын жасауға қауқарлы көрінеді. Іріктеу турнирін ойдағыдай аяқтағаннан кейін австриялықтар Түркия құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Ральф Рангник баптайтын құрама бұл ойынын осы Еуро додада да көрсетуі мүмкін. Орталық шепте Забитцер мен Лаймердің ойынын ерекше атап өтуге болады. Шабуылда Грегоричті ұрымтал тұсқа шығарса болды, гол сала беретін шабуылшылардың қатарында. Францияны топтың басты фавориті деп қарастырсақ, өзге құрамалар іш пыстырмайтын ойын ұсынары сөзсіз.

Пікір қалдырыңыз