«Алдымен адами мәселелерді шешуіміз керек еді»

Арыс қаласының орталық ауруханасында қырық жылдан аса уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан Жұмахан Кенжехановты ол төңіректе танымайтын адам кемде-кем. Көпшілігі «Жұмекеңнің қолы жеңіл» дегенді ерекше сүйсініспен айтады. Сол ел мақтаған Кенжехановты Арысқа арнайы барған сапарымызда жолықтырдық.

– Жұмахан Шаншарұлы, сұхбатымызды медицина саласына қалай келгеніңізден бастасақ.

– 1969 жылы ең кіші қарындасым қырық күн қызуы түспей қатты ауырды. Ол кезде мен 14 жаста едім. «Бауырымды аман қалдыршы» деп Құдайға күндіз-түні жалбарынып жүрдім.

– 1969 жылы Құдайға табынып жүрсіз бе?

– Әкем Шаншар мектепте мұғалім еді. Сабақ үстінде «Құдай жоқ» дегенімен, үйде асқа бет сипап, бата жасап, құлхуалласын қайырып отыратын. Бірде «әке, мектепте Құдай жоқ дейсіз, үйдегі тірлігіңіз мынау» дегенімде, «балам, шетелде, мәселен, Рокфеллер сияқты танымал кісілер Құдайға сенеді. Соларды ақымақ дейсің бе? Біз партияның адамы болған соң айтамыз да» дегені бар. Әсілінде, ол кездегі қарттардың иманы қазіргіден жүз есе күшті болды-ау.

– Сонымен, қарындасыңыз ауырып жатыр?

– Иә, сол қарындасымды ауылда Тасман деген дәрігер кісі қырық күн емдеп, жазып шығарды. Сол оқиғадан кейін дәрігер боламын деген мақсатқа біржола бекіндім. 

Мен туып-өскен Бөген ауданына қарасты Қараспан ауылында орыстар көп еді. Достарымның барлығы дерлік орыстар болды. Орыс тілінен Татьяна Николаевна деген апай сабақ берді. Өте білімді кісі еді. Соның арқасында мектеп бітіргенде мен орыс тілінің грамматикасы мен әдебиетін әжептеуір біліп, тіпті еркін сөйлейтін едім. Бұл маған институтқа оқуға түсуіме көп көмегін тигізді. Мені әке-шешем заң саласының маманы болуға үгіттеді. Бірақ, алған бетімнен қайтпай Алматы қаласына барып, қазіргі Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне (ол кезде институт) оқуға түстім. Хирургия бөліміне 350 үміткер құжат тапсырған екен. Соның ішінен 14 бала қабылдандық.

Сенетін, сүйенетін ешкімім болмаған соң, студент кезде өте жақсы оқыдым. Бізге хирургиядан Төлеутай Хасенов деген кісі сабақ берді. Ол кісі «қазақ дәрігерлері лайықты біліммен қатар мәдениетті де болуы керек» деп бізге әлем классиктерінің шығармаларын, сурет пен театр өнеріне қатысты кітаптар оқытатын. Ұстазымның қасында көп жүрдім. Иттерге тәжірибе үшін жасаған операцияларына көп қатыстым. 

Ол кезде жылына бір рет әр республикада хирургияда оқитын студенттердің бүкілодақтық ғылыми конференциясы өтіп тұратын. Оған біз ғылыми жұмыстарымызды жіберетін едік. 1976 жылы Душанбе қаласында өткен бүкілодақтық конференцияда менің еңбегім үздіктер қатарынан көрініп, күміс медаль иеленіп қайттым. Диплом алған соң ұстазым Камал Ормантаев «Алматыда қалып, ғылыммен айналыс» деп біраз үгіттеді. Бірақ, мен «елде алты бірдей бауырым бар. Соларды жетілдіріп, әке-шешеме көмектесуім керек» деп туған ауылыма қайттым. 1978-79 жылдары облыстық ауруханада интернатурадан өтіп, 1979 жылы Арыс аудандық орталық ауруханасына жұмысқа тұрдым. Күні бүгінге дейін 13 мыңға жуық операция жасаған екенмін. Олардың ішінде жеңіл операциялар да жүрекке, өкпеге, бауырға, бүйрекке жасаған күрделі операцияларым да болды. Шүкір деп айтайын, еңбегім бағаланып, ҚР Денсаулық сақтау министрінің, облыс, аудан әкімдерінің мақтау грамоталарын иелендім, «Ауданның үздік дәрігері»,  «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталдым.

Бірде ауруханаға Қожатоғай ауылынан Қалсейіт Жүзімбеков деген науқас келіп түсті. Абайсызда комбайнның орағына түсіп қалып, ішкі құрылысын шайнап кетіпті. Бөлшектеніп, үзік-үзік болып кеткен ащы ішегіне, тоқ ішегіне, қуығына операция жасап, бір-біріне жалғап тігіп, тайып кеткен омыртқасын орнына салдық. «Мынадай жарақаттан аман қалар ма екен?» деген де ой болды. Бірақ, операция сәтті шығып, Қалсейіт бертініректе кітап жазып, сол кітабында маған алғысын білдіріпті. 

 Бердалы, Қайрат деген жігіттердің әбден шіріп, 7-9 сантиметрге қысқарып кеткен аяқ сүйектерін Илизаров аппаратын қолданып қалпына келтірдім. Қайрат 1996 жылы Тәжік-стандағы соғыста аяғынан жараланған. Алматыдағы әскери госпитальда бір жыл жатып емделген екен. Ол жақтағы әріптестерім неге Илизаров әдісін қолданбағанын білмеймін. Кейін Қайраттың жазылып кеткенін көрген әскери госпиталь дәрігерлері «алыстағы ауданның қарапайым хирургы осындай күрделі операция жасауы мүмкін емес» деп арнайы келіп, тәжірибе алмасып қайтты. 

– Соңғы кезде Қазақстанның медицина саласына шағым айтушылар көбейіп кетті. Сіз білікті дәрігер ретінде кейінгі жас буын әріптестеріңізге көңіліңіз тола ма?

– Барлығына бірдей күйе жағудан аулақпын. Бірақ, қалай десек те кеңестік кезеңдегі медицина дұрыс жүйеге түскен еді. Бізге «алдыңа келген науқасты туған ағам, қарындасым, әкем, шешем деп қара. Сенің жылы сөзіңнен-ақ науқас елу пайыз жазылып кетуі керек» деп үйретті. Қазіргі мұғалімдер олай айтпайды-ау... 

Лапароскопиялық әдіс жаңадан қолданысқа еніп жатқанда академик ағамыз Дербісәлі Сексенбаев шетелге оқуға барып келді. Дәкең сол сапардан оралған соң «жігіттер, бізге осыншалықты сапалы білім берген кеңес медицинасына мың алғыс. Шетелдік әріптестер диагноз қою үшін түрлі аппараттар мен компьютерге сеніп кетіпті» деген еді. Сол жағдай дәл қазір бізге де келіп жетті. Қазір науқасқа диагноз қою үшін аппаратқа жүгінетін болдық. Жаңа айттым ғой, жастардың барлығына бірдей күйе жақпаймын, бірақ, ауру тарихын жаза алмайтын бір жігітке «балам, әкеңнің үйір-үйір жылқысы, отар-отар қойы бар екен. Сен сол ата кәсібін жалғастырсайшы» дедім. Ақылы бар екен, медицинаны сол күйі тастап кетті.

Кейінгі кезде «Қазақстанның медицинасы дамып жатыр» деген статусқа жету үшін мейірбикелерді жартылай дәрігер етуге әрекет етіп жатыр. Бірақ, тамырға дәрі еге алмайтын кейбір мейірбикелер қалай дәрігер болады? Оларға бакалаврды, магистратураны оқытады дейміз-ау, бірақ, сол оқудың сапасы қай деңгейде? Біз алдымен білімнің сапасын жүйелеп алуымыз керек қой. Шетелде өрт сөндірушілер, төтенше жағдай қызметкерлері, полицейлер кез келген уақытта адамға алғашқы медициналық көмек көрсете алады. Бізде мейірбикені былай қойғанда кейбір дәрігерлер трахеостомия (тамақты тесіп түтік қою) жасай алмайды.

1997 жылы бізге облыстық денсаулық сақтау басқармасынан «1995 жылдан бастап оқу бітірген мамандарға өз бетінше операция жасатпаңдар. Наркоз бергізбеңдер» деген тапсырма келген. Білімнің сапасын осыдан-ақ байқай беріңіз. Сол мамандарды үш-төрт жыл жетектеп жүріп өзіміз үйреттік. Санасында саңылауы барлары бертін келе тәжірибе жинап төселді, бірақ, көпшілігі медицинаны тастап кетті.

Кейінгі кезде ауылға барған дәрігер жастарға Үкімет әжептеуір көмек ұсынып жатыр. Әрине, оларға материалдық жағдай жасаған дұрыс. Бірақ, жастар ауылға тым құрығанда ата-анасына қолғабыс ету үшін өздігінен оралу керек қой. Патриотизмді былай қойғанда ата-ана, отбасы, бауырларға деген мейірімді қашан жоғалтып алдық? Біз алдымен осындай адами мәселелерді шешуіміз керек еді...

– Өзіңіз шәкірт тәрбиеледіңіз бе?

– Зейнет жасына жақындағанда «мен кетсем орнымда қалатын адам керек қой» деген оймен Ерғали, Әлімжан, Нұрмахан деген жігіттерді дайындадым. Ерғали қазір Сайрам ауданында бас дәрігер болып отыр. Нұрмахан Шымкент қаласына ауысып кетті. Бүгінде Әлімжанмен ғана бірге жұмыс істеп жатырмыз.

– Сұхбат соңында отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз. Жолыңызды жалғастырған ұл-қыздарыңыз бар ма?

– Жұбайым Сағила екеуміз екі ұл, екі қыздан 15 немере, бір шөбере сүйіп отырмыз. Сағила апаңның мамандығы театр актрисасы, атақты Асқар Тоқпановтың шәкірті. Елге келген соң мәдениет саласында үш-төрт жыл жұмыс істеді де, кейін кітапханаға ауысты. Аласапыран жылдары қарамағындағыларға «кітапты үйлеріңде сақтаңдар. Кейін керек болады» деп тапсырған. Кейін кітапханалар қайта ашылғанда ауданның барлық кітабын түп-түгел санап өткізді. Сондықтан оған «маған қарағанда Арысқа сенің еңбегің көп сіңді» деп отырамын. 

Ал, менің жолымды жалғастыруға үлкен қызым Алмагүл ниеттенді. Бірақ, мен «қыз баласына дәрігер болу қиын» деп фармацевтика саласын оқыттым. Қазір Астанада министрлікте жұмыс істейді. Күйеу балам дәрігер. Басқа ұл-қыздарым өздері қалаған мамандықтарын бітіріп, түрлі салада жұмыс істеп жүр.

– Әңгімеңізге рахмет. 


Сұхбаттасқан Пернебай САПАР,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз