«Бір өзі – бір академия»
Көрнекті қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, ҚҰҒА-ның құрметті академигі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің және Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбектің есімі берісі елімізге, арысы бүкіл түркі әлемі зиялыларына жақсы таныс. Оның қаламынан туған зерттеу еңбектері, әдеби сындары мен монографиялары, көркем туындылары оқырманын бей-жай қалдырған емес. Құлбек Ергөбектің алпысқа жуық кітабы жарық көрді. Оның қазақ әдебиеті ғана емес, түркі әдебиеті мен мәдениеті саласындағы да ізденісі мен білімдарлығына, еңбекқорлығына сүйсінген Башқұртстанның халық ақыны Гүлфия Юнусова: «Құлбек досымыздың бір өзі – бір академия!» деп бағалаған болатын. Республика күні мерекесі қарсаңында Мемлекеттік сыйлықты иеленген сыншы-ғалыммен оқырмандарымызды кеңірек таныстырғанды жөн көрдік.
– Құрметті Құлеке, ең алдымен, еліміздің ең басты марапаты – Мемлекеттік сыйлыққа ие болуыңызбен құттықтаймын. Бұл сыйлық сіздің «Адамның бір қызығы бала деген...» атты кітабыңызға беріліп отыр. Шығармашылық адамы үшін туған жер, өскен өлке, балалық шақтың маңызы мен рөлі қандай? Бала кезіңіз туралы не айтасыз?
– Қазіргі таңдағы озық ойлы тарихшы-археолог, профессор Мұхтар Қожаның анықтауына қарағанда орта ғасырларда Отырар қаласына қарасты отыз үш қала өмір сүрген екен. Небір қанқұйлы соғыста қираған, күйреген қалалар бүгінде әрқайсысы бір-бір құланды төбе. Отырарға қараған 33 көне құланды шаһардың бірі – Көксарай. Көксарай Алтын Орданың бір астана қаласы секілді. Көксарайда 1952 жылы 26 желтоқсан күні өмірге келіппін. Көксарай ол кезде Сайрам ауданының мал шаруашылығы жайылымы. Шопан отбасында дүниеге келдім. Есігіміздің босағасынан Қызыл Ту кеткен емес. Әкей дүниеден қайтқанша. Бала кезімізде Көксарай құландысының қыш-құмыралары сынығымен ойнайтынымыз еміс-еміс есімде. Жалғызілікті шопан үйінде ойынға уақыт та бола бермейді. Ойынның жанын шығаратын менен үш жас үлкен ағам – Берсінбек. Қазақтың үлкен фотоөнер шебері, бірнеше фотокөрмеге қатысып, жүлде алған, «Көзмерген» атанған ағай 65 жасында қайтыс болып кетті. Соңыма ерген інімнің есімі – Сайрамбек. Көксарайда Сайрам ауданының малын бағып отырғанда дүниеге келген. Одан кейінгі інім Сапарбек Балтакөлде туған. Ол ковид деген пәлекеттен 63 жасында қайтты.
Алты жасымда әкей қайтыс болды. Соғысқа қатысқан, жеті жерінен жараланған мүгедек жан. Өзі құмай тазы ұстаған, құс жүгірткен, бәйге атын баптаған саятшы, атсейіс кісі еді, марқұм. Атам Ергөбек үйші – ұста кісі болыпты. Түркістан уалаятында Ергөбекте үй болса, басқа кісіге бұрылмас екен... Ергөбектің тұңғышы – Түкібай. Қаратаудың күнгейі мен теріскейінде Түкібайға жететін ақын болмаған. Оның жалғыз ұлы Әмірбек. Әмірбектен тараған ақын, жазушы, журналист бірсыпыра. Басы Көпен Әмірбек. Менің әкем Сәрсен Ергөбектің екінші баласы. Ол да ақын болған. Бірақ, «бәрің бірдей тойшы болманы» ұстанып, негізінен мал баққан озат шопан...
Әкей қайтқанша, бала басымызбен қойторының шылбырын ердің басына бір орап алып, екінші ұшын тартып, атқа өрмелеп мініп, мал қайырысуға жарағаным есімде. Айдалада жатып қалатын қозының енесін тауып алып, телу, жаю, анамызға жыңғыл шауып беру, құм арасындағы ойпаңнан қақтың суын әкелісу кішкентайымыздан араласқан ісіміз. Сұмдық мал танығыш едім. Жасымдағы мал танығыштығым кейін әдебиетті танығыштыққа ұласты-ау...
Әкей қайтыс болған соң жесір әйел, жетім баланың күні қайбір оңсын?! Онжылдықты Отырар, Түркістан, Арыс қаласында, ауылда, совхозда алты рет мектеп ауыстырып оқып, әрең-әрең аяқтаған баламын. Мектептің ауыса беруі баланың білім алуына, бірыңғай тәрбие көруіне көп зиянын тигізеді. Бірінші сыныпта үш ай, екінші сыныпта үш ай ғана оқыдым... Бір елді мекеннен екінші елді мекенге көшіп жөнелеміз. Бірде ілгері, бірде кейін болды үлгерімім. Соған қарамастан әдебиет пәнін өте жақсы көрдім...
Анам Бибайша 13 жасынан намаз оқыған, діндар әулеттің қызы. Бізді небір қиындықтан алып шығып, бүгінгі күнімізге жеткізген сол аяулы анамыз. Анамыз біз үшін Алматыда бес жыл тұрды. Менің қолымда. Сәбит Мұқановтың жары Мәриям анамызбен, бес жыл бірге оқыған курстас досым Жанғара Дәдебаевтың анасымен абысын-ажын болып тұрды. Мәриям апаймен бірге Әбділдә Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Мұхамеджан Қаратаевтың соғым басын ашып, бата берген сәттері бар... 90 жастан асып, қайтыс болған анама көңіл айтып Астанадан Мемлекеттік хатшы Оралбай аға Әбдікәрімовтің арнайы бата оқып келген кісілігі қара басым қара жерге жеткенше ұмытылмас сірә! Анам жайында «Жарық дүниенің бар жан байлығын бір бойына жинаған...» деген хикаят жаздым.
...Балдай тәтті балалық бола қойған жоқ менде. Мұңдылау балалық шақ. Мұңды да болса есіме алсам, бүлкілдеп көзіме жас келеді. Мемуар жазсам ба деген ойым бар. Балалық шақтың қызығын да, шыжығын да сонда айтармын, әңгімелермін, жазармын... Бір сөзбен түйіп айтсам, тарихи жерде туғандықтан зердемнің тарихи сипатта қалыптасуы заңдылық сияқты.
...Иә, биылғы Мемлекеттік сыйлық «Адамның бір қызығы бала деген...» атты қазақ балалар әдебиетінің жетістік-кемшілігін саралайтын сын кітабыма берілді. Жалпы, балалар әдебиеті – қиын әдебиет. Әлемдік қаламгерлер де, әлемдік балалар әдебиеті өкілдері де, сыншылар қауымы да мойындайтын бір шындық бар. Балаларға шығарма жарату, балалар жазушысы болып қалыптасу қиынның қиыны. Дұрысы «Балалар әдебиеті қаламгері болып қалыптаспайды. Балалар жазушысы болып туады» (В.Г.Белинский). Баланың жан-дүниесіне ене алмаған жазушы қайдан балалар жазушысы болып қалып-тас-с-ы-н?! Жазушыны былай қойып, әрбір ата-ана да баласының жан-дүниесін жете білмейді. Бүгінде ата-ананың өз баласының жанына үңілуге, тілі шыққанымен сырласып, сөйлесуге мұршасы жоқ. Бұл өзі адамзат баласы қоғамының қасіреті. ХІХ ғасырда ата мен баланың ойы, жан-дүниесі үйлесе бермейтіні байқалды. Орыс қоғамы бойындағы осы үйлесімсіздік И.С.Тургеневті «Әке мен бала» романын жазуға жетеледі. Көрдіңіз бе, бала әлемінде мәселе көп. Сол мәселеге зейін қойып, бала жанына жіті үңіліп шығарма жазу қайдан оңай болсын?! Әлем балалар әдебиетінің бір бұтағы – қазақ балалар әдебиетіне де осы қиындық тән. Осы қиындықты игеріп, балалар жазушысы кәсібін меңгеріп, балалар жазушысы болып қалыптасады. Біреу ілгері, біреу кейін... Балалар әдебиеті осылай қалыптасады. Ыбырай Алтынсарин, Өтебай Тұрманжан-ұлы, Бердібек Соқпақбаев, Жақан Смақов, Мұзафар Әлімбайұлы, Әнуарбек Дүйсенбиев, Бекен Ыбырайым, Сәбит Дүйсенбиев... Бұлар – балалар әдебиетінен бағы жанған жазушылар.
Балаларға көркем шығарма жазу қиын екен. Балаларға арналған шығармалардың ақ-қарасын танып, талдап, «жіліктеп беретін» сыншы еңбегі – екі есе қиын жұмыс. Балалар әдебиеті аталатын қиын кәсіпті менің мойныма артқан Әнуарбек Дүйсенбиев. 1970 жылы ҚазМУ-ға оқуға орналасуыма көмек еткен ақын мені біртіндеп қазақ балалар әдебиеті сынына баулыды. Балалар ақын-жазушыларымен таныстырды. Өзінің достары. Бердібек Соқпақбаев менің КСРО Жазушылар одағына мүшелікке өтуіме кепілдеме жазып берді. Әрі Жазушылар одағы Балалар әдебиеті кеңесінің жұмысына тартты. Жазушылар одағында «Әдеби жыл қорытындысы» аталатын жақсы дәстүрлі жиын бар. Жылма-жыл өтеді. Сол жиында қазақ балалар әдебиеті жайында оның жылдық табысын талдап қаншама баяндама жасадым. Балалар әдебиеті кеңесінің кезекті басшысы Мұзафар Әлімбайұлы өзінің орнына «Детская литература» журналы редколлегиясына мүшелікке мені ұсынды. Сөйтіп, С.П.Алексеев басшылық жасайтын «Детская литература» журналы аясында С.В.Михалков, Ю.Н.Кушак, В.Суслов, В.И.Аурило (Литва), Ш.Бейшенәлиев (Қырғызстан), Каюм Таныгуркулов (Түркіменстан), Р.Фархади (Өзбекстан) секілді түрлі елдің балалар жазушысы, сыншы, әдебиетшілерімен сыйлас, сырлас жүргенім бар. Олармен сырлас болу, сыйлас жүру өсіреді, балалар әдебиетіне бабыңды келтіріп «жаратады» ғой. Биылғы Мемлекеттік сыйлық алған «Адамның бір қызығы бала деген...» балалар әдебиеті жайында бірнеше кітап, сандаған мақалалар жазып жүріп, «жараған» кезімде туған әдеби сын еңбегім. Еңбегім еленгені үшін қуаныштымын, әрине. Балалар әдебиеті сыншысы болып қалыптасқаным үшін тамаша балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев әруағына ризашылық айтамын.
– Өмір жолыңыздың басты белестерінде ерекше құрмет тұтқан, ұстаз санаған тәлімгер кісілер есіңізде қандай қасиеттерімен қалды?
– ҚазМУ-дің филология факультетінде оқыдым. Мұғалімдеріміз шетінен шынайы ұстаз, шын ғұламалар еді. Б.Кенжебайұлы, Т.Нұртазин, М.Ғабдуллин, М.Қаратаев,
Ы.Маманов, К.Аханов, З.Қабдолов, Р. Нұрғалиев, А.Қыраубаева... Университетте сабақ оқытып, тәлімін қосып берген осы ұстаз-ғалымдарды ерекше атағым келеді.
Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Бейсембай Кенжебайұлы есімін ерекше құрметпен толқып еске аламын. Бірінші курста студенттердің ғылыми қоғамында сөйлеген сөзіме қарап, кафедраға шақырып сөйлесті, үйіне ертіп әкетіп, Меңжамал анамыздың сорпа-суанын қатар отырып қымсына ішкенімді қайтерсің. Ұлттық кітапханаға ертіп апарып, «Сирек қолжазба, кітаптар қорының» меңгерушісі Сәуле Мұсатайқызымен таныстырып, жабық қорларға салғанын қалай ұмытайын?!
Бейсекеңнен қамқорлық көрген бір мен болмаспын. Үшінші курста оқып жүрген кезімізде Москвадан Алтын Орда ескерткіштерінің зерттеушісі Әмір Нәжіпті, «Құдатғу білікті» зерттеген, түрік тілдері теоретигі Кононовты, Түріктану тілдік тарихын зерттеуші Тэнишевті университетке шақырып, дәріс оқытты. Күндіз дәрісін тыңдаймыз. Кешке үйіне қонаққа шақырғанда мені «қонақ күтуге» бірге қосады. Мәселе қонақ күтуде емес еді. Мәселе әңгіменің ішінде болып, алып түркологтардың әңгімесін тыңдасын деген ойда еді.
Бірінші курсты бітірген жазда мені ауылға жібермей, қасында ұстады. Үйінде жүріп, Ұлттық кітапханада (сирек қорда) сақталатын «Ай, қап!» журналы, «Ауыл» газеті» тігіндісін ақтардым. Екінші курста сол жаз тырбаңдап жазған мақаламды жариялатты. Бұл дегенің бақыт қой. Ғылымға солай Бейсембай Кенжебайұлы арқалап әкелді мені.
Асылы, мен ұстазға жарыған кісімін. Ұлы ұстазым Бейсекең. Бейсекеңді құрметтейтін оның ізгі ойлы айналасы түгел маған ықыласты. Шәкірттері Т.Кәкішұлы, З.Қабдол, Р.Бердібай, Х.Сүйіншәлиев, Р.Нұрғалиұлы, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, А.Қыраубаевадан көрмеген жақсылығым жоқ. Ұлы ұстазым Бейсекең менің ғылымыма ғана ықпал жасап қойған жоқ, өміріме де әкемдей ерекше қамқорлық жасап кетті.
Бейсекең бірсыпыра жыл Мәскеуде М.И.Калининмен қызметтес болып, Алматыға 1941 жылы қайыра келді. Димаш ағаны (Қонаев) Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұртас Оңдасыновқа айтып, досына орынбасар еткен кісі. Нұрекеңмен Ташкентте №14 жетім балалар үйінде бірге тәрбиеленген.
1961 жылы Үкімет мүшелеріне салынған 9 пәтерлік үйдің өзіне арналған №1 пәтерін Димекең Бейсекең ағасына берген. 1980 жылы жазда Меңжамал анамыз дүние салды. Меңжамал анамыздың сүйегі осы пәтерден шықты. Сол жылы бізді әкедей әзіз Бейсекең қолына алды. Біріміз баласы, біріміз келіні болып, 1987 жылы 18 шілде күні қайтқанға дейін қолында тұрдық. Ақырында, Димекеңе хат жазып, өзі сыйлаған пәтерді бізге беріп кетті... Әкем жасамаған жақсылық!
– Сіз кезінде талай беделді басылымдарда журналист болып істедіңіз. Мемлекеттік қызмет те атқардыңыз. Ғылыми жұмыстармен айналысып, биік белеске көтерілдіңіз, талай талантты шәкірт тәрбиеледіңіз. Өмірден не түйдіңіз?
– Мен журналистикаға көп жылымды арнаған адамнан емеспін. «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде бас-аяғы екі-үш жылдан ғана істедім. Онда да әдебиет және өнер бөлімінде. Газетші-журналист ретінде мен жастар газетінде ақын Аян Нысаналиннің, партия басылымында жазушы-тарихшы Қойшығара Салғариннің шәкіртімін. Екі азаматқа да ризашылығым зор. Туған ағамдай көремін. Мені әдеби сынға студент партасынан баулыған Сағат Әшімбаев. Газет – сын көрігі! Газетте мен сыншы болып қалыптастым. Ол үшін Сағат ағамның рухына тағзым! Екеуміз екі жесір әйелдің баласы екенбіз. Сол жақындастырды ма, әлде сұлулыққа құштарлық, көркемдікке деген талғам табыстырды ма, әйтеуір қашан көзі жұмылғанша туған ағамдай тәрбиелеумен болды.
Мен қай газетке барсам да өзімнің тақырыбыммен бардым. Тақырыбымды редакция қабырғасында жаздым. Сол газетке жариялап отырдым. Бұл мені танытты. Газетке қызметке келетін қазақ журналистерінің өзінің бәсіре тақырыбы бола бермейді. Содан да олар әр тақырыптың басын бір шалып, ақырында құранды кітаптар шығаратын шалағайлар болып шыға келеді. Шалағай болуға тақырыптың бірегейлігінің жоқтығы себеп.
Әрине, газетке қызметке барған адам «менің тақырыбым мынадай, мен басқа тақырыпты жазбаймын» деп қол қусырып отыра алмайды. Алдымен газет тапсырмасын орындайсың. Әйтпесе, қызметтен кетесің. Менің бір бақытым газет тапсырмасын өз тақырыбыма орайластыра шешіп отырғаным. Кейін бір тақырыпта (бір жанр жайлы) тұтас-тұтас кітап жазатын сыншы болып қалыптасуым міне, осыдан.
Газет тапсырмасын да оңтайлы пайдаланыппын шығармашылығыма. Айталық, Үлкен театр (ГАБТ) Алматыға келгенде ғажайып би падишасы Г.С.Улановамен әңгімелестім. «Бақсы» атанған шешен бишісі Махмуд Есембаев, 1928 жылы С.Мұқановқа «Қызыл профессура» университетінде сабақ берген В.Я.Кирпотин, соғыс жылдарында Алматыда тұрған В.Шкловский, әкесі Төреқұл Б.Кенжебайұлымен Мәскеуде бірге оқыған, керемет дос болған (құда болған) Шыңғыс Айтматовпен редакция тапсырмасы арқылы барып танысып, әңгімелесіп жүрген жоқпын ба?! Кейін осы журналистік тапсырманы өзіме өзім беретін болдым. Әдебиет пен өнердің ірі өкілдерін, ұлы тұлғаларын өзім шығармашылық аңсармен іздеп барып, әңгімелесіп қайтатын әдет таптым. Демек, сұхбаттасу менің шығармашылық тәсіліме айналып кетті. Айтылғаны бар, айтылмағаны қанша, әдебиет пен өнердің ұлы дарындары өзара сенісіп әңгімелескенде көп мәлімет береді, ой салады, жаныңды байытады.
– Адам бойындағы сіз ерекше бағалайтын қасиет қандай? Ең жек көретін мінезіңіз?
– Анам діндар кісі еді. Біреуден көңілі қалып, налыса «ой, тұқымың жайылғыр» деп «қарғайтын». Анам Бибайша кішкентайымыздан «кісінің ала жібін аттамаңдар» деп құлағымызға құйды. Обал болады деп кісіге қиянат жасатпады. Сауап болады деп кісіге жәрдемге қосумен болды. Біз буынымыз қатпай жатып еңбекпен тәрбиелендік. Балауса кезімнен мені Бейсекең «өтіріктің балын ішпе, қаншама тәтті болса да, шындықтың уын іш, қаншама ащы болса да» деп шындыққа баптады. Шындықты, тек шындықты жақсы көремін. Өзімді шындыққа суарылып өскен адаммын деп ойлаймын. Өтірік, өсекті, жалғандық, желбуаздықты жек көремін. Өзімді аса дарынды адамның қатарына қоспаймын. Бірақ, сұмдық еңбекқормын! Еңбегім – жүйелі жұмыс. Бейсекең үйреткен жүйелі жұмыстың жемісімін.
– Түркі халықтары алыптарымен ағалы-інідей сыйластығыңыз туралы не айтасыз? Сондай-ақ, сіздің өзбек жазушысы Насыр Фазыловтың отбасына Ташкенттің ортасынан екі бөлмелі пәтер әперуге себепші болғаныңыз рас па?
– Шыңғыс Айтматовтың атасы Айтматтың диірменін тауып, әпкелері Қарақыз, «Ерте қайтқан тырналар» повесінің кейіпкері (кейіпкер түп-тұлғалары) Минкамал, Сұлтамұраттармен жата-жастана әңгімелесуім, келістіріп жазуым бүгінгі қырғыз әдебиетшілерін қайран қалдырды. Айтматтың диірмен тасы да, менің жазбаларым да бүгінде Шыңғыс ағаның Шекердегі музейінде қымбат экспозиция болып тұр. Қырғыз әдебиетші, жазушыларының біреуінің де есіне келмеген жәйт. Бұл жерде менің Мәскеуде музей оқуын оқығаным ұтымды роль атқарып кетсе керек.
Өзбек классигі, жалпы түрік мақтанышы Адыл Яқубовқа Қарнақта әдеби музей соқтырмақ ойдамын. Әкемдей әзіз Бейсекеме арнап, Түркістан шаһарында өз қаражатыма бұдан 20 жылдай бұрын жасақтап, қолымдағы мемориалдық бұйымтайыммен экспозициялап «Б.Кенжебайұлының түріктану музейін» ашқанмын. Дүние ғаламдағы тұңғыш түріктану музейі. ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекованың сол музейімді жауып тастаған білімсіздігі жаныма қатты батады.
Насыр ағайдың жайына келсек, ол былай: Ол біздің жүйнектік. Екі мәрте Өзбекстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ана жылы жалғыз баласын үйлендірген. Шашу алып, тойына барғанбыз. Бұған дейін үш немересін көріп, дүниеден қайтты. Әкесі қайтқан соң, жалғыз ұл үйін тігіп, банктен ақша алады. Бизнес жасамақ. Бизнесі жүре қоймайды. Қаржы түгесіледі. Үйді банк тартып алады. Ұлы жазушының үйі ғой, айналайын-ау. Күйікке берілген бала асылып өледі. Анасы Мүбәрак ханым сіңлісінің үйіне ығысады. Келін үш баласымен төркініне кетеді. Бұл жаман жайды естіген соң менен маза қашты. Кәдімгідей қиналдым. Өзбекстан Республикасының президенті Ш.М.Мирзиеев атына хат жаздым. Хатымда мән-жайды айта келіп, өзбек әдебиетінің классигіне пәтер беруін сұрадым. Пәтер бере алмаған жағдайда қазақстандық жерлестеріне (өзбек, қазақ) жол беруін өтініш еттім. «Егер Өзбекстанның шамасы келмесе, біз түркістандық жерлестері, елдестері ортадан қаражат жиып, жазушы жесірі мен келін, немерелеріне Ташкенттен пәтер алып берейік» деймін ғой баяғы. Жазушылар одағының төрағасы Сражадин Сайдов хатымды оқып шығып, төбе шашы тік тұрды. Ізгілікпен тағзым етті. Депутат ретінде осы мәселені шешуді өзіне сеніп тапсыруымды өтінді. Мен нық сеніммен қайттым Қазақстанға.
– Содан?
– Содан бір ай, ай жарым өтті ме, Мүбәрак ханум жылап телефондап тұр.
– Үй бергені ме?
– Жазушылар одағының басшысы Өзбекстан президентіне мән-жайды айтып, жеткізіпті. Халықтық бейілдегі президент «Ұят болған екен. Біздің президент болып жүргеніміз өзбек жазушылары шығармаларын жасымыздан оқып өскенімізден емес пе?! Рухани игілік орнын материалдық игілік толтыра алар ма, сірә?! Үй берілсін!» дейді. Содан тиісті орындар Ташкенттің сыртына таман үш бөлмелі, дәл ортасынан екі бөлмелі кірпіштен салынған пәтер ұсынады. «Қайсысын аласыз?» Мүбәрак жеңгеміз: «Үш бөлменің коммуналдық төлемін төлей алмаспын. Екі бөлмелі болады» деп қанағат танытыпты. Сөйтіпті де, төркінінің босағасында жүрген келіні мен немерелерін жинап алып, Ташкенттің ортасынан берілген екі бөлмелі кірпіштен салынған пәтерге кіріп алыпты. Демек, тамаша өзбек балалар жазушысы отбасына үй беріп, қамқорлық жасаған мен емес, жазушылар шығармасын оқыған, руханият мәселесіне жетік Өзбекстан Республикасы президенті Ш.М.Мирзиеев! Тағы бір жайды айту парыз: түркістандық кәсіпкер Баһадыр президент пәрменімен берілген екі бөлмелі пәтерінің ішін арнайы барып, жиҺазға толтырып қайтты...
– Ғажап іс болған екен, Құлеке! Мүбәрак жеңгей сізге риза шығар?
– Дұғасынан тастамай айтып, тілеуімді тілеп отырады-ау, шамасы. Бәлкім, менің биылғы Мемлекеттік сыйлыққа «сен тұр, мен атайын» дегендей, сайдың тасындай ірі-ірі қаламгерлермен бірге түсіп, мәреге жойқын ақын Светқали екеуміздің жетуімізде сол Мүбәрак жеңгемнің ризашылық дұғасының себі болуы мүмкін...
– Ол да бар шығар-ау, одан басқа қазақ әдебиетінің тарихын 15 ғасырға – Түрік қағанаты дәуіріне дейін тереңдеткен ұлы ғалым Бейсембай Кенжебаевқа бала болған, төсек тартып жатып қалғанда мәпелеп күткен рахым, иманыңыз да бар емес пе?! Бәрінің шапағаты тиген шығар. Басқадай не туралы әңгімелегіңіз келеді?
– Ә, айтқандай, өзбек балалар әдебиетінің шебері Насыр аға менің «Жазушы шеберханасы» аталатын кітабымның ертеде өзбек тіліне аударылуына себепкер болғаны бар. Мехманқұл Исламқұловқа аудартып, өзі үстінен қарады. Кітаптың алғысөзін жазды... Оны қалай ұмытармын?! Екеуміздің әңгімеміз биылғы Мемлекеттік сыйлық алған «Адамның бір қызығы бала деген...» сын кітабынан сабақталып еді-ау. Балалар – қоғамның ең таза буыны. Бала қатыгез қалпында тумайды ғой. Балалар әдебиеті балалар жанын ізгілендіру үшін жазылады. Қайырым, мейірім ғана қоғам қатыгездігін жібітіп, ізгілік ауылына бұра алады. Осы сын кітабы «БАЛАСУЗ» деген атпен жақында Өзбекстан нәшриятынан екінші мәрте үлкен көлемде (30 баспа табақ) өзбек тілінде кітап болып басылып шықты. Татар, башқұрт тілдеріне аударылу үстінде.
– Құттықтаймын, Құлеке! Қазір қандай еңбек үстіндесіз?
– Жақында ғана «Адамның бар қызығы бала деген...» деген атпен әңгімеге тамызық болып отырған сыйлы еңбектің екінші кітабын аяқтадым.
– Әңгімеңізге рахмет, шығармашылық шабытыңыз шалқи берсін!
Сұхбаттасқан
Суханберді ОРАЗалЫҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.