«Ясауи бейнесін сомдауға жарты жыл дайындалдым»

Театр өнері – шынайы эмоциялар мен терең ойларға толы ерекше әлем. Мұнда адамның жан дүниесі, қоғамдық мәселелер, махаббат пен әділеттілік секілді мәңгілік тақырыптар өнер тілімен бейнеленеді. Театр – тек өнер түрі ғана емес, ол адамның рухани әлемін байытып, жаңа көзқарастар қалыптастыратын мәдени кеңістік. Дәл сол мәдени кеңестікке сапарын бастаған Нұрғани Шеңгелбаев Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде  «Актерлік өнер» мамандығы бойынша оқиды. 
Таяуда студенттік театр сахнасында шеберлігімен көзге түсіп үлгерген Нұрғани Шеңгелбаевпен 
сұхбаттасқан едік. 

– Нұрғани, көптеген ата-аналар балаларының өнер жолын таңдауына қарсылық білдіреді. Сіздің өміріңізде мұндай жағдай болды ма? Әңгімемізді өнер саласына қалай келгендігіңізден бастайықшы. 
– Иә, менің де өнер жолын таңдауыма ата-анам қарсы болды. Тіпті бар ғой, олар мені Қызылорда қаласындағы «Ұлағат Қызылорда» деп аталатын көпсалалы колледжге оқуға түсірді. «Есеп және аудит» мамандығын тәмамдағанмын. Осы оқуымды аяқтағаннан кейін ол кісілерге театр актері болғым келетінін ашып айттым. Сөйтіп, Қызылорда жастар театрының актерлік құрамына қосылып, алғашқы рөлдерімді сомдай бастадым. Өзім ойнаған қойылымдардың бәріне үйдегілерді шақыратын болдым. Сондағы ойым олар бойымдағы өнердің ұшқынын көрсе деймін ғой. Уақыт өте келе отбасымда мені қолдайтындар пайда бола бастады. 
Мамандық таңдарда ата-ананың балаға қолдау білдіруі аса қажет дүние екенін шын сезінген жандардың бірі мен болдым. Ата-анам  қолымнан жетелеп, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне алып келгенде төбем көкке бір елі жетпей қалғандай болды. Аллаға шүкір, қазір өзімнің жүрек қалауыммен түскен сүйікті мамандығым бойынша білім алудамын. 
– Өзіңіздің актерлік шеберлігіңізді шыңдай түскен рөліңіз жайлы айтыңызшы... 
– Менің актерлік шеберлігімді шыңдай түскен спектакль – «Ясауи жолы». Әдетте режиссерлер діни тақырыптарға терең бойлай бермейді. Ал, Мақсат Айтжанов (біз оны «өнердегі әкеміз» деп атаймыз)  осындай ауыр тақырыптарға бара алатын, күш-жігері мықты маман. 
Ұстазым мені Ахмет Ясауи рөліне бекітті. Осы сәттен бастап Ясауи жайлы көптеген кітаптарды оқыдым. Әулиелердің сұлтаны болған тұлғаның келбетін, болмыс-бітімін өз бетімше зерттеуге кірістім. Мақсат ағай сенім артып отырғаннан кейін өзіме артылған жауапкершілікті терең сезінгендей болдым. Былай қарағанда, бұл қойылым менің өнерімді шыңдай түсті. Нәтижесінде Ахмет Ясауи рөлін ойдағыдай алып шықтым деп ойлаймын.            
Ең бастысы, дәл осы спектакль арқылы өнер айдынына жол бастаған бір топ жастар қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, көзайымына айналды. 
– Спектакльді шығару барысында қандай да бір қиындықтар кездесті ме?
– Спектакльді қоюға 7 ай уақытымыз кетті. Сол 7 айдың ішінде көп іздендім дедім ғой. Әлі де ізденіп келемін. Ясауи бабамыз әулиелердің сұлтаны. Ондай тұлғалардың образын сомдау адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Дәл сол нәрсе менің бағыма бұйырған екен. Әрине, қойылымды сахнаға дайындап жатқан кезде біраз қиындықтар болды. Тіпті «бұл қойылымды қоямыз ба, жоқ па?» деген мәселелер де алдымыздан шықты. 
Спектакльді әуелі өзіміздің кафедрадағы ұстаздардың, кейіннен факультет оқытушыларының назарына ұсындық. Біз оны осылай әбден сұрыптаудан өткізіп барып, сахнаға шығардық. Оқу орнының Мәдениет сарайында қойылған қойылымға көрермен оң бағасын берді. Бұл менің өмірімдегі ең басты әрі ең ауқымды жұмыс еді.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз... 
– Алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлеріндегі театрларға барып, ондағы актерлермен тәжірибе алмасып қайтқым келеді. Жалпы адам бір жерде тұрып қалса, онда даму болмайды. Сондықтан басқа да қалалардағы театрларды көрсем деймін. Жалпы театр саласында жүрген достарым, бауырларым, қарындас-әпкелерім өте көп. Сол кісілерден білмегендерімді үйренудемін. Өзімді театрмен қатар кинода да бағымды сынап көрсем бе деген де жоспарым бар.  
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет! Өзіңізге шығармашылық табыс тілеймін. 

Сұхбаттасқан 
Бекболат ТІЛЕУБЕРГЕН. 
Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 4-курс студенті.

1 пікір

  • Ахметова Айжан
    Ахметова Айжан

    Молодец Нургани, Аллам армандарыңды орындасын. Біз сені үнемі қолдаймыз.????????????

Пікір қалдырыңыз