Бар жақсылық балаларға жасалады

Түркістанда 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні өте жоғары деңгейде аталып өтті. «Бақытты балалық шақ» мерекелік іс-шарасына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, балалармен бірге арнайы ұйымдастырылған көрме мен концерттік бағдарламаны тамашалады.
– Балаларға қамқорлық пен толыққанды тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі және басым бағыттарының бірі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында балаларға жағдай жасау, олардың сапалы білім алуына қолдау көрсету туралы үнемі айтып келеді. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Балаларға жағдай жасау үшін облыста денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым бағыттарында нақты шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы жұмыстар нәтижесінде биылғы оқу жылын облыс оқушылары үлкен жетістіктермен аяқтады. Халықаралық, республикалық, ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында дарынды балаларымыз 23 алтын, 17 күміс, 20 қола медальға қол жеткізді. Бұл – біздің өңірде талантты, білімді, жігерлі балалар өсіп келе жатқанының белгісі, – деген өңір басшысы халықаралық, республикалық байқаулардың, олимпиадалардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздарын марапаттады.
Еліміз бойынша жаңа мектептер ашу жөнінен де өңіріміз алдыңғы сапта. Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру аясында 2023-2025 жылдары біздің өңірде
63 мектеп салу жоспарланған. Биылғы жазғы демалысты тиімді өткізу мақсатында облыстық бюджеттен 2,6 млрд. теңге бөлінді. Жазғы сауықтыру лагерьлерінде 35 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен, сондай-ақ, 3421 оқушы «Қазақстан халқына» қоры есебінен тегін демалады.
Бұл маусымның тағы бір ерекшелігі, алғаш рет лагерьлерде шатырлы және этнолагерь ұйымдастырылады.
«Керуен сарай» туристік кешенінде өткен жиында тақырыптық көрме дайындалды, 500 оқушыдан тұратын домбырашылар оркестрі өнер көрсетті. Балалардың қолданбалы өнер бағытындағы шығармашылық жұмыстарының жәрмеңкесі өтті. «Шымкент-цирк» мекемесі мен қуыршақ театрының мерекелік қойылымы көрсетілді. Келушілер назарына «Кітаптар жазы» көрмесі және «Farab» кітапханасының балаларға арналған кітаптар көрмесі ұсынылды. «Drone challenge» және «Robo fest» көрмесі де мереке ажарын кіргізді.
Бұл күні сондай-ақ көпшілік назарына колледж студенттерінің өз қолдарынан жасалған ұлттық киім үлгілерінен үздік «Дефиле» топтамасы ұсынылды. Мектеп оқушылары арасында «Интеллектуалды ұлт» шахмат, дойбы ойындарынан көрсетілімдік сайыс өткізілді. Аудан, қалалардан келген үздік суретші балалар «Түркістан балалар көзімен» атты көркемсурет галереясын ұсынды. Мерекелік іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, облыс халқының 38%-ы балалар, олардың 155 мыңнан астамы балабақшада, 520 мыңы мектепте. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында тұрады. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Өңірде балалардың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасалуда. Балабақша, мектеп, «Оқушылар сарайы», түрлі өнер және спорт үйірмелері жұмыстарын бір сәт те тоқтатқан емес.