Кеудемді мақтаныш сезімі кернейді

«Елін сүйген жауынгер – ер болады».
Бауыржан Момышұлы.
Мен 2004-2007 жылдар аралығында республикалық әскери мектеп-интернатында оқып, Алматы қаласындағы Кеңес Одағының Маршалы И.С. Конев атындағы құрлық әскерлерінің әскери институтын тәмамдадым. Қазақстанның әр түкпірінде жүріп, ҚР Қарулы Күштерінің дамуы мен өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қостым. Қайда қызмет етсем де, қай жерде жүрсем де Отанымды мақтан тұтамын. Сондықтан, Отан қорғаушы офицерлерді дайындау жөнінде ұсыныс түскенде қуана келістім. ІІ рота командирі болып тағайындалғанда бұл қызметтің жауапкершілігі мен көтерер жүгі ауыр екенін түсіндім. Себебі, мектеп құрылғаннан бері Қазақстан Республикасы әскерінің ауыр жүгін көтеріп жүрген бақандай 6 генералдың осында тәрбиеленіп (оның 5-уі ІІ рота түлектері), түлеп ұшқаны маған ерекше жауапкершілік жүктеді. Балапандай болып келген балаларымызды қазақтың туын көтерер мықты жауынгер етіп тәрбиелеуге үлес қосатынымды ойлағанда кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. «Қазір біз осы қиын-қыстау жолдың басында тұрмыз. Алдымызда атқаратын жұмыс көп. Әрбір азамат елдің болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінуге тиіс. Мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты – білім беру ісінен бастап индустрияландыруға дейін қоғамның барлық саласын жаңғырту керек» деген болатын мемлекетіміздің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған Үндеуінде. Осы үндеуді оқи отырып, біз білім берушілер мен тәрбиешілердің жұмысының маңыздылығы мен жауапкершілігін жете түсінгендей болдық. Иә, мен И.В.Сталиннің өзі «Орта Азияның барысы» деп атаған Сабыр Рахымов атамыздың атындағы мектепте жұмыс істейтінімді әрқашан мақтан тұтамын.
Нұрдәулет НАРТАЕВ,
ІІ рота командирі, майор.