ЕРТЕ МЕ, КЕШ ПЕ, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚАЖЕТТІЛІГІН ҚОҒАМ СЕЗІНЕТІН БОЛАДЫ
Әрбір отбасы, әрбір шаңырақ ана тіліміз – қазақ тілін қадір тұтып, отбасында әрбір ата-ана оған өздері ынталы да ықыласты болуы қажет.
Шындап ойлансақ, мемлекеттік
тіл мәселесіне қоғам назарын аудартудың жолы көп. Біз, соның арасынан жол тауып,
мемлекеттік тілдің төңірегіндегі түйткілді проблемаларды орталық және
жергілікті биліктің орындарына ұсынып та жүрміз. Қазақ халқы «Ұлттың уызы –
тіл, ұйытқысы – отбасы» деп бекер айтпаған. Демек, әрбір отбасы, әрбір шаңырақ
ана тіліміз – қазақ тілін қадір тұтып, отбасында әрбір ата-ана оған өздері
ынталы да ықыласты болуы қажет. Осыған байланысты алдағы уақытта «Ана тілі және
отбасы» жобасын қолға алып, оны қоғамда кеңінен жүзеге асыру қажеттілігі
туындап отыр.
Тіл мамандары «Тіл дегеніміз не деген сұраққа, тіл – қарым-қатынас құралы және оның бес функциясы бар» дейді: 1-ші отбасы, ошақ қасы; 2-ші экономика; 3-ші саясат; 4-ші бизнес; 5-ші ғылым және технология. Осылардың ішінде қазақ тілі және басқа да тілдер үшін ең маңыздысы отбасы деп есептеймін. Өйткені, барлық ұлттың туған тілді үйренетін жері отбасы екендігі анық. Шынтуайтына келгенде, барлық мамандық иелері, бизнесмен мен ғалым да, экономист пен саясаткер де, тағы басқалар да алғашында тілді отбасында ата-анасынан үйренеді ғой. Балаға кішкентайынан тіл үйрететін де анасы. Қазақтардың «Ата тіл демей, ана тілі» дейтіні де осыған байланысты. Ал, қазақтар жұрт, мекен, тек, дәстүрге келгенде Атажұрт, Атамекен, Ататек, Атадәстүр дейді ғой.
Шындығында, балаға кішкентай кезінде тіл үйретуде және оны қазақ немесе
орыс балабақшасына немесе мектепке апаруды, яғни тілді таңдауда ананың рөлі
айрықша екендігін күнделікті өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әрине, әкенің рөлін де
жоққа шығаруға болмайды десек те, көп жағдайда ұл-қызды қазақ немесе орыс
балабақшасына беруді әкесі емес, анасының шешетіні анық нәрсе. Оның
себептерінің қатарында әкелердің үйден гөрі түзде көп болатындығы және
балаларымен көп сөйлесе бермейтіні сияқты түрлі жағдайлардың бар екендігі белгілі.
Дегенмен, кейбір отбасыларда тілді таңдау мәселесінде, анаға қарағанда әкенің
рөлі басымдау болып жатады. Қорыта айтқанда, балаға тіл үйретуде және
үйдегілермен өзара қай тілде қарым-қатынас жасау мәселесіне келгенде,
ата-ананың рөлі өте маңызды екендігі анық.
Жақында радиодан бір сұхбат тыңдадым. Тілші жас
жігіттің қалада өсіп, орыс мектебінде оқығанымен, қазақ тіліне жетік болуының
себебін сұрады. Сонда ол жігіт, қазақ тілін отбасында ата-анасынан үйренгенін
айтты. Одан әрі ол: «Мен мектепте орысша оқыдым,
бірақ отбасымызда ата-анаммен, аға-әпкелерім және іні-қарындастарыммен тек
қазақша сөйлесетінбіз. Анам ұлтжанды болғандықтан, бізге қазақ тілін
оқып-үйренуімізге күнделікті көңіл бөліп, бар күш-жігерін жұмсады. Менің
мамандығым экономист, оқуды бітірген соң мен бизнеспен айналыстым. Бұл екі сала
да орысшалау болғанымен, мен намысқа тырысып, бизнесімді қазақ тілінде
жүргізуге тырыстым. Өзім шығарған тауарларымды мемлекеттік тілде жарнамалаймын»
- деді. Осы сұхбаттан менің түйгенім, егер әрбір шаңырақ, әрбір отбасы қазақ
тілін қадір тұтып, үйдегі әрбір баланың ана тілінде оқып-үйренуіне және оны
күнделікті қолдануға ынталы әрі ықыласты болуы керек деген ойға келдім.
Осы орайда айтайын
дегенім, мен 1996 жылы Шымкент қалалық Тіл басқармасында істеп жүргенімде
бастама ретінде «Ана тілі және отбасы» жобасын әзірлеп, оны Оңтүстік Қазақстан
облыстық Тіл басқарамасымен бірлесе жүзеге асырып, бірқатар оңды істер атқарған
едік. Бұл жоба отбасында ана тілінде сөйлемейтін, орыс тіліне бейім, үйлерінде
ғана емес, балабақшада, оқу орнында, жұмыста, мекеме мен ұйымдарда ана тілін
қолданбайтын немесе шорқақ, шала сөйлейтін, сөйлегісі, үйренгісі келгенмен,
үйренудің жолын таппай жүрген қазақтар мен қазақ отбасыларына арналған болатын.
Жобаның мақсаты – қаламыздағы әрбір отбасын, қоғамның әрбір мүшесіне қазақ
тілінің мәртебесін паш ету, оқып-үйренуге және қолдануға, ұлттық тілімізді
рухани қуат, мемлекетіміздің келешегі ретінде бағалай білуге жұмылдыру болды.
Жоба аясында «Ана
тілі – арың бұл» деген тақырыппен телеарналар арқылы отбасына арналған
бейнероликтер топтамасын көпшілікке ұсынған едік. Кейін Тіл басқарамалары
таратылған соң жобаның жұмысы да тоқтап қалды. Болашақта осы бағыттағы жаңа
жобалар мен тың ұсыныстар жалғасын тауып, «Тіл туралы» заңда, мемлекеттік бағдарламада
көрсетілгендей, мемлекеттік тілге басымдық берілсе, құба-құп болар еді.
Ұл ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы:
«Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» - дей келіп,
«баланы ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең құл болмақшы» деп
ескерткен екен. Сондағы ұлша дегені, баланы өзінің ана тілімен оқытып, ұлттық
салт-дәстүрде тәрбиелеу, ал құлша дегені, өзге ұлттың тілімен оқытып, өзге
ұлттың психологиясымен, яғни құлдық психологиямен тәрбиелеу дегені болса керек.
Ахаң айтқандай, ұл-қыздарымыз еліміздің нағыз отаншыл, ұлтжанды патриоты болып
өсуі үшін отбасында немесе балабақша мен мектептерде алдымен ана тілінде
тәлім-тәрбие алуы қажет. Бұл көп елде сынақтан өткен, әбден дәлелденген ақиқат
нәрсе, яғни аксиома!
Соңғы уақытта әлеуметтік
желіде қазақ тілінің келешегіне қатысты мәселе жиі көтеріліп жүр. Айтылып,
жазылып қана қоймай, нақты іс-шараларды ұйымдастыруды қолға алғандар да бар.
Бұл қазақ тілі мәселесінің шегіне жете бастағанын көрсетсе керек. Қазір
мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілінің жағдайын айтып жылаудың,
зарлаудың қажеті жоқ. Бәрі де көз алдымызда өтіп жатыр. Тілге жанашыр азаматтар
осы мәселені шешудің жолдарын іздеуге кірісіп те кетті. Сіз бен біз болып,
түрлі кедергілерді жеңуде бірлесіп, түсіністікпен жұмыс істесек, жеңіске жетеріміз
анық. Сондықтан қазақ тілі – ұлттық құндылықтардың бірі деп, оны өзімізден және
өзгелерден талап ету арқылы өзіміздің ғана емес, болашақ ұрпағымыздың да құқын
қорғаймыз.
Академик Асқар Жұмаділдаев бір сұхбатында:
«Соңғы кезде қазақтың тілі дамып келе жатыр. Біздің министр қазақ балаларының
білімі төмен деп айтады. Бос сөз. Кешегі өткен ҰБТ-да ең жақсы нәтиже көрсеткен
қазақ мектебінің балалары. Құдай біледі, «Болашақпен» шетелге оқуға
кеткендердің 80 пайызы қазақ мектебін бітірген балалар. Қазақша мектепте оқу
методикасы қалыптасты. Қазақ тілінде бастауышқа, орта мектепке лайық жеткілікті
тіл бар. Біз қазақтың тілі бай дейміз. Сол бай тіліміз орта мектепке білім
беруге жарамайтын болса, ол тілдің не керегі бар?! Министрліктің өкілдері
«қазақ тарихын қазақ тілінде оқытатын болдық» деп жетістік ретінде айтып
отыр. Бұл жетістік емес, күлкілі нәрсе.
Бүкіл ғылымның барлығы ана тілінде оқытылуы керек» деген болатын. Бұл тұрғыда өзінің
және ұрпағының келешегін Қазақстанмен байланыстырған әрбір қазақстандық оны
мемлекеттің құндылығы деп санап, қазақ тілін білуге күш салуы тиіс. Осы ретте айтпағым, үйдің төрт
қабырғасы, ошақтың төрт тағаны болатыны белгілі. Ендеше, мемлекеттің қазіргі үш
рәмізіне мемлекеттік тілді төртіншісі етіп қосып, рәмізді төртеу етсек,
төбедегі төртеу түгелденер еді! Осы арқылы қазақ тілінің мәртебесін төрге оздырар
едік?!
Бұған қоса, біз
халыққа ұлттың рухани бастауы тілде екендігін, «Қазақстанның болашағы – қазақ
тілінде» екендігін насихаттап, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруымыз
қажет. Әйтеуір, ерте ме, кеш пе мемлекеттік тілдің қажеттілігін қоғам сезінетін
болады. Осыны мемлекеттік тілді білмейтіндер терең түйсініп, содан кейін
барлығы да қазақ тілін оқып-үйрену арқылы еліміздегі қазақ тілінің қолданыс
аясын кеңейтсе, тіліміздің мәртебесі де жоғарылайтыны сөзсіз.
Х.Есімжанов осыдан 50 жылдай бұрын, «қорықсаң
да орыстанған қазақтан қорық» деп тура айтқан екен. Сондықтан балаларымызды осы
бастан ана тілінде оқытуымыз қажет. Ал, қазақша оқыту үшін қазақ тіліне заңды
түрде қажеттілік туғызуымыз керек. Ол үшін «Тіл туралы» заңының 23-бабында
көрсетілген: «мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына
сай білуді қажет ететін кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесін
белгілеу туралы» заң жобасын әзірлеп, оны ертерек қабылдауымыз қажет. Жалпы, тізбенің
жобасы ертеректе жасалып, тиісті министрліктермен және облыстық әкімдіктермен
келісілген болатын. Ендеше, тізбені бұдан әрі кешіктіре біреудің реті де, тіпті,
жөні де жоқ.
Қазір қоғамның ішкі-сыртқы татулығына және қоғамдық келісімді нығайтуға қатысты мәселелер ұдайы биліктің назарында жүреді. Осы ретте тіл бірлігі арқылы ел бірлігіне жетуге болатынын айтқым келеді. Ол үшін ұлттың келешегін сақтап, ұлттық сана қалыптастырудың маңызы ерекше. Оның алтын қазығы, салт-дәстүрімізді қалпына келтіріп, заман ыңайына қарай жетілдіруіміз қажет. Оның тірегі ұлттық тіл болуы шарт. Сондықтан ұлт тағдыры ұрпақ тәрбиесінде екендігін ескеріп, өркениетті елдерден үлгі алғанымыз жөн! Және Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқан: «Біз әуелі өз тілімізбен оқытып, содан соң басқаша оқытуға тиіспіз» деген өсиеті мен ақыл-кеңесін үнемі басшылыққа алуымыз қажет. Ана тіліміз бен балалардың болашағын ойласақ, бұған бәріміз атсалысқанымыз абзал.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,