Мақтааралда су үнемдеу технологияcын ендіру

Агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойған міндеттерді орындау – ағын суды тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Су тапшылығы бүкіл әлемді толғандыратын проблема. Жаһандық жылыну процесі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі, ысырапшылдық сияқты факторлардың белең алуы алдағы уақытта мәселені еселеп арттыруы мүмкін. Осы орайда ауыл шаруашылығында су үнемдеу әдістері мен технологияларына кешенді көшу шаралары қолға алынуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 млн. гектарға ендіру қарастырылған. Оның ішінде Түркістан облысының үлесі 16 % немесе 216,3 мың гектарды құрайтын болады. Қазіргі таңда өңірімізде ылғал үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға орналастырылған.
Су үнемдеу технологияларын ендіріп, өнімділікті арттыруға Мақтаарал ауданында «Хамро-Ата» шаруа қожалығы өз үлесін қосуда. Қожалық қытайлық «Peng Seng» компаниясының тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып, 310 гектар егістік алқапқа мақта дақылын егуде. Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Дархан Сатыбалды шаруалармен кездесіп, жауапты басшыларға жаңа технологиямен мақта егу алқаптарын көбейтуді міндеттеді. 
Абдужалил Боев басшылық жасайтын шаруа қожалығына тартылған жобаның жалпы инвестициялық құны 500 млн. теңгені құрайды. Жобаның ерекшелігі – дәстүрлі әдіспен салыстырғанда ағын су 50%-ға үнемделіп, өнімділік 60-70 центнерге артады.
Жалпы аудан бойынша ағымдағы жылы 2000 гектарға су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 500 гектар мақта, 346 гектар қырыққабат, 793 гектар бақша және жаңбырлатып суару технологиясымен 30 гектар жоңышқа егіледі. Бүгінгі таңға орындалғаны 1281 гектарды құрап отыр.
Қазақстандық мақта талшығы сапасының төмендігіне байланысты әлемдік нарықта сұраныс болмауда. Жоғарыда аталған технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Су үнемдеу технологияларының тиімділігі – өсімдіктерге қажетті суды тікелей беріп, суды, суда еритін тыңайтқыштарды айтарлықтай үнемдеуді қамтамасыз етеді, персоналдың жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті 2-3 есе арттырады.
Тамшылатып суару жүйесінің тағы бір артықшылығы – тегіс жерлер үшін де, биіктік айырымдары бар аумақтар үшін де жарамды, жерді тегістеу бойынша артық жұмыстарды атқарудың қажеті жоқ.
Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын шығаратын жергілікті кәсіпорындар ашылуда. «BNK Group LTD» ЖШС-нің 4,1 млрд. теңге құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды. 

Инвестиция тарту жұмыстары жанданады

Іссапар аясында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында облысты дамыту бағытындағы жұмыстар баяндалды. Өңір басшысы Мақтаарал ауданының әлеуетіне, осы аймақтың әлеуметтік- экономикалық дамуын жақсарту жолындағы жұмыстарға тоқталды.
– Сіздердің ой-пікірлеріңізді естіп, ауданды әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Мақтаарал ауданын дамыту мәселесі назарымыздан түскен емес. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Мақтаарал ауданында 2023 жылы 16 елді мекенде 2,4 млрд. теңгеге 23 жоба жүзеге асырылды, биыл 12 елді мекенде 2,3 млрд. теңгеге 16 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 825 млн. теңгеге 143 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 2023 жылы 365 маманға 126 млн. теңге көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы, 92 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 476 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді. Облыста АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде Мақтаарал ауданында 14 мектепте толық іске қосылды. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Оның бастысы – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану да күн тәртібінде тұр. Осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Ауданның әлеуеті өте жоғары, – деген Дархан Сатыбалды мақтааралдықтарды «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырды.
Мақтаарал ауданында 2023 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылға қарағанда 1,5 есеге өсіп, 139 млрд. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 22 пайызға өсіп, 
12 мыңнан асқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі ұлғайып, 10 млрд. теңгеден асып отыр. Алайда, негізгі капиталға инвестиция тарту, ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі, өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі бойынша биылға жоспарланған көрсеткіштер толық орындалмай отыр. Өңір басшысы аудан әкімі мен басқарма басшыларына осы бағытта жұмысты жандандыруды жүктеді. 
Кездесуде Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың өткен жылы атқарған жұмыстары және биылғы көрсеткіштер бойынша есебі тыңдалды. 
Мәселелер ашық айтылып, өткір сұрақтар қойылған кездесуде ауданның инфрақұрылымын жақсарту, газдандыру, дренаждық жүйелерді жетілдіру, шаруаларға субсидия беру және өзге де түйткілдер айтылды. Тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді. 
Кездесуден кейін Дархан Сатыбалды мақтааралдықтар үшін жеке қабылдау өткізді. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бақылауға алынды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз