Ұлтқа қызмет еткендер ұмытылмайды
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстанның халық әртісі, профессор Райымбек Сейтметов атындағы сахна залы ашылды. Сондай-ақ, Қазақстанның халық әртістері, оқу орнының профессорлары Қажыбек Бекбосынов пен Рахима Жұбатыроваға арналған аудиториялардың да ашылу салтанаты өтті.
Үш алыптың өнегелі өмір жолы мен өнерін студент жастарға насихаттап, рухтарына тағзым ету үшін еліміздің әр өңірінен ұстаздардың көзін көрген игі жақсылар мен отбасы мүшелері, шәкірттері мен әріптестері жиналды.
Жиынды университет ректоры Жанар Темірбекова ашып, жылдар бойы елеулі еңбек еткен біртуар тұлғалардың оқу ордасы үшін орындары бөлек екендігіне тоқталды. Мұнан кейін болашақ өнер жұлдыздарын тәрбиелеп, мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар жайлы баяндама тыңдалды.
Облыстық мәслихаттың депутаты Бекарыс Шойбеков, қалалық мәслихаттың төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев өз естеліктерімен бөлісті. Ұстаздар есімін ұлықтағаны үшін отбасы мүшелері іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Рухани кеш соңында «Актерлік өнер» мамандығының 4-курс студенттері Рахымжан Отарбаевтың «Айна ғұмыр» драмасын сахналап, жиналған қауымның қошеметіне бөленді.
Айта кетейік, Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов қазақ театр өнерінде өзіндік орны бар, саналы ғұмырын сахнамен астастырып жіберген біртуар тұлға. Кіндік қаны тамған жері киелі Түркістанда театр ашып, есімі қазақ өнері мен мәдениетінің тарихында мәңгіге қалды. Сонымен қатар, даңқты режиссер Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өнер факультетін ашу арқылы ұлт руханиятын жаңа бір белеске шығарды. Ал, Қажыбек Бекбосынов халық әндерін нәшіне келтіре орындау арқылы көптің жүрегінен орын алған. Өмірінің соңғы жылдарында шәкірт тәрбиелеп, еліміздің бірқатар оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарды. Ол дәстүрлі әншілер арасында өзінің бай репертуарымен ерекшеленетін.
Рахима Жұбатырова қазақ опера және балет театрының лирико-драмалық сопрано әншісі, атақты Нәдия Шәріпова, Ирина Архипова, Тамара Милашкина, Фуат Мансуров, Белла Руденкодай ұстаздардан тәлім алған, өнер жолында талмай еңбек етіп, көптеген шығармаларда басты партияларды, соның ішінде Татьяна, Амелия, Тоска, Сара, Дана, Қамар сұлудың бейнелерін сомдаған.
Иә, ұлт руханиятына адал қызмет атқарғандардың есімдері ешқашан ұмытылмақ емес.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.