Атама хат

Атқанда мамыр таңы арайланып,
Желбіретіп жер бетіне жалау тағып,
Жеңіс күнін жыл сайын қарсы аламыз,
Аруақтарға арналған алау жағып.

 И.Жәкиев.
 
– Ата! Сіз мен үшін жұрт мақтан еткен, есімі елмен бірге мәңгі жасасып келе жатқан өр тұлға батыр адамсыз!  
– Білесіз бе, жыл сайынғы тойланатын Ұлы Жеңіс мерекесінде жанарыма жас, тамағыма өксік тіреліп, кеудемде сары күздің жапырақтарындай сағыныш кітабының сарғайған парақтары ақтарылары сөзсіз.  Жеңіс күні...  Мамыр айы...  Ата, сіз  бұл күні мерекелік салтанатты жиын төрінен орын алып, үйге келгенде: «бұл біздің мерекеміз!» деген көтеріңкі көңілкүймен масаттана отырып, майдандас қаруластарыңызды еске алатынсыз. Сіздің екінші туған күніңіздей балаларыңыз сый-сияпатын жасап, мәре-сәре болып жататыны көз алдыма елес болып тізбектеледі. Өзіңіз барда бұл мереке тағлымы мол ерекше күн еді-ау. Иә, мұның бәрі өткен шақтың әңгімесі. Алайда, бұл менің алаңсыз бала күндерімнің мәнді сәттері. Өйткені, өзіңіздей ерлігі елге – мұра, ұрпақтар ұранына айналған ата-бабаларымыздың  даңқты да даңғыл өмір жолдарымен жүріп келеміз. Сіздердің рухтарыңыз бізді әрдайым желеп-жебеп жүреді, өйткені, біз сол ержүрек жандардан тәлім мен тәрбие, ұлағат пен ғибрат алған, болашаққа сеніммен қараған ұрпақпыз.
– Ата! Есіңізде ме, ауыл мектебінің пионерлер бөлмесі өте кең болатын. Барлық салтанатты жиындар мен жиналыстар сонда өтетін. Кернейлетіп, барабандатып, Марат Казей атындағы дружинаның туын көтеріп, сап түзеген қызыл галстук таққан пионерлердің мерекелік жиынында костюмдерінің өңірі ордендер мен медальдарға толы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ыстық ілтипат, ду қол шапалақтаумен қарсы алатынбыз. Ел басына күн туған шақта майданға аттанғандар өз сөздерінде «дүниеде Отаннан қасиетті ештеңе жоқ, сондықтан,  Отан үшін тайсалмаңдар!» деп өсиеттерін айтатындары әлі күнге дейін жадымызда. Иә, олар Отан үшін отқа  түсуден, ажал оғына кеудесін тосудан тайсалмаған жандар еді.
Өзен суы секілді тоқтаусыз ағып жатқан зымыран уақыт... Келмеске кеткен күндер тізбегінде, ата, сіздердің салып кеткен іздеріңіз сайрап  жатыр. Бұл күндері есейіп, жасым да ұлғайды. Мүмкін емес екенін сезінсем де, көңілім құрғыр ылғи, сол баяғыша, қара шаңырағымызда бау-бақшасын күтіп, баптап, сіз, ата, ағаш күбідегі сары майын пісіп, ыстық таба нанын жауып Зүлфия апам жүр деген ой үстінде жүргенім... 
 Адалдықтың ақ туын әр кез биік ұстап, адалдықтан нәр алған, ұрпағына саялы бәйтеректей болған қайран менің атам... Адам баласы мына өмірде қанша жас жасағанымен емес, елі үшін атқарған адал еңбегі, адамгершілігі мен ізгілігі, қамқорлығы мен парасат-пайымы арқылы бағаланса керек.
Міне, менің батыр да батыл панфиловшы жауынгер атанған Бейсенов Ұзақбай атам, сіз де тәуелсіз еліміздің тірегісіз! Майдан даласында ерлігімен көзге түскен, бейбіт кезеңдерде ерен еңбектің үлгісін көрсеткен сіздер біз үшін ұлы да ұлағатты жандар болып табыласыздар. 
Қазақтың талантты ақын қызы Күләш Ахметова айтқандай, сіздер «Теңдік үшін мұхитқа қайық салған» аңыз адамдарсыздар!

Ғазиза Әлібай, 
Қ.Бектаев атындағы жалпы орта мектептің орыс тілі және
әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Ордабасы ауданы.
Пікір қалдырыңыз