Тілегі елдің үстінде

Мақсат ҚАРҒАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Ұлы Отан соғысына Созақ ауданынан 6000-ға жуық жауынгер аттанған екен. Солардың аман-есен елге оралғандарынан бүгінде көзі тірісі жалғыз Мырзахмет Жылысбаев ақсақал ғана. Қазір қария тоқсан сегіз жаста. Жылысбай атамыз  біртоға, момын, шаруа кісі  болыпты. Майдангердің анасы Қатша апамыз 2006 жылы 103 жасында өмірден өтті. Ол кісі де еңбекқор, ауылдың сыйлы анасы, сөзі өтімді кісі болыпты. 

Мырзахмет Жылысбаев Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіреді. Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, Ғани Мұратбаев, Құрал Рүстемов, Макаренко атындағы орта мектептердің директоры қызметтерін атқарды. «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі», Созақ ауданының құрметті азаматы.  
Мырзахмет ата Ұлы Отан соғысына 1944 жылы  18 жасында аттанып, майданға 92-ші мотоатқыштар полкі құрамында кіреді. Қатардағы жауынгер Жылысбаевтың хат танитындығын, ұқыптылығын, тәртіптілігін аңғарған полк командирі оны штабтың хатшысы етіп тағайындайды. Соғыс аяқталған соң М.Жылысбаевқа әскери қызметте қалу туралы ұсыныс түседі. Алайда, ауылда қалған жалғыз анасын ойлаған азамат елге қайтуды жөн көреді.  
Бүгінде Мырзахмет ата Мария апамыз екеуі 13 ұл-қызынан 47  немере, 80 шөбере, 150 шөпшек сүйіп, солардың қызығын көріп отыр. Барлық ұл-қыздары жоғары білімді. Үлкен ұлы Серік жетпістен асты. 
Жасы жүзге таяған қарт жауынгер әлі де сергек. Алайда, әңгіме соғысқа келіп тірелгенде сараң сөйлейді. «Ел аман болсын! Біз көрген бейнетті бүгінгі балалар көрмесін» деген тілегін қайталай берді. Жүзге жақындаған тірі тарихтан бұдан артық тілек те күтпеп едік.
Пікір қалдырыңыз