СТАЛИНГРАДҚА СОҚҚЫ

немесе фашистік Германия Қазақстан жеріне улы тырнағын қалай батырды?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы сөз қозғағанда біз үнемі Қазақстаннан майданға қанша адам қатысқанына, олардың соғыста көрсеткен ерліктеріне, тыл ардагерлерінің жан алысып, жан берісіп шайқасып жатқан алдыңғы шепке қанша азық-түлік, киім-кешек жөнелткеніне, тағы да басқа түрлі фактілер мен цифрларға ғана тоқталамыз. Соғыс тұтқындары туралы аракідік айтып қоямыз. Әйтпесе сол соғыс қаншама шаңырақты ортасына түсіріп кетті десеңізші?! Қаншама әйел жесір, қаншама бала жетім қалды?! Ал, майдан жайлы дерек іздегенде, соғыс өрті барынша мол шарпыған Ресей, Белоруссия, Украина, Балтық жағалаулары елдері еске түседі. Шын мәнінде қанқұйлы неміс фашистерінің салған ылаңының зардабы Қазақстан жеріне дейін жеткен болатын.
Иә, бұрын «еліне» деп сөз бастасақ, енді «жеріне» деп нақтылап отырмыз. Барлықтарыңызға белгілі,  фашистік Германия КСРО шекарасына лап қойғаннан соң негізгі күшті Сталинград (қазіргі Волгоград) қаласына бағыттады. Сірә, осы қаланы басып алып, Сталиннің сағын сындырғылары келген де шығар. 1941 жылдың аяғында фашистік Германия Еділ өзені бойына дейін жетті. Ал, Сталинград облысының 300 шақырымға жуық аумағы Қазақстанмен шектесіп жатты. Соғыс тактикасына байланысты Қазақстанның батысындағы бірнеше аудан Сталинград майданының ең жақын тылына айналды. 1941 жылғы 26 қарашада Иосиф Сталиннің бұйрығы бойынша Жәнібек, Орда, Казталов және Фурманов аудандары Сталинград майданының қарамағына енгізілді. Бұдан соң, әрине, бұл өңірде «соғыс жағдайы» жарияланған. Дәлел келтірелік.
«Приказ (1444) Народного Комиссара Обороны СССР.
С 1 декабря 1941 г. территориальный состав округов европейской части Союза ССР иметь в следющем составе: Сталин-градский военный округ: Сталинградская область, Ростовская область, Калмыцская АССР, Астраханский округ, западная часть Западно-Казахстанской области (районы Джаныбекский, Казталовский, Урдинский, Фурмановский). Штаб округа – Сталинград. Командующим войсками Сталинградского военного округа – генерал-лейтенант Герасименко Василий Филиппович. Командующим войсками военных округов передачу войсковых частей, учреждений и заведений переходящих территориально в состав других военных округов, закончить к 5 декабря 1941 г. И донести мне с приложением перечней передаваемых частей. Приказ ввести в действие по телеграфу. Народный Комиссар  Обороны СССР  И.Сталин».
Осы бұйрық Подольскідегі әскери музейде сақтаулы. 
1942 жылдың жазында немістер Қазақстан аумағына тым жақындай түсті. Әуе арқылы Қазақстан аумағына десанттар, арнайы даярлықтан өткен тыңшы-бүлікшілер тастады. Әрине, Қазақстанның батыс аудандары Қызыл Армияның жақын жолы ретінде аса маңызды әскери-стратегиялық шепке айналды. 1942  жылдың 12 тамызынан бастап Сталинград майданы қаладан 150-160 шақырым қашық орналасқан Қазақстанның Жәнібек, Сайқын, Шоңай теміржол стансаларын қамтыды.
Фашистер Астрахань-Урбах теміржол магистралын, Сайқын, Шоңай, Жәнібек ауылдарын нысанаға алды. Шоңайға – 24, Сайқынға – 36, Жәнібекке 40 шақты рет әуе шабуылы жасалды. Олар әр әуе шабуылына отызға жуық бомбалаушы ұшақ аттандырып отырды. Неміс ұшқыштары ұдайы стратегиялық маңызы бар теміржол вокзалдарын, теміржол бойларын, су айдайтын мұнараларды, аурухана, мектеп, өндіріс орындарын қиратуға тырысып бақты. Бір ғана Жәнібек кенті бойынша 41 нысан, 200-ге жуық тұрғын үйдің зардап шегуі осының айғағы. Осының салдарынан бірнеше бейбіт тұрғын қайтыс болды, тағы біразы әртүрлі деңгейдегі жарақат алды. 1942 жылдың 11-12 қыркүйегінде неміс ұшқыштары Жәнібек ауданы, «Алғабас» және «Жаңа тұрмыс» колхоздарының егістік жерлері мен жайылымдарына  өртегіш бомбалар тастаған. Сөйтіп, 38 мың гектар алқаптағы жиналмаған пішен отқа оранған. Ал, соғыс біткен соң арнайы мемлекеттік комиссия шығындарды есептегенде, оның көлемі 7 миллион 161 мың 693 сомды құраған. Бұл сол кездің өлшемі бойынша қыруар қаржы.
Неміс ұшқыштары 1942 жылдың қарашасынан 1943 жылдың қаңтар айына дейін Жәнібек және Орда аудандарына 538 рет бомба тастағаны белгілі болып отыр. Бүгінде Жәнібек ауданының солтүстік-шығыс жағындағы бауырластар зиратында 93 боздақтың сүйегі жатыр. Олардың барлығы әскери қызметкерлер еді.
Тағы бір құнды дерек, Сталинград қаласын жаудан қорғау үшін 1942 жылдың 18 маусымында Батыс Қазақстан облысында даярлықтан өткен 26 мың 225 жауынгер майданға жөнелтілген екен.
Бөкей Ордасы ауданынан үш бірдей Кеңес Одағының Батыры шыққан. Олар –Темір Масин, Ахмедияр Хұсайнов және қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова. 2004 жылдың 15 желтоқсанында қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспановаға «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Хиуаз Доспанова да осы ауданның тумасы.
Оқ пен оттың ортасында жүрсе де батысқазақстандық бауырлар асқан шыдамдылық пен төзімділіктің озық үлгісін көрсетумен қатар еңбек майданында да ерен ерлік көрсетті. Бір ғана Орда ауданының еңбеккерлері Сталинград майданына 280 пұт ет, 22 пұт май, 220 пұт астық, 245 дана құс етін, сондай-ақ, жылы киімдер жіберген. Осы ауданның 4613 адамы соғысқа алынған.  Солардың 3028-і майданнан оралмапты.
Демек, неміс фашистерінің улы тырнағы Қазақстанға да батқан болып тұр ғой...

С.ДӘНІҚҰЛҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз