Географтар бас қосты

Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркі әлемінің бірінші халықаралық география конгресі өтті. Жиынға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және тағы басқа да түркі тілдес елдерден 200-ге жуық ғалым-зерттеуші, өңірдегі мектеп мұғалімдері, университет ұжымы мен студенттер қатысты. 

Конгресс жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы қатысып, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының құттықтау хатын оқып берді. Ал, университет ректоры Жанар Темірбекова қатысушыларға алғысын білдірсе, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевтың атынан аталған оқу ордасының өкілдері де құттықтауын жеткізді.
Үш күнге ұласқан конгресс барысында «Түркістан облысының географиясы» оқу құралының және «Түркі тілдес елдер географиясы» оқулығының 4-ші басылымының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы – көне карталарда» атты ашық лекция өткізді.
Жиынның маңызды оқиғаларының бірі – ХҚТУ базасында «XI-XIX ғғ. Еуропа және Шығыс карталарындағы түркі мемлекеттері» атты галереяның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Танымал картограф-ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың ұзақ жылдарғы зерттеу жұмыстарының нәтижесі ретінде ашылған галереяда Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің ежелгі Еуропа және Шығыс карталарындағы маңызы мен орны көрсетілген. Ол Қазақстан ғана емес, күллі түркі тілдес елдердің тарихынан сыр шертетін карталар галереясы алғаш рет университет базасында ашылып отырғанын атап өтті. Бұдан бөлек, конгресс аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің ғылыми көрмесі ұйымдастырылды. Конгреске жиналған ғалымдар 6 секцияға бөлініп, негізгі тақырып аясында тәжірибе алмасты.
Айта кетейік, конгрестің негізгі мақсаты ‒ Еуразия материгіндегі ұлан-ғайыр аймақта қоныстанған Түркі тілдес елдердің ғалымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, географиялық зерттеулердің дамуына ықпал ету. Аталған іс-шараны Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, географиядан республикалық атаулы мектеп, География және су қауіпсіздігі институты ұйымдастырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз