Сауран мен Сайрам, Кентау мен Түркістан көш бастады

Түркістан облысында аудан, қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 2024 жылдың І тоқсанындағы рейтингі шығарылды. Бұл ретте түрлі саладағы индикаторлар есептеліп, қорытындысы баяндалды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды көш соңында қалған аудан, қала әкімдеріне ескерту жасап, жұмысты тез арада үйлестіруді, жандандыруды тапсырды. 

– Биылғы І тоқсанда облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім бар. Көрсеткіштер жақсарған. Бірақ, жекелеген аудан, қалаларда бірқатар индикатордың орындалуы төмен деңгейде болды. Өнеркәсіп пен өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі Мақтаарал, Шардара, Отырар, Сауран және Сарыағаш аудандарында орындалмаған. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның нақты көлем индексі Отырар, Мақтаарал, Жетісай аудандары мен Кентау қаласында төмендеу. Осы секілді бірқатар көрсеткіштер бойынша жоспарларды орындамаған аудан, қалалар бар. Олар негізгі көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қабылдамаған. Рейтингте соңғы үш орында тұрған аудан, қала әкімдерінің жауапкершілігін қолданыстағы заңнама аясында қарау бойынша ұсыныс енгізілсін. Белгіленген көрсеткіштердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Басты бағыттар – инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы саласы мен туризмді дамыту, – деді Дархан Амангелдіұлы. 
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы облыс экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі салаларында оң динамика сақталғанын көрсеткен. Жалпы, рейтингте 37 индикатор жоспарланған. 
Өнеркәсіп өнімінің көлемін есепті кезеңде 226,1 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, ол 274,3 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,1% деңгейінде орындалған. Өңдеу өнеркәсібі өнімін есепті кезеңде 103,3 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, ол нақты 122,5 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 114,8% деңгейінде жүзеге асқан. Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемін 122,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, ол нақты 128,8 млрд. теңгені құрап, артығымен орындалған. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның І тоқсандағы межесі 105,5 млрд. теңге болса, нақты 132,3 млрд. теңге инвестиция тартылып, жоспар мәжеден асып түскен. 
Құрылыс жұмыстары көлемінің жоспары 31,5 млрд. теңге болса, нақты 36,7 млрд. теңгені құрап, жоспарға қол жеткізілді. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер жоспары 120,1 мың шаршы метр болса, нақты 150,3 мың шаршы метр үй пайдалануға берілген. Ішкі туристер санын І тоқсанда  45 490 адамға жеткізу жоспарласа, ол 46 683 адамды құраған.
АЕМ-ді мобильді интернетпен қамту көрсеткіші бойынша аудан, қалаларда межеленген жоспар толығымен орындалған. Сонымен бірге қан айналымы жүйесі мен қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші төмендеген. 
Жалпы, рейтингтік бағалау нәтижесінде көш басына Сауран, Сайрам аудандары мен Кентау,  Түркістан қалалары шықты. 
Пікір қалдырыңыз