«Бір жүрек бір жүрекке керек екен»

Тұрдықылыш Ізтаев – соңында өлмес мұра қалдырған тамаша композитор. Басқасын айтпағанда, оның «Нұрикамал» әнін білмейтін адам кемде-кем шығар. 
Тұрдықылыш ағамыздың жұрт жадында қалған тағы бір тамаша әні бар. Ол – жамбылдық ақын Мәдина Көбееваның сөзіне жазылған «Жүрек сыры» туындысы. 
Жұлдыздар да серіксіз сөнеді екен,
Қара аспан қайғырғанда төнеді екен.
Күн шуағын жаныңа төгетұғын,
Бір жүрек бір жүрекке керек екен...
Қайырмасы осылай төгілетін әуен бір кездері кез  келген отырыстың сәні еді. 
Бұл ән алғаш 1984 жылы мамыр айында «Тамаша» ойын-сауық отауының кезекті бір концертінде орыс қызы, қазақтың биязы келіні Татьяна Мартыненконың орындауында тыңдарман жүрегіне жол тартты. Ән ел арасына тез тарап кетті. Кейін ән нотасымен бірге «Мәдениет және тұрмыс» журналына басылды, «Қазақ әдебиеті» газетінде де жарық көрді.
Бір қызығы, әннің сөзін жазған ақын мен әуенін тудырған композитор өмірде бір-бірімен кездесе алмапты. Рас, Мәдина Көбеева Шымкентке барған бір сапарында композиторды арнайы іздеген, бірақ, таппаған. Тек көзі тірісінде бір мәрте ғана телефонмен сөйлескенін айтады. 
Негізі бұл ән 1980 жылы туған. Бірде композитордың қолына қазақ ақын қыздарының «Қызғалдақты көктем» атты өлеңдер жинағы түседі. Тұрдықылыш ағаның үйде жалғыз қалғанда жақсы өлең іздеп кітап парақтайтыны бар еді. Сол кітаптың ішінен ақын Мәдина Көбееваның «Жүрек сыры» өлеңі көңілінің пернесін дөп басады...
Жақын болып кеттің-ау, 
жаным, маған, 
Кездерім жоқ сені аңсап сағынбаған. 
Шағаласыз шарқ ұрған теңіздей боп, 
Жүреді екен беймаза шағында адам. 

Жұлдыздар да серіксіз сөнеді екен, 
Қара аспан қайғырғанда төнеді екен. 
Күн шуағын жаныңа төгетұғын, 
Бір жүрек бір жүрекке керек екен. 

Бақтың да жапырақсыз көркі қандай, 
Әр бұтақ сыр перне боп 
тартылғандай. 
Қараймын қабағыңа, қарағым-ай, 
Бір биік алдымдағы шақырғандай. 

Аққуы бар айдынның жазы бөлек, 
Сен барда бұл өмірдің назы бөлек. 
Жүрек бірге болғанын қайтеміз-ау, 
Болған соң тіршіліктің сазы бөлек. 
Тұрдықылыш Ізтаевтың бұдан бөлек «Нұрикамал», «Биле-биле», «Меңді ару», «Қимаймын», «Махаббат өмір», «Хадиша», «Алтынай», «Қайдасың?» секілді тамаша әндері бар. Композитор да, ақын Мәдина Көбеева да бүгінде өмірден өтіп кетті. Дегенмен, арттарында «Жүрек сырындай» өлмес ән қалды. Өнер өлмейді деген осы шығар!

Бекжігіт СЕРДӘЛІ.
Пікір қалдырыңыз