Өңірде тасқын судан қауіп жоқ

Түркістан облысында жауын-шашынның түсуі нормадан аспаған әрі таудағы қар қоры аз. Ал, облыстағы су қоймаларының толу көрсеткіші – 81 пайыз. Өңірдегі өзен-көлдердің су деңгейі қалыпты жағдайда. Қазіргі таңда тасқын суды қабылдауға бос қор бар және өзен бойындағы елді мекендерге төніп тұрған еш қауіп жоқ. Бұл жайында облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқармасының аға инженері Жүсіп Ілясов брифингте мәлімдеді. 

«2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы» Жол картасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 4 ауданның 20 елді мекенінде су тасқыны қаупі сейілді. Сонымен қатар, көктемгі су тасқынының алдын алу үшін барлық аудан-қалаларда қажетті жұмыстар жүргізілді. Бұдан бөлек, 2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес, 125 мың қап, 8 мың тонна жанар-жағармай қоры, 40 млн. теңге көлеміндегі азық-түлікке меморандум жасалды. Сондай-ақ, азаматтық қорғау органдарынан 1064 жеке құрам мен 269 техника әзірленген» деді Жүсіп Темірұлы. 

Брифингте аталған департаменттің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асанғали Төлепбергенов облыстың дала алқаптарындағы өртке қарсы дайындық жұмыстары мәселесін қозғады. 

«Дала, орман өрттерін алдын алу мақсатында облыс бойынша өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілуде. Өрт қауіпті кезеңде көлік құралдарының мемлекеттік орман қоры аумағына кіруін шектеу бойынша рейдтік іс-шараларды жүзеге асыру үшін мобильді топтар құрылды. Бүгінгі таңда аталған мобильді топтар 16 рейд жүргізіп, соның нәтижесінде өрт қауіпсіздігін бұзған 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды» деді басқарма басшысы. 

Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Пікір қалдырыңыз