Қазақстанның болашағы бейбіт атоммен тығыз байланысты

Айдар Құлжанов,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазақстанда салынуы мүмкін атом электр стансасында екі контурлы су-сулы реакторлары орнатылады. Бұл реакторлардың қолданылып келе жатқанына 57 жыл болған. Жарты ғасырдан астам уақыт бойына осы типтегі реакторлары бар АЭС-терде бірде-бір апатты жағдай немесе оқыс оқиға тіркелмеген. 

Бұл жөнінде АЭС салу мәселесі бойынша Түркістан қаласында өткен жария талқылаулар кезінде Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев мәлімдеді. 
– Қорқыныш пен үрей көбіне ақпараттың жеткіліксіздігінен, мәселенің мән-жайын толық білмеуден туады. Атом электр стансасы тақырыбы қозғалса, жұрт бірден Чернобыль мен Фукусимадағы апаттарды еске алып, үрейге бой алдырады. Бірақ, ондағы ядролық реакторлардың құрылымы, буыны мен қауіпсіздік жүйесі мүлде бөлек.  Қазақстанда салынуы мүмкін атом электр стансасында екі контурлы су-сулы реакторлары орнатылады. Бұл реакторлардың қолданылып келе жатқанына 57 жыл болған. Жарты ғасырдан астам уақыт бойына осы типтегі реакторлары бар АЭС-терде бірде-бір апатты жағдай немесе оқыс оқиға тіркелмеген, – деді Саябек Қуанышбекұлы. 
Оның айтуынша, Алматы қаласында Ядролық физика институтының базасында су-сулы зерттеу реакторы орналасқан. Бұл реактордың ерекшелігі неде екенін С.Сахиев жалпақ жұртқа түсінікті, барынша қарапайым тілмен түсіндіріп беруге тырысты. 
– Бұл реактор екі контурдан тұрады. Бірінші контурдағы су ядролық энергияны бойына сіңіреді де, оны екінші контурға өткізеді. Бірақ, арасы темір арқылы бөлінгендіктен, екі контурдағы су бір-бірімен араласпайды. Яғни екінші контурдағы судың құрамында радиоактивті элементтер болмайды. Кейін екінші контурдағы су буға айналып, қалақшаларды қозғалысқа түсіріп, электр қуатын өндіреді. Дәл осындай принциппен жұмыс істейтін зерттеу реакторы біздің институттың базасында 1967 жылдан бері бар. Оның АЭС-тердегі реакторлардан жалғыз айырмашылығы – онда екінші контурдағы қалақшалар жоқ. Басқа құрылымының барлығы бірдей. Яғни іс жүзінде Алматының түбінде жарты ғасырдан бері ядролық реактор жұмыс істеп тұр деген сөз. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік бізді жылына бірнеше мәрте тексеріп отырады. Осы күнге дейін бірде-бір кемшілік анықталып, оқыс оқиға орын алып көрген емес, – дейді институт директоры.   
Жария талқылау кезінде ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова еліміздің энергетика саласын дамыту үшін алдағы онжылдықта  147 электр стансасын салу жоспарланғанын айтты. Оның 46-сы күн, 59-ы жел, 39-ы газ және 3-еуі биоэлектр стансасы болмақ. Олардың жиынтық қуаты 29 ГВт\сағатты құрайды. 
– Бүгінде елімізде электр қуатының басым бөлігі жылу электр стансаларында өндіріліп жатыр. Біріншіден, қолданыстағы жылу электр стансаларының барлығының дерлік тозығы жеткен, екіншіден, мұндай стансаларда көмір жағылатындықтан, оның қоршаған ортаға зияны көп. Біз күн және жел электр стансаларының желісін дамыту бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, бұл стансалардың жұмысы ауа райы жағдайына тәуелді болғандықтан онда өндірілетін энергия тұрақты емес. Ал, отандық экономиканың дамуына тұрақты, таза және арзан энергия көзі керек. Сондықтан біз қуаттылығы 2,8 ГВт\сағат болатын екі реакторлы атом электр стансасын салу қажет деп есептейміз. Әрине, бұл бағыттағы түпкілікті шешім, Президент айтқандай, жалпыхалықтық референдумнан кейін ғана қабылданады, – дейді Г.Мұрсалова. 
Жиында «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС-нің жетекші сарапшысы Аслан Оңғарбекұлы қуаттылығы 1 ГВт\сағат болатын жылу электр стансасы мен дәл сондай қуаттылықтағы АЭС-тің қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықтарын талдап берді. Сарапшының айтуынша, 1 ГВт\сағаттық жылу электр стансасы жылына ауаға 120 мың тоннаға дейін күкірт тотығын, 20 мың тоннаға дейін азот тотығын және 7 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын жібереді. Оған қоса ол жыл сайын 300 мың тоннаға дейін күл шығарады. Ал, атом электр стансасында осы көрсеткіштердің барлығы нөлге тең. Яғни төмен байытылған ядролық отын толықтай жабық реактордың ішінде жанғандықтан, ол қоршаған ортаға мүлде  зиянын тигізбейді. 
– Қоғамда «АЭС салынса Балқаш көлі ластанады, ол құрғап қалады» деген шындыққа жанаспайтын әңгіме де айтылады. Біріншіден, реактордың қос контурындағы су көлге қайта құйылмайды. Яғни радиоактивті элементтердің көлге түсуі мүмкін емес. Екіншіден, Балқаш көлі кемеріне келіп толысқан кезде 112 миллиард текше метр су жиналады. Жыл сайын жаз маусымында соның 18 миллиард текше метрі табиғи жолмен буланып, қыс-көктемде қайта толысып отырады.  Ал, АЭС-ті салқындатып отыру үшін Балқаштан жылына шамамен 64 миллион текше метр су алынады. Яғни АЭС-ке қолданылатын судың мөлшері жыл сайын табиғи жолмен буланатын судың 0,33 пайызына тең: 
1  пайызының үштен бір бөлігін ғана құрайды. Көріп отырғаныңыздай, АЭС салынса, ол көлдің құрғап кетуіне әсер етеді деген бос сөз, – дейді Аслан Оңғарбекұлы. 
Жария талқылау барысында сарапшылар Қазақстанда АЭС салуға қажетті шикізат қоры жеткілікті екенін, Үлбіде төмен байытылған ядролық отын зауыты жұмыс істеп, ядролық отынды әлемнің көптеген елдеріне экспорттап жатқанын, сондай-ақ, елімізде Ядролық физика институты мен осы салаға қатысты 3 ғылыми-зерттеу орталық жұмыс істеп тұрғанын, яғни Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы ғылыми-тәжірибелік және кадрлық әлеуеті жоғары екенін айтты. Бір ауыз сөзбен айтқанда, сарапшылар Қазақстан экономикасының болашағы бейбіт атоммен тығыз байланысты екенін алға тартып отыр. 
Жария талқылау кезінде өңіріміздегі қоғам белсенділері, жергілікті тұрғындар мен жастар энергияға қажеттіліктер мен экологиялық қауіпсіздік қағидаттарын ескере отырып, Қазақстанда АЭС салу идеясына қолдау білдірді.
Пікір қалдырыңыз