Шегірткеге қарсы күресті күшейтуді жүктеді

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды штаб мүшелерімен бірге Арыс қаласына барып, аса қауіпті үйірлі шегірткенің марокколық түрімен күрес жұмыстарының барысымен танысты. Өңделген аумақтарды аралап, мамандармен биологиялық тиімділікті бақылаған әкім жауапты мердігерлер мен ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің және Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшылығымен кездесті. 

Облыс әкімі бірер күн бұрын басталған химиялық өңдеу жұмыстары бойынша жауаптылардың жұмысын сынға алды. Қазіргі ахуалға алаңдаған өңір басшысы жауаптыларға қосымша талап қойды. Олардың жауапкершілігін арттыруды ескертті. 
Пестицидтерді сатып алу және оларды сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері сынды үйірлі шегірткелерден қорғау іс-шараларын ұйымдастыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Еліміз бойынша шегірткемен күрес жұмыстарына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті жауапты. 
Облыс әкімі болжамшылардың мәліметімен танысып, өткен жылмен салыстырғанда биылғы таралу аймағының бірнеше есе ұлғайып, 270 мың гектардан асқанын айтты. Тиісінше, шығын да өскен. Өңір басшысы келер жылы оның көлемін 3 есе азайту бойынша жұмыс жүргізу керектігін ескертті. 
Өңірде қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында, химиялық өңдеу жұмыстарын 
25 күнде аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі бұл жұмыстарды ширатып, 10 күнде аяқтауды міндеттеді. 
«РФДжБӘО» РММ Түркістан облыстық филиалына белгіленген аумақтарда анықтау-зерттеу жұмыстарын уақтылы жүргізіп, күнделікті экономикалық зиянды шегінен асқан аумақтардың зерттеу актілерін ұсыну міндеті жүктелді. Химиялық өңдеу жүргізуге жауапты мердігер компанияларға өңдеу жұмыстарына қосымша техникалар мен ұшақтар тарту және бұдан әрі «Тиаметрин» препаратын қолдану, оның бір реттік шашу нормасын барынша ұлғайту жөнінде тапсырма берілді.
Пікір қалдырыңыз