Халықаралық әуежайды туризм бағытымен үйлестіру керек

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Түркістандағы халықаралық әуежайды дамыту, әлеуетін көтеру жөнінде жиналыс өтті. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен әуежайға жауапты өкілдердің есептері, жоспарлары тыңдалды.

Облыс әкімі әуежайдың даму жоспарын туризммен үйлестіру керектігін айтып, қазіргі көрсеткіштерге көңілі толмайтынын жеткізді. 
– Жолаушылар көлігі мен туризмге жауапты басқармалар бірлесе жоспар әзірлеп, жұмысты жүйелесін. Әуежайдың мүмкіндігін тиімді пайдалану керек. Жаңа туристік бағыттар, нысандар, идеялар ұсынып, жүзеге асырыңыздар. Басшылық қызмет, жауапкершілік жүктелгеннен соң ел сенімін ақтау үшін бар күштеріңізді салуларыңыз керек. Әуежай басшылығы да әуежайды дамыту, табысын көтеру, жолаушылар ағынын көбейту үшін жұмыс істесін. Шетелдің тәжірибесін зерттеңіздер, халықаралық әуе компанияларымен байланысты нығайтыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
«Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежайы 4 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт, Абу-Даби, Самарқан) және 6 республикаішілік (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай) әуе бағыттарына қызмет көрсетуде. Рейстерді «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Wizz Air Abu Dhabi», «Fly Arystan», «Scat», «Qazaq Air» әуекомпаниялары орындайды. Әуежай аптасына 32 рейсті қабылдайды. 
Жиында жауапты тұлғалардың жоспарлары, ұсыныстары тыңдалды. Арнайы турпакеттер әзірлеп, туристерді тартудың маңыздылығы айтылды. Осы бағытта жұмыс жанданады. Сонымен бірге халықаралық бағыттар санын көбейту бағытында да келіссөздер жалғасады.
Пікір қалдырыңыз