Заңсыз карьер иелеріне қарсы күрес күшейді

Жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар қатары азаймай отыр. Өзен-көлдерден заңсыз құм, қиыршық тас қазып алып, сатып жүргендер қоршаған ортаға орасан зор залал келтіруде. Түркістан облысында заң бұзушыларды анықтау және жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілерінің жолын кесу жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте өңір басшысына жер қойнауын заңсыз пайдалану, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқа мақсатта пайдалану және өзге де маңызды мәселелер баяндалды. Мәжілісте кәсіпкерлерге ауыр көліктің салмағын өлшейтін таразы қою міндеттелді. 

– Заңды жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге қарсылық жоқ. Алайда, заңды белшеден басып жатқандарға қарсы күресті күшейту керек. Өзіміз өзімізге кедергі жасамайық. Барлық жауапты басшылар отырсыздар, жұмыстарыңызда нәтиже шамалы. Осының өзі жұмыстағы шалалықты көрсетеді, – деді облыс әкімі. 
Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 191 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 107 лицензия негізінде жұмыс істейді. Басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан. Келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 16 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары тоқтатылды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің мәлімдеуінше, заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу шаралары нәтижесінде жұмысы тоқтағандар тарапынан әкімдік өкілдеріне шағым жазушылар көбейген. Облыс аумағында бір жылда өткізілген 400-ден астам рейд жұмыстарының нәтижесінде өзен-көлдерден заңсыз құм, қиыршық тас қазып, сатып жүрген 276 техника айыптұраққа қойылып, 31,8 млн. теңге айыппұл өндірілді.
– Өткен жылы маркшейдер маманымен облыстағы 100 жер қойнауын пайдаланушының өндіру аумақтарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 63 кен аумағынан кемшілік анықталып, жалпы 5 млн. текше метр өнім кен орындары аумағынан тыс қазылғаны белгілі болды. Полиция департаменті тарапынан 12 қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі күнге дейін аталған істер бойынша сараптама күтілуде. Яғни іс созбалаңға салынып отыр. Алгоритмге сәйкес жұмыс тобымен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жетісай ауданындағы жер учаскесінде «Жұмағұл» шаруа қожалығы тарапынан 2 жерден заңсыз құм қазу фактілері анықталды. Аталған аумаққа маркшейдер маманымен топотүсірілімдік жұмыстары жүргізіліп, жалпы көлемі 7500 текше метр заңсыз құм қазылғаны белгілі болды. Келтірілген шығын көлемі маркшейдер маманы есебімен 31 млн. теңгені құрады. Басқарма тарапынан маркшейдер маманының түзілген қорытынды актілері полиция департаментіне жолданып, ҚР Қылмыстық кодексінің 334-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді басқарма басшысы. 
Мәжілісте заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу мақсатында бірлесіп жұмыстар атқару ұсынысы айтылды. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны өз тарапынан берілген келісімшарттарды және теңгеріміндегі су айдындары мен каналдары аумағында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу жұмыстарын қадағалауды, экология департаменті, өнеркәсіптік қауіпсіздікке жауапты департаменттері өздеріне түскен кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия алуға арналған жобаларды келіскен кезде, жергілікті атқарушы органды хабарландыруды заң аясында қарастыру мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, жер инспекциясы және жер қатынастары басқармасы, аудан, қала әкімдіктеріне өз құзіреттері шеңберінде қатты пайдалы қазбалар, кең таралған пайдалы қазбаларды қазу жұмысын жүргізіп жатқан кен орындарының жер телімдерінің ресімделгені немесе ресімделмегені туралы талдау жүргізіп, заң аясында шаралар қолдану ұсынылды.
Пікір қалдырыңыз