Түркістанда тағы бір зауыт ашылмақ

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды отандық инвесторлармен кездесіп, өңірде өндіріс орындарын ашу бойынша келіссөздер жүргізді. «ЕвразияТранзитГрупп» ЖШС Байқау кеңесінің құрылтайшысы және төрағасы, «Қазмехлит-пром» ЖШС-нің өкілі Серік Уәлиевпен кездесуде бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды. 

Бұл компания Түркістан облысының аумағында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін арнайы ашылған. «Қазмехлитпром» көлік-экспедиторлық қызметтер көрсетеді және Қазақстан мен ТМД елдерінің бүкіл аумағы бойынша жүк тасымалдайтын вагон-цистерналар мен вагондар ұсынады. 
– Біздің өңір – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Осы орайда, Қазақстанның логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Түркістан облысында Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы экспорт пен импортты кеңейтуге мүмкіндік беретін құрғақ портты енгізу жоспарлануда. Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу – біздің басты бағытымыз. Отандық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз. Жаңа бастама өзге де инвесторлар үшін үлгі болады деген сенім бар. Түркістан өңірі еңбек ресурсына бай, халқымыз өте еңбекқор. Ауа райы қолайлы. Кәсіпкерлер үшін қолайлы инвестклимат қалыптасқан. Түркістанды түлетуге үлес қосып жатқан кәсіпкерлерге барынша жағдай жасаймыз, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. 
Жоспар жүзеге асқан жағдайда жаңа кәсіпорын 20 гектар аймақта орналасады. Онда вагон бөлшектері, тау-кен, металлургия кешені үшін, құрылыс және ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға арналған жабдықтар мен қосалқы бөлшектер шығарылмақ. Тараптар Түркістандағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт ашу бойынша бастаманы жан-жақты пысықтады. Отандық инвестор бұл мақсатта 20 млн. АҚШ долларынан астам қаражат құюға дайын. Жобаның қуаттылығы жыл сайын артпақ. Ауысымына 200 тонна болат құятын зауытта 
100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ. 
Инвестор түркілер ордасында еңбек етудегі таңдауын түсіндіріп, бұл жобаның рухани маңыздылығына тоқталды. 
– Түркі әлемінің алтын бесігі – қасиетті де киелі мекенде еңбек етіп, Түркістанның дамуына үлес қосудың біз үшін рухани маңызы зор. Жаңа бастаманы абыроймен атқаруға, елге қызмет етуге келіп отырмыз. Жобамыз жүзеге асқан соң, оны әрі қарай кеңейтуді көздейміз. Бұл бағытта қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз, – деді Серік Уәлиев. 
Түркістан облысында инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүріп жатыр. Биыл агроөнеркәсіп, өнеркәсіп, құрылыс, туризм және өзге де салалар бойынша ірі жобалар 
жоспарланған. 
Пікір қалдырыңыз