Жұдырықтай жұмылу қажет

Дана халқымыз «Басты байлық бірлікте», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бекер айтпаған. Қарғын судың соңы осындай қайғылы оқиғаларға әкелерін әрине, ешкім білген жоқ. Ауылдарды су басуына байланысты 10 облыста төтенше жағдай жарияланды. Қалай болғанда да, бұл бізді ойландыратын, елімізге қайғы-қасірет әкелген жағдай болды.

Осындай қиын-қыстау сәтте қиналған елге қол ұшын созу – әр азаматтың борышы. Бүгінгідей ел басына күн туған шақта ешбір азаматтың қиындықтан сырт қалмайтыны анық. Ауылдар су астында қалып, жергілікті тұрғындар мал-мүлкінен айырылып, жан-жақтан көмек күткен кезде Түркістан облысының тұрғындары да отандастарымыздың қайғысына бей-жай қарамады. Жиналған қаржыға апат аймағындағы халыққа қажет заттар алып, көмек керуендерін бірінен соң бірін  жөнелтіп жатыр. Бұл ізгілікті істен прокуратура қызметкерлері де шет қалған жоқ. Осының барлығы «Бір үйдің баласындай, бір қолдың сағасындай» болып, елдік шараға біріге білгеніміздің белгісі. 
Апат айтып келмейді. Бірақ, соны жеңетін жалғыз күш – бірлік пен мейірім екенін естен шығармағанымыз абзал. «Әлемді мейірім құтқарады» дегендей, біздің әрқайсымыз шын жүрекпен, үлкен жанашырлықпен айналамызға көмектессек, жеңілмейтін жау, алынбайтын қамал жоқ! Осы ретте біз алдағы уақытта осындай оқыс жағдайлардан сабақ алып, елдің енді әбігерге түсуіне жол бермеуіміз керек! Адамдардың бірін-бірі қолдауы, өзара түсіністік пен сыйластық, ауызбіршілік пен ынтымақ қана бізді осындай апаттардан аман алып шығады.
 Ата-бабаларымыз «Күшіміз – бірлікте» деп кез келген түйткілдің түйіні ынтымақта екенін меңзеген. Басқа түскен талай ауыртпалықты еліміз тек бірлік пен татулық арқылы еңсере білді. Сондықтан бүгінгі күнімізге сабыр сақтап, ілгері күннен үмітімізді үзбейік! Осылай жұдырықтай жұмылсақ қана біздің алға қойған мақсатқа жетеріміз анық. Осы жолда бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Мұрат ТІЛЕУБЕРДИЕВ,
Түркістан облысының прокуроры. 
Пікір қалдырыңыз