Бастауыш ұйымдармен байланыс нығаяды

«AMANAT» партиясының облыстық филиалы тарихында алғаш рет бастауыш партия ұйымдары төрағаларының басын қосқан мағыналы жиын өтті.

Басқосуда «Amanat» айқындаған ауқымды міндеттерді орындауда саяси ұйымның нәр алар тамырына баланған бастауыш партия ұйымдарын ортақ мақсат-мүддеге жұмылдыру, қоғамды жалпыға бірдей құндылықтарды ілгерілетуге ықпал етуге шақыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Партия Төрағасы, Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясы – ел Президентінің қоғамдық тірегі ретінде өз сайлаушыларымен және жақтастарымен әрдайым тығыз байланыста болуы керек екенін айтқан болатын. Оның ішінде бастауыш партия ұйымдары қоғамдық мәселелерді көтеріп, азаматтардың нақты проблемаларының шешімін табуына жұмылуы қажет деп атап көрсеткен.

Партияластарымыздың өзара сенімін нығайтуға, терең ынтымақтастық байланыстарын жолға қоюға және партиялық құрылымдар арасындағы орнықты саяси қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жиында партиялық қызметті жетілдіру мәселелерін, партия айқындаған жұмыс басымдықтарын іске асырудың тағлымды тәжірибелерін, ұтымды жұмыс әдістерін талқылап-таразыладық. Қоғамдық тірегімізге айналған бастауыш ұйымдарының тыныс-тіршілігіне құлақ түріп, әр аймақтың сан-салалы ерекшеліктері мен жұмысы жақсы жолға қойылған ұйымдардың қызмет мазмұнына қанық болдық.

Түркістан өңірі партия мүшелерінің саны жағынан республикада көш бастайды. Облысымыздағы 82 мыңнан астам партияластарымыз 241 бастауыш партия ұйымына біріктірілген. Бастауыш ұйымдардың саны жөнінен де елімізде алдыңғы қатардамыз. Өңірдің осы санаттағы ерекшелігін азаматтарымыздың партияға деген сенімін нығайтуға барынша пайдаланып, партиялық ресурстарды сайлаушылармен кері байланысты үнемі күшейтуге бағыттау маңызды.

Өңірлік партия филиалының ұйытқы болуымен өткен форумға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, облыс көлемінде идеологиялық бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабарлама жасады. Сондай-ақ, жиын барысында бастауыш партия ұйымдарының жұмыс көрсеткіштері, Сауран ауданының мысалында бастауыш ұйымдардың қызмет мазмұны, «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасының мәні мен мақсаты, партияның жас буынмен атқарып жатқан нақты жұмыстары, партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің жұмыс көрсеткіштері баяндалды. Жұмысы үлгілі деп бағаланған бастауыш партия ұйымдарының сапында Жетісай ауданынан – «Денсаулық», Қазығұрттан – «Орталық», Арыстан – «Мұхтар Әуезов», Сайрамнан «Қарасу» бастауыш партия ұйымдарының қызмет тәжірибелері таныстырылды. 

Жиын барысында «Қарасу» бастауыш партия ұйымының төрағасы, Сайрам аудандық мәслихатының депутаты, партиялық фракция жетекшісі Ержан Асқаров жеке қаражаты есебінен ұйымның материалдық базасын толықтыруға үлес қосып, компьютерлік техника жиынтығын сыйға тартты. Аудан, қалалардағы фракция өкілі болып табылатын депутаттарымызды, партия мүшесі болып табылатын кәсіпкерлерді игілікті бастаманы қолдап, жалғастыруға шақырамыз.

Форум мәжілісінің қорытындысында оған қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, бірқатар маңызды жұмыс бағыттарын белгіледік. Оның ішінде партия құрамын сапалық тұрғыдан нығайту, қарапайым еңбек адамдарын партия қызметіне белсенді тарту, партия белгілеген басымдықтарды, жобаларды іске асыруда бастауыш партия ұйымдарының белсенділігін арттыру, бастауыш ұйымдардың алаңдарында атқарушы және өкілді мемлекеттік орган өкілдерінің қоғамдық қабылдаулар өткізу дәстүрін жалғастыру сынды маңызды шешімдер айқындалды.

Мемлекет пен қоғамның жаңғыруына белсенділік танытып, елеулі азаматтық үлес қосқан бірқатар бастауыш партия ұйымдарының төрағалары облыстық партия филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды. Алдағы уақытта да бастауыш ұйымдарды үнемі қолдап, олармен ықпалдастық байланыстарымызды барынша нығайта беретін боламыз.


Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ, 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы.

Пікір қалдырыңыз