Аяқты қоя берiңiз, тышқан қашып кетпесiн!

Бірде кезекші шопандар тауда мал бағып жүреді. Жасы кіші шопан тау тышқанының ініне кіріп-шығып жүргенін байқаса керек. Кәдімгі жоны қызыл, қоңыр жолағы бар, жүні қылшық, үлкендігі мысықтай тау тышқаны. Сырттан келгендер «Мензбир суыры» деп қайдағы біреулердің атымен атап жүрген өзіміздің тауда кездесетін тау тышқаны. Тапқандар терісінен шекірейтіп құлақшын тіктіріп алады. Ел адамдары таудан түскен қойшылардан майын емге сұрап жүреді.
Сонымен, жасы кішісі жасы үлкеніне тау тышқанын ұстауға ұсыныс жасайды. Қолдарында қару болмаған соң үлкенінің «болмайтын тірлік қой» деп тышқан аулауға құлқы болмайды. Сонда кішісі «Ініне түтін салып ұстаймыз. Ұстасақ, ол сіздікі болады» деп қызықтырып көндіреді. Су отынмен ініне бықсытып түтін салып отырғанда...
Інінен атып шыққан тышқан алаңсыз түтін салып отырған үлкенінің аяғына жармаса кетіп, қырши тістеп қатып қалыпты. Сояудай тісі балтырына қатты батқан әрі тышқаннан мұндай қайсарлық күтпеген ол аяғын босатпақ боп әуре болып сілкілеп жатса, қапшықтың аузын ашып даяр тұрған екіншісі оның аяғымен қоса қапқа тыға сап, аузын буып байлап тастапты. Тышқанның тісі жанына батқан әлгі бишара қапшықтың аузын шешпек болып әлек болып жатса, жасы кішісі онымен алыса кетіп:
– Денің сау ма, тышқан босанып кетеді, – деп аяқ салынған қапшықты құшақтап жібермей тұрады.
Үлкені аяғын сүйретіп, олай жүрсе олай, бұлай жүрсе бұлай жүріп, тышқанның қашып кетпеуін ойлап, екеуі атты аласұрса керек.

Нұрмахан ТҰРМАХАНҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз