Әз Наурыз - жаңару мен жасару күні

Халқымыздың асыға күтетін береке-бірлігіміз дәріптелетін, достық қарым-қатынас пен қонақжайлығымыз паш етілетін осынау айрықша мерекеде үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі де салтанат құрады.

Ардақты ағайын, құрметті жерлестер! 

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні Наурыз-мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 

Қазақстандықтар үшін Наурыз – айрықша мейрам. Бұл күн қыстың аяқталып, барша еліміз жаңаша кейіпке енетін көгілдір көктемнің келгенін білдіреді. Жаңару мен жасару күні Сіздерге бақ-береке, ырыс-ынтымақ әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, көркейе берейік!

Халқымыздың асыға күтетін береке-бірлігіміз дәріптелетін, достық қарым-қатынас пен қонақжайлығымыз паш етілетін осынау айрықша мерекеде үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі де салтанат құрады. 

Биылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен Наурыз мерекесін тойлау жаңа форматта  10 күнге дейін ұзартылды. Наурыз мейрамының 14-23 наурыз аралығында тойлануы және бұл кезеңді «Наурызнама» деп атау ұсынылды.

Жаңа өзгерістер аясында Мемлекет басшысы ұсынған Наурызнама дәстүрінің ізімен «АМАNAT” партиясы Түркістан облыстық филиалы аудан, қалалар арасында «Батаменен бақ қонар” онлайн челленджін өткізді. 

Марафон челленджде ел сыйлаған абзал қарияларымыз жұртшылығымызға бата-тілегін, өсиет-өнегесін арнап, жыл бастауы болған әз-Наурыз мерекесіне орай береке-бірлігімізге, ырысты ынтымағымызға тілеулестігін білдірді. 
Баталы елге бақ дарытуға шақыратын бастамамызды тіршіліктің тұғырына баланған Қазығұрт аймағының бәтуалы ақсақалдарының ақ батасымен бастап, түркі жұртының темірқазығы болған Түркістан қаласы қорытындылады. Игілікті бастаманы жалғастыруға республикамыздың басқа өңірлеріндегі ел сыйлаған қарияларды шақырады.

Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін. Жаңа жылда ел тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын!

Құрметпен, «AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты 
Алтынсары Үмбетәлиев

1 пікір

Пікір қалдырыңыз