Түркістан төріндегі тағлым

Қара шаңырақ – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ғасырлық мерейтойы тәберікті Түркістан төрінде жалғасын тапты. Бұл жолы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде  «Қасиетті Түркістан өңірінде саяхат журналистикасы мен арт-журналистиканы дамытудың маңызы» деген тақырыпта семинар өтті.

Семинардың ашылу салтанатында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Керімбек Мырзабаев, университеттің басқарма төрағасы – ректоры Әлібек Шоқпаров және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан сөз сөйлеп, семинар тақырыбына байланысты ой өрбітті.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Керімбек Әлкерім­ұлы баспасөздің қоғамда алар орнына жан-жақты тоқталып, газет ұжымы мен оқырмандарын мерейтоймен құттықтады. Ал, ректор Әлібек Шоқпаров  студенттерге туған өлке тарихы мен табиғатын терең білу үшін  байырғы басылымның берері көп екеніне тоқтала келіп, университет пен «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының өзара тығыз байланыста болғанын қалайтынын жеткізді. Мұнан соң ол газет ұжымына және БАҚ өкілдеріне кәдесый ұсынды. Газеттің бас редакторы Абай Балажан осы кездесуге мұрындық болған облыстық қоғамдық даму басқармасы мен университет басшылығына алғыс айта келіп, билік пен бұқара арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, талғампаз оқырмандардың сұраныстарына сай мазмұнды да өткір материалдар ұсына беру газет қызметкерлерінің қастерлі парызы екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұжымының атынан семинардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан азаматтарға Алғыс хат тапсырды.

Семинарда Қ. А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, ғалым, ұстаз, журналист Бекжігіт  Сердәлі «Арт-журналистиканың қоғамда алар орны», ал, «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің басқарушы директоры, журналист, медиаменеджер Тельман Бейсенов «Бүгінгі баспасөз және медиаменеджерлік қызмет» тақырыптарында баяндама жасады.

Сұрақ-жауаппен жалғасқан семинар әсерлі де тағлымды өтті. Студенттер сан алуан сауалдарға тұщымды жауаптар алды.

Облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасы қызметкерлерінің газеттің 100 жылдығына орай жасаған көрмесі көпшіліктің талғамынан шықты. Тағлымды өткен басқосуға қатысқандар «Оңтүстік Қазақстан» газеті туралы мол мағлұмат алып тарасты.


С.ДӘНІҚҰЛҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Қайсар ШЕРІМ.

Пікір қалдырыңыз