«Ақ босағамды ең киелі, құтты мекен деп санаймын»

 «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мəслихатының депутаты, Түркістан облысының, Кентау қаласының, Отырар, Сайрам аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері  Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА өмірде басты орынға отбасын қою керек деп есептейді. 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында біз Қалыйма әпкенің ішкі жан сарайына үңілуге тырыстық.

 – Қалыйма әпке, қоғамда алар өз орныңыз бар, оны білеміз, ал, отбасыда сіз қандай жансыз?
Отбасында қарапайым әйелмін. Жұмыстан келе салып, басыма орамалды тартып аламын да үйдің тірлігіне араласуға тырысамын. Үйде келінім болғандықтан, асүйге аса көп жәрдемім тиеді деп айта алмаймын, бірақ аз-кем бағыт-бағдар беруге тырысамын. Негізінде қызметтен тыс демалыс күндерімді немерелеріме арнаймын. Екі ұлымнан жеті немерем бар. Алла тағала менің дүниеден жастай кеткен бір қызымның орнына бүгінде жеті қыз сыйлады. Олардың барлығы да музыкаға бейім. Бірі  домбырада, бірі скрипкада, бірі фортепианода, бірі флейтада ойнайды. Соларды тыңдаймын, өз ойымды айтамын. Қазіргі балаларға ата-әженің ұлттық тәрбиесі ауадай қажет. Олар Батыстың тәрбиесін онсыз да мектептен, интернеттен алып жатыр. Бүгінгі күннің талабы – озық ойлы, мейірімді ұрпақ тәрбиелеп шығару. Мейірімді адам кез  келген нәрсеге әділ көзқараспен қарайды, жаны ашығыш, бауырмал болады. Қай ата-ана болмасын, балаларының бір-біріне бауырмал болғанын қалайды.
Уақытым артылып жатса, шығармашылықпен айналысамын. Жұмыс кездерінде жазуға мүмкіндік бола бермейді. 
Үй қызметкерін, балалар күтушісін алған емеспін. Отағасы екеуміз балаларды жастай еңбекке баулыдық.
Жұмыстағы мәселелерді үйге сүйретіп әкелмеймін. Жұмыстың орны бөлек, үйдің орны бөлек. Аттап басқан ақ босағамды ең киелі, құтты мекен деп санаймын. Әйелдің негізгі орны – отбасында. Бала табу, оларға жақсы тәрбие беру кез келген қызметтен ауыр. Бір өкінішім, көп балалы ана болуды маңдайыма жазбапты. Дүниеге әкелген төрт перзентімнің екеуі өмірден ерте кетіп қалды. Үлкен балам кішкентай кезінде кетті, қызым 21 жасында жол-көлік апатынан қайтыс болды. Өзбектерге қызығамын, он баласы бір сәтте бір қауым елге айналып шыға келеді.
Отбасынан уақытың артылып бара жатса қызмет еткенге не жетсін?! Өз басым оған да үлгердім. Жазу-сызудан босағанда өзімнің сүйікті кәсібім – тігіншілікпен айналысамын.  
Аллаға мың да бір шүкір дегім келеді. Өміріме өкпелі емеспін, ризамын десем де болады. Өмірде не алғым келсе, соны алып жатырмын. Ол адамның өз ерік-жігеріне, ынтасына байланысты. Әрине, тар заман болмаса да, тайғақтау кездер болды. Оның бәрі өтіп кетті деп ойлаймын. Дегенмен, аяқтан шалатындар әлі де бар. Бірақ, өзіңіздің жолыңыз тура, ісіңіз әділ болса олардың сізге қиянат жасауға батылдары да, шамалары да жетпейді. Ешкім бекерден-бекер ғайбаттай алмайды, ғайбаттағанмен ел бәрін көріп отыр. 
– Отағасымен қалай таныстыңыз? Балаларыңыз жөнінде де айтып отырсаңыз.
– Мектептен соң Қарағандыдағы кооператив институтын бітірдім. Туған өңірге оралған соң, жолдасым Ақжігітпен үстел теннисін ойнап жүргенде таныстым. Екеумізге де спорттың осы түрі ұнайтын болып шықты. Созақтың жігітінің көзіне менің отты жанарым емес, алдымен ұзын қара бұрымым түсіпті. Кейін осыны айтып күлісіп аламыз. Жарты жылдай кездескен соң, 21 жасымда сол жігітке тұрмысқа шықтым. Автотехникумды, одан соң ҚазҰУ-ді бітірді. Тергеуші, учаскелік полиция болып жұмыс істеді. 45 жасында зейнеткерлікке шықты. Менің барған жерім ғалымдар отбасы еді. Араласатын ортамыздың балалары шетелдерде оқитын. Соларға қатты қызығатынмын.
Бүгінде үлкен ұлым Хамит  ғылыммен айналысады. Ол алдымен Тараз қаласына жоғары оқу орнына түскенімен, екінші курстан соң мұндағы білім сапасына көңілі толмай тастап кетті. Сөйтіп, Санкт-Петербургтағы (Ленинград) Г.В.Плеханов атындағы тау-кен институтына тапсырып, оны мұнай-газ мамандығы бойынша бітірді.  Бір топта 12 бала оқыды. Ол жақта студенттерді 3-курста шетел кәсіпорындары жұмысқа шақыртады екен. Хамит аспирантурада  оқып, бірақ, кандидаттық диссертациясын Қазақстанда, Атырау қаласында қорғады. Мәскеуден, Татарстаннан, Өзбекстаннан ғалымдар келіп қатысты. Финляндияға жұмысқа шақырған жерінен бас тартып, елге, Қазақстанға оралды. Ал, екінші ұлым заңгерлік мамандықты алды. Бастапқыда органда істеді, кейін бизнеске кетті. Тігін цехы, кондитерлік өнімдер цехының жұмыстарын жүргізеді. Негізі өзі соған бейім. Өмірде істеген нәрсем, балаларымның терең білім алуына күш салдым. Үлкенім бүгінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде студенттерге дәріс береді, доцент. Лондонда, АҚШ-та стажировкадан өтті. Хамиттің келіншегі де университетте мұғалім. Өмірлік жұптарын ұлдарым өздері таңдады, араласқан жоқпын.
– Мемлекеттік қызметке келу жолыңыз да оқырмандарымыз үшін қызықты болса керек. Сізге ұқсағысы келетін қаншама сіңлілеріңіз бар... 
– Еңбек жолымды универсальды көтерме-сауда бірлестігінде «товаровед» болып бастадым. Жастығым шығар, кім жұмысқа келмей қалады, соның тірлігін бітіре саламын, ұжымның шайын дайындап беремін, жинаймын, кассир жоқ болса кассир бола саламын, қажет болса еден де жуамын. Қысқасы, екі жарым жылда бірлестікте жан-жақты маман болып шыға келдім. Кейін бөлім бастығы, бастықтың орынбасары болдым. Сонау дағдарыс жылдары жұрттың бәрі жұмыс орындарын тастап кетті. Біздің бірлестік те тығырыққа тірелді. Сол кезде осы бірлестіктің бастығы болдым. Ең алдымен жиналып қалған салық қарызынан құтылдық. Бірде түс көріппін. «Подольский» деген тігін машинам бар еді, екінші балам туғанда алғанмын. Соны сүйретіп келеді екенмін. Ертеңінде оны жуып-тазалап шығарып қойдым. Балаларыма, өзіме үй ішіне киетін киім тігіп, қолымды жаттықтырдым. Көп ұзамай тапсырыстар түсе бастады. Осылайша тігін цехын аштым. Бүгінде 12 тігін машинам бар. Жұмысқа қыздар алдым, бірақ арнайы маман қат болғандықтан, тіккен  арзанқол шапандарымыз өзіме ұнамады. Біртіндеп қымбат, оюлы шапан тігуді бастадық. Бір жылы Қазақстанның Ресейдегі күндері болып, соған баруға 40 іскер әйел іріктелді. Әрқайсысы ұлттық киім дайындап апаруы тиіс еді. Шымкенттен екі әйел баратын болдық. Соған бір жарым ай дайындалдым. Бір костюм дайындадым. Жаңадан тұрмысқа шыққан келіншектің киімі. Сыртында камзолы бар ұзын көйлек сондай әдемі, жарасымды шықты. Ол кездері дүкенде ұлттық киімдер жоқ еді ғой, бүгінде түр-түрі толып тұр. Қазір де тігін цехымыз бар, қанша шығындалсам да оны жаппадым.
– Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің бел ортасында жүрсіз. Облыстық мәслихаттың екі шақырылымының депутатысыз. 
– Болат Жылқышиев облысқа әкім болып тұрған кезінде «Болашаққа – кітаппен» деген акция өтті. Өзім кітап жинағышпын, оның үстіне жұмыс орнымда қатталып тұрған кітаптар көп, соның барлығын қосып 2 мың кітапты Үкіметке тапсырдым. Сол кезде көзге түсіп қалсам керек. «Отан», «Асар» партиялары қосылған кезде «орынбасар керек, әйел адам болсын» деген кезде ойларына мен түсіппін. Өзім партия мүшесі болсам да ешкімді танымаймын. 2006 жылы алыс жолда кетіп бара жатқанымда біреулер қоңырау шалып, әй-шәй жоқ «Политсоветтің мүшесі боласыз ба?» деді. «Мақұл» дедім. Бір кезде қайтадан хабарласып, «орынбасар боласыз ба? Сіздің кандидатураңыз сәйкес келіп тұр» деді. «Бопты» дедім. Өзім сенбедім. Кейін ешкім ешқандай хабар айтпады. Үш-төрт күннен кейін маған хабарласқандар «жұмысқа неге келмейсіз?» дейді. Әншейін қоғамдық негіздегі жұмыс деп ойладым. Сөйтіп жүріп, мемлекеттік қызметке қалай кірісіп кеткенімді білмейде қалдым. 
Қазіргі таңда әйел-аналарға барлық жағдай жасалуда. Айтарым, мемлекеттік қызметте аралас жүйе керек. Тек жастар ғана емес, тәжірибесі барлар да ел дамуына өз үлестерін қосуы тиіс. 
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп-көп рахмет! Халықтың сенім үдесінен шыға беріңіз!

  Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз