Жомарт құсбегі

Төлеби ауданындағы Кеңес­арық ауылының тумасы Жомарт Кеуенов бабаларының қанына сіңген көне дәстүр – құсбегілікті жалғастырып жүрген белгілі саятшы. Оның есімі түркістандықтарға  жақсы таныс. Ол тіпті республика көлемінде өтетін сайыстарда да олжа салып жүр. 

Ұлтымыздың ерекшелігін айқындап, болмысын айшықтайтын құсбегілік өнер ежелден бері атадан балаға жалғасып келе жатыр десек, бұл сөз тікелей Кеуеновтер отбасына арналып айтылғандай. Өйткені, Жомарттың өзі «менің естуімше, 4 атам құсбегілікпен айналысқан екен. Енді біз мұрагерміз. Ал, оның алдындағы бабаларымның да саятшылық құрғанына күмәнім жоқ» дейді. 
Әсіресе, Жомарт ағаның 95 жасында дүниеден өткен әкесі Паң ақсақалды осы төңіректе білмейтін жан жоқ. Өмірінің соңына дейін саятшылық құрған Паң атаның аттың үстінде қолына бүркіт қондырған бейнесі ел есінде мәңгі қалып қойған. Ол кісінің нағашы жұрты да белгілі құсбегілер ретінде танылған. Паң ақсақал Кеңес заманында Сайрамсу өңірінде қыран құстарды баптаған жалғыз құсбегі еді. Қазір оның ісін ұлы Жомарт пен немересі Талғат жалғастырып отыр. Екеуі де Шымкент қаласындағы ұлттық спорт мектебінде сабақ береді. Иә, саятшылықтың қыр-сырын жас ұрпаққа ұмыттырмай, мейлінше дәріптеп жүрген осындай әулеттің өз жерлестері болғандығын төлебиліктер орынды мақтаныш етеді. 
Жомарт Кеуенов бүгінгі таңда Ғани Ахметбаев басқаратын Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің саят бөлімінде жұмыс істейді. 
Саятшылықтың өзі 2004 жылы ғана ұлттық спорт ретінде танылды. Ал, саят бөлімі 2007 жылы ашылды. Міне, содан бері шәкірттеріне саятшылық дәстүрінің мың сан құпияларын үйретіп келе жатқан Жомарт бұл сала сабыр мен төзімділікті талап ететінін тілге тиек етті. Айтса айтқандай, құс баптаудың өзі қиямет қиын екен. Еркіндікті қалайтын құстарға деген қызығушылық пен сүйіспеншілік болмаса оларды қолға үйрету оңай емес. Балапан кезінен баптап, баулу асқан шыдамдылықты талап етеді. Құстың жаратылысы нәзік болғандықтан тағамын да талғаммен беру қажет. Олай болмаған жағдайда құстар арасында кездесетін түрлі ауруларға шалдығып, үмітті ақтай алмасы анық. Сол себепті дер кезінде жемдеп, дәрілерін уақтылы ектіріп, таза ауада серуендетіп, ерекше күтім жасап отырады.
«Менде дәл қазір 2 бүркіт, 2 қаршыға, 2 ител­гі бар. Тазы да асыраймыз. Қаршыға мен ителгіні көбіне кекілікке саламыз. Ерекшелігі – ителгі ұзақ ұшқанға жақсы. Ал, қаршыға жемтігін жақыннан, 100 метр қашықтықтан алады. Қазір ақпан айында Ақтөбе қаласында өтетін республикалық жарысқа дайындалып жүрміз» дейді Жомарт Кеуенов. 
Әр саланың өз проблемасы болатыны сияқты Жомарт құстарына азық пен дәрумендерін өз қаржысына сатып алады. Ол баптауындағы құстарға тек табиғи азық береді, атап айтқанда, көбіне құстың еті мен жұмыртқасын шала пісіріп береді. Тәулігіне 6-7 келі ет жейді. Сайыстарда облыс пен республикамыздың намысын қорғап жүрген құстарды облыстық спорт басқармасы өз қорғауына алып, азығы мен күтіміне қаржы бөлдіріп, жағдай жасаса, ол ұлттық өнерімізге жасалған қолдау болып шығар еді-ау... Жомарттың Сейдулла, Төлен есімді перзенттері де әкелерінің қолғанатына айналған. Олар құс баптаудың қыр-сырын бала кездерінен көріп өсті. Қолдары қалт еткенде туған жердің төсіне шығып, құстарын жаттықтырады. Олардың бұл өнерін ауыл жастары да қызықтап, тамашалайды. 
Ұлттық спорт түрін жаңа қарқынмен дамытуға, төл өнерімізді төрге шығарып, бұқараға дәріптеуге ерекше мән беріп отырған Кеуеновтер отбасымен осылайша танысып, табиғат аясында саятшылықтың көріністеріне куә болып қайттық. Мені құстардың алғырлығы, сезімталдығы, иесінің тапсырмаларын бұлжытпай орындайтын жауапкершілігі қайран қалдырды. Қырандарда иесіне бауыр басу, алыстан көру, есту қасиеттері жақсы дамыған екен. Тұғырда отырған құстың иесіне құлағын тосып, тапсырма күтіп отырғаны маған қызық көрінді. «Әй, кел-кел!» деп айқайлағаны сол еді, қиқулай ұшып барып, жемтігін көз ілеспес жылдамдықпен іліп түсті. 

Дина ХАНГЕЛДІ.
Төлеби ауданы.
Пікір қалдырыңыз