Қайта қаржыландыру – тығырықтан шығудың бір жолы

Қазіргі таңда қарыз алу қиын болмай қалды. Тіпті, үйде отырып-ақ несие рәсімдеуге болады. Ол аз десеңіз, қарыздың үстіне қарыз алып, бірін екіншісімен жауып жатқандар да жоқ емес. Осы орайда біз оның айырмашылығы мен артықшылығы қандай деген сауалға жауап іздеп көрдік. Яғни, қайта қаржыландыру және қайта құрылымдаудың қыр-сырына үңілген «Fingramota» халықтың қаржылық сауаттылығын артыру ұйымының зерттеуінше, бұл тәсіл сізді тығырықтан толық алып шықпаса да, біршама жеңілдік жасайтын көрінеді.  

Егер ай сайынғы төлейтін несиеңіз отбасылық бюджетіңізге шамадан тыс салмақ түсіріп жүрген болса, онда қарызыңызды қайта қаржыландырып көріңіз. Бұл рәсімдерді қандай жағдайларда қолдануға болады? Алдымен осы сауалға жауап берейік. 

Қайта қаржыландыру (рефинансирование) – қолданыстағы несиені жаңасын ресімдеу арқылы өтеу. Қайта қаржыландыру үшін қарыз алушы қолданыстағы несие ресімделген банкке немесе жаңа банкке барады, ол оған неғұрлым тиімді талаптармен несиеге қажетті соманы бөледі. Әдетте адамдар ай сайынғы төлемдер жоғары болса қайта қаржыландыруға жүгінеді. Мысалы, сіз автонесиені жоғары пайызбен ресімдедіңіз, бірақ уақыт өте келе сіз басқа қаржылық ұйымдарда автонесие берудің жеңілдетілген талаптары бар екенін білдіңіз. Мұндай жағдайларда қайта қаржыландыру үшін сізге неғұрлым тиімді талаптар ұсына алатын кредиторға жүгіне аласыз.

Қайта қаржыландыру несиені дұрыс төлейтін, бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты оларға банк алдындағы міндеттемелерді орындау қиындық туғыза бастаған қарыз алушыларға ыңғайлы. Сондай-ақ, қайта қаржыландыру кезінде қолданыстағы бірнеше кредитті біріктіруге болады – бірнеше ұсақ несие төлегеннен, бір қомақты несие төлеу жеңілірек.

Бірақ бұл жеңілдік кез келген адамға берілмейді. Әдетте, банктер клиенттің кіріс деңгейін, бұрын банкпен арадағы келісім шарттағы міндеттемелерді уақтылы орындауын, борыш жүктемесін тексереді, содан кейін ғана шешім қабылдайды.

Қарызды қайта қаржыландырған жағдайда, оны бірінші банкте рәсімдеуге асықпаңыз – өзіңізге қолжетімді барлық ұсыныстарды салыстырыңыз. Жаңа несиені рәсімдеу кезінде қарыз шартын мұқият оқып шығыңыз, қолданыстағы несиемен салыстырғанда ай сайынғы төлемнің кестесі мен мөлшеріне және ықтимал қосымша қызметтерге назар аударыңыз. 

Қарызды қайта қаржыландырудың артықшылықтарына мыналар жатады: пайыздық мөлшерлемені төмендету, ай сайынғы төлемдерді азайту, бірнеше несиені бір несиеге біріктіру. Алайда, егер жаңа несие азғантай сомаға және қысқа мерзімге жасалса, сондай-ақ, несие ұйымы қосымша қызметтер жүктесе, қайта қаржыландыру мүлдем тиімсіз болады. Қайта бұл қарыз алушының борыш жүктемесін одан әрі көбейтеді. 

Қайта қаржыландыру кезінде клиент банкті өз бетінше таңдаса, онда қайта құрылымдау кезінде қолданыстағы несие талаптарының өзгерістерін қарыз берген қаржылық ұйым өзі шешеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда несиені өтеуде қиындықтарға тап болған азаматтардың проблемалық берешегін реттеу тәртібі қолданыла бастады. Осы тәртіпке сәйкес қаржылық ұйымдар төлем мерзімін кешіктіру басталған сәттен бастап 20 күн ішінде ол туралы қарыз алушыны хабардар етуге міндетті. Хабарламада банктер мен қаржылық ұйымдар азаматтарға несие бойынша төлем жасау, қарыз өтелмеген жағдайда, оның мөлшері мен қарыз алушы үшін салдарын көрсете отырып, мерзімі өткен берешекті өтеу, қарызды қайта құрылымдау мәселесі бойынша кредиторға жүгіну қажет екендігі туралы хабарлайды. 

Өз кезегінде, төлем мерзімін кешіктірген қарыз алушылар ол басталған күннен бастап 30 күн ішінде қарыздар мен микрокредиттерді қайта құрылымдау үшін қаржылық ұйымға өтініш беруге құқылы. Өтініште орын алған төлем мерзімін кешіктіру себебін көрсетіп, мүмкін болатын қайта құрылымдау бойынша өз нұсқасын көрсету қажет, сондай-ақ, кірістің төмендеуіне байланысты міндеттемелер бойынша уақтылы төлей алмауын растайтын құжаттарды ұсынуы қажет. Банк пен шағын қаржылық ұйым қарыз алушының өтінішін міндетті түрде қабылдауы, тіркеуі, есепке алуы және қарауы қажет.

Кредитор өтінішті күнтізбелік 15 күн ішінде қарайды, одан кейін жауап беруге міндетті. Оң жауап болған жағдайда, банк немесе шағын қаржылық ұйым қарыз алушының ұсыныстарымен және қайта құрылымдау шарттарымен келіседі немесе оған қарыз шартын өзгерту жөнінде өз ұсыныстарын береді. Теріс жауап болған жағдайда, олар бас тартудың себептерін негіздеуі керек.

Қайта құрылымдаудың қайта қаржыландырудан айырмашылығы қандай деген сауалға нақты жауап берер болсақ, қайта қаржыландыру кезінде клиент өзіне қолайлы жағдайларды қарастырады және жалпы алғанда белгілі бір пайда алады. Яғни, бірнеше қарызды бір қарызға біріктіру өте ыңғайлы, сонымен қатар несиеге қызмет көрсету шығындары азаяды. Бұдан басқа, қарыз алушы банктерді өзі таңдап, олардың ұсыныстарын салыстыруға құқылы.

Өз кезегінде, қарыз алушылар өздерінің қаржылық жағдайы нашарлаған және несиелік міндеттемелерді уақтылы орындай алмаған кезде қайта құрылымдауға жүгінеді. Кредитор оны клиенттің сот шығасыларын төлемей, несиені төлеу бойынша тайм-аут алуына мүмкіндік беру үшін ұсынады. Қайта құрылымдаудың әрбір жағдайы жеке қаралады.

Несиелік жауапкершілік жайлы ұмытпаңыз. Сізге төлем мерзімін кейінге қалдыратындай немесе жаңа несие қажет болатындай қиын қаржылық жағдайға тап болмас үшін өзіңізге несиенің қаншалықты керек екеніне талдау жасаңыз. Кез келген несиені рәсімдемес бұрын мәселені онсыз да шешу мүмкіндігіңіз туралы тағы бір рет ойланып көріңіз. Біраз уақыттан соң мәселені несиесіз шешу мүмкін болмаса, сонда ғана банкке бару керек.

Тағы бір мәселе, несиелік тарихты бұзудың оңай екенін, ал, оны қалпына келтіру үшін бірнеше жылдың қажет болатынын ұмытпаңыз. Әйтпесе қомақты әрі шұғыл несие қажет болған жағдайда, сіз оны ала алмайсыз, бұл жоспарларыңызды бұзады. Осындай жағдайға жол бермеу үшін қарыз деген «қақпанға» барынша жауапкершілікпен қараңыз. 

Пікір қалдырыңыз