«Бай болсаң, елге пайдаң тисін!»

Тәуелсіздік алдық, елімізге дәстүрлі дініміз қайта оралды. Алғашқыда жұртшылық болып асарлатып Құдай үйі – мешіттер салдық. Бұл іске меценаттар, кәсіпкерлер, бай-бағландар да қолдау білдірді. Бүгінде елімізде 2790 мешіт, соның ішінде Төлеби ауданында 64 мешіт жұмыс істейді. Бұрын-соңды ата-бабаларымыз өңі түгілі түсінде көрмеген зәулім, салтанатты мешіттер бой көтерді. Дегенмен, мешіт салуды бәсекеге айналдырып, бірінен-бірі асып түсуге тырысып жатқандар да аз емес. Әр ауылда қанша ата тұрса, сонша мешіт салатын болдық. Әр атаның адамдары бір мешітте басы қосылмайды. Бұл қазақты бөлінушілікке, іштей ыдыратуға апарып, ынтымақ-бірлігіне селкеу түсіруде.

Бүгінде күнәларымызды кешірсін дей ме, бұрын ірі қызмет атқарғандар, дәулетті кісілер жаппай мешіт салуға ден қойды. Әрине, мешіт салуға ешкім қарсы емес. Алайда, меценаттар, кәсіпкерлер мектеп, балабақша, Мәдениет үйлерін, спорт кешендерін салуға неге тартыншақтайды?
Қазір ауыл мектептерінің проблемалары шаш-етектен. Ауылдағы мектептердің көпшілігі заманауи талапқа сай келмейді. Оқу бөлмелері, спорт залдары жетіспейді. Материалдық-техникалық базалары нашар. Көбінде бір ғана спорт залы бар. Сондықтан үйірме, спорт жұмыстарын ойдағыдай өткізуге жағдайлары жоқ. Әр ауылда балалар бақшасы болғанымен, атына заты сай емес. Бөлмелері тар. Балдырғандарды заманауи үлгіде оқытып, тәрбиелеуге мүмкіндік болмай тұр. Мәдениет үйлері жоқ ауылдар қаншама?!
Мемлекет «Жайлы мектеп» бағдарламасын қабылдап, жас ұрпақты заманауи әлемдік үлгіде оқытатын білім ошақтарын салуды қолға алды. Дегенмен, осы болашағы зор істі жүзеге асыруға үлгермей жатыр. Шариғатта мешіт, мектеп, жол, көпір салған сауап дейді. Сондықтан мектеп салуға байлар, кәсіпкерлер, меценаттар тартылса деймін. «Бай болсаң, елге пайдаң тисін!» дейді Әйтеке би. 
Өткен ғасырдың басында қазақтан шыққан меценат Маман бай ауылынан мектеп ашып, балаларды оқытуға қамқорлық көрсеткен екен. Мұғалімдердің жалақысын төлеген. Оқу орнына түскен шәкірттерге стипендия тағайындаған. Алғашқы қазақ газет-журналдарын шығаруға қаражат жағынан қолдау жасаған. Біздің меценаттарымыз да осындай болашағы зор игілікті іске қолдау білдірсе, жастарымыз сапалы білім алып, еліміздің көркейіп, дамуына үлес қосқан болар еді. Өйткені,  болашақ – білім, ғылымда. 

Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Пікір қалдырыңыз