Нені оқымау керек?
Қазіргі нарық
заманда баспа үйлері оқырмандарға кітаптың неше түрін шығарып беріп жатыр.
Көңіліңіз қайсысын қалайды – әдеби, тарихи, энциклопедия, детектив дейсіз бе,
әлде мотивациялық кітаптар ма – бәрін табуға болады. Осындай көп кітаптың
арасынан өзіңе керегін ғана тауып оқу үшін жоғары талғам керек.
Айдын Рахымбаевтың
«Нені оқымау керек?» атты кітабын оқыған болатынмын. Бұл кітаптың басқа
кітаптардан ерекшелігі – ғылыми-практикалық болуында. Қазіргі заманда «сауатты адам»
деп әріп танып жаза білетін және оқи білетін адамды емес, оқып жатқан ақпаратқа
не үшін мұны оқып отырмын деп рационалды ойлана білетін, ақпаратты сараптай білетін
адамды айтамыз. Бұл кітапта өзіңе керекті мәліметтерді қалай алуға болатыны мен
білімді іздеу жолдары берілген.
Сондай-ақ, аталған
кітапта артық білімнің зияны, пайдалы білім алу жолдары және нақты пайдалы
білімнің түрлері көрсетілген. Автор бұл кітапты кезекті бір оқулық ретінде
емес, кітапта айтылған білімдерді ертеңінде жүзеге асыратындай етіп ұтымды бере
білген. Кітап мұғалімдерге, студенттерге, жоғарғы сынып оқушыларына арналған
деп айтсақ та болады.
Сол себепті өз
әріптестерім мен оқушыларыма А.Рахымбаевтың «Нені оқымау керек?» атты ғылыми-практикалық
кітабын оқуға кеңес берген болар едім.
Нұрым АЙТБАЕВ,
Н.Оңдасынов атындағы №14 мектептің орыс тілі және
әдебиеті пәнінің мұғалімі.