КӨРШІ

«Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» деп бұрынғылар дөп айтқан. Әңгімемнің арқауы сол қапталда дуалымыз жабыса орналасқан үйде тұратын жалғызбасты әйел. Талай жыл мектеп директоры болған білімді, білікті жан. Қазір зейнеткер. Жалғыз қызы бар, ол студент. Алғаш танысқанда «жақсы адаммен көрші болдым» деп қуанған едім. Сол көршіммен ара-қатынасымыздың бұзылуына немерелерім себепші болды. «Балалы үй базар» дегендей, біздің үй үнемі азан-қазан болып жатады. Үйелмелі-сүйелмелі бәтшағарлар белгілі бір тәртіпке көнбейді, құлайтыны, жылайтыны, күлетіні бар дегендей, шуылдайды да жатады. Бір күні көршім кенеттен кіріп келді де, амандық-саулықсыз: «Көрші, мен полиция шақырамын. Тыныштық бересіңдер ме, жоқ па?» деді зілденіп. Әуелде «не жазып қалдық?» деген оймен: «Апай, не болып қалды, тыныштық па?» деп жалпылдап-ақ жатырмын. Апайымның қабағы қатулы: «Маған тыныштық керек, балаларыңның дыбысы шықпасын» деп кесіп айтты.
Сол әңгімеден кейін үйде әбігер басталды. «Ойбай, жылама», «Допты орнына қой», «Телевизорды өшір», «Тыныш», «Апа, кішкене ойнайықшы», «Анашым, мен шулаған жоқпын ғой», «Әкешім, доп ойнасақ бола ма?» деп сыбырлап жүретін болдық. Дегенмен, баланың аты бала ғой, қашанғы тыйым саламын?! Шуылдақтарымды біртіндеп тәртіпке келтіріп жүргенде, қыс ауасында үшінші немерем дүниеге келді.
Бір күні көршім тағы да есік қақты. Айтатын әңгімесі белгілі. «Сендер сөзге түсінесіңдер ме, өзі? Сендерге балаларың шуламасын дедім емес пе?! Қандай балалар бұлар біресе жылайтын, біресе күлетін» дейді апайым. Алдында сабыр сақтап, «апай, ренжімеңіз. Барынша шулатпауға тырысайық. Айып етпеңіз» деп шығарып салдым. Бірақ көрші қит етсе ескертуін қоймады, немерелер шулауын доғармады. Мен екі оттың ортасында қалдым. Өмірден көргені бар, көзі ашық, білімді, бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұстаздың шыдамы мен төртінші немерелі болғанда таусылды. Кезекті келісінде: «Ей, көргенсіздер. Жәй сөзді түсінбедіңдер ғой, әкімшілікке барып арыз жазамын. Полиция шақырам, сендерді мына жерден көшіремін. Тәрбиелей алмасаңдар неге туа бересіңдер? Ой, түк көрмеген жабайы қазақтар! Өзің тәрбие көрмегенсің, сен баланы қалай тәрбиелейсің?» демесі бар ма?! Сол жерде менің де шыдамым сарқылды. Сыпайылықты сілкіп тастап, ашық айқасқа көштім. «Тоқтаңыз, апай! Бала туылмасын, шуламасын, туылса да, көршінің мазасын алмасын деген заң қай жерде бар екен, көрейік. Өмірге бала әкеліп, ұрпақ сүйгеніміз үшін бізді жабайы санап тұрсыз ба? Қазір полицияңызды мен-ақ шақыра қояйын» дедім де, 102-ні тердім. Сонымен не керек, қазақ полициясы келіп, мұның түкке жарамсыз іс екенін дәлелдеп берді. Педагог апайыма өзім де біраз лекция оқып, үйінде аялап бағып отырған бес итінің беймезгіл үріп мазаны алмауын қатаң ескертіп шығарып салдым. Содан жыл өткен соң, бесінші немерем өмірге келді. Сол даудан кейін арамыз аздап түзеліп, бас изесіп амандасып, ара-тұра «Немерелерің жақсы ма?» деп сұрап қоятын болды.
...Көктемнің қарбалас күндерінің бірінде, бала-шағаммен талдардың түбін қопсытып, су құйып, улап-шулап жүргенбіз. «Көрші» деп әлсірей шыққан дауысқа жалт қарадым. Апайдың жүзі сынық, әбден жүдеген, «Саған өтінішім бар еді. Мен ауруханаға жатамын. Мен жоқта иттеріме тамақ беріп тұра аласың ба, өтініш. Сен мына жерге іліп қойсаң болды, қызым сабақтан келген соң, өзі береді» деді ентіккен, әлсіз үнімен. Өтінішін орындайтынымды айтып, дертіне шипа тілеп, шығарып салғанмын. Содан қайтып көршімді көрмедім. Тек иттеріне күніге тамақ апарып, апай нұсқаған жерге іліп кету күнделікті дағдыма айналды. Жаз айларында тамағым уақтылы алынбай, иттері ұлитынды шығарды. Сондай кездері апайдың «иттерге тамақ бермедің» деп қызына кейіген әлсіз үні ауласынан құмыға шығып жататын. Жаздың шіліңгір шілдесі, күздің жаңбырлы күндері өтіп, қылышын сүйретіп жеткен қыстың аязды бір күнінде дабыл қағып жеткен «Жедел жәрдем» көлігі көршімді салып алып, жүйіткіп бара жатты.
Арада көп өтпей ол мәңгілік сапарға аттанды. Жаназаға көп адам жинала қоймады. Апайды жер қойнына тапсырып келген соң көп өтпей-ақ, көршінің үйінен шаң-шұң дауыстар шығып, көңілді басқосулар көбейе бастады. Бірде түн ортасында «көмектесіңдер» деген ащы айқай шықты. Ұлым мен келінім сөзге келместен көмекке ұмтылды. Әлден уақытта оралған ұлым ләм-мим деместен бөлмесіне кетті. Келінім: «Ее, бала бер, бала берсең сана бер» деген рас екен ғой, анасының топырағы кеппей жатып, үйіне жігітін кіргізіп алыпты. Ол жігіті достары мен құрбыларын жинап алып, жынойнақ жасап жатыр. Кезінде біздің бөпелердің шуылын көтере алмай, қаншама сөз айтып еді» деп күйзеле күбірледі.
Ал, мен тіршілікте тіл табыса алмаған көршімнің соңында қалған жалғыз тұяғының мына тірлігіне кімді кінәларымды білмей, дал болдым. Санамда шындық сайрап тұрса да, марқұм болып кеткен пендені қалай айыптайын, не де болса, тірінің жүрегіне Тәңірім иман берсін, жас қызға анасының қадірін сезінер сәт келер-ау, бірақ, кеш түсінгеннен пайда қанша?! Қабырға қайыстырар қайғыны да сезіне алмайтын қандай ұрпақ бұл? Ішкі ойыммен арпалыса алысып жатып таң бозарғанын байқамай да қалыппын. Көршімнің жанындай жақсы көретін, оқта-текте кәдімгі туған баласындай тілдесіп жүретін бес иті сол түні тағы да жарыса ұлыды.
Айгүл ҚАЛТАЙҚЫЗЫ.