Елімізде мал иелеріне жаңа тыйым енгізілді
Ішкі істер министрлігі елімізде төрт түлік
иелеріне малды бақылаусыз бағуға тыйым салды. Құзырлы орган жаңа шектеу мал
ұрлығын тыю мақсатында енгізілгенін мәлімдеді. Елімізде мал ұрлығы жалпы
қылмыстың 3 пайызын құрап отыр. Тұтастай алғанда көрсеткіш төмен болғанмен
ұрлықтың бұл түрі қарапайым халыққа айтарлықтай жапа шектіріп тұр.
ІІМ мал ұрлау фактісінің түбін тексере келе
осы типтегі ұрлық қараусыз жайылып жүрген малдарға қатысты көп тіркелетінін
анықтаған. Сандарға сүйенсек, өткен жылы болған мал ұрлығының 1477-ден 1111-і
түлікті қараусыз қалдыру себебінен болған. Соңғы 5 жылда мал ұрлығын 62,5
пайызға, оның ішінде 2023 жылы 16,3 пайызға дейін азайған. Ішкі істер министірлігі
мұнымен тоқтап қалмаймыз, осы бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп жатқанын
айтты.
«Енді төрт түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз
ету мақсатында Ішкі істер министрлігінің бастамасымен әкімдіктер малды жаю
ережелерін әзірлеп, бекітті. Ережеге сай оларды бақылаусыз жаюға тыйым
салынады. Белгіленген ережені бұзғаны үшін мал иелеріне 3-тен 10 АЕК-ке дейін
(шамамен 11- 37 мың теңгеге) айыппұл салу көзделген. Әкімшілік құқық бұзушылық
туралы кодекстің 408-бабы бойынша жауапкершілік белгіленеді.» деп хабарлады
Ішкі істер министрлігі.
Айта кетейік, мал ұрлығы үшін берілетін ең
жоғарғы жаза ол мал-мүлкін тәркілеу, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Т.СЕЙІТХАНҚЫЗЫ.