Аштық құрсауындағы аймақтар

БҰҰ мәліметіне сүйенсек, бүгінде әлемнің 20 еліне аштық қаупі төніп тұр. Осы ұйымның дерегінше, дүние жүзіндегі  34 миллион адам аштықтың салдарынан өлім құшу алдында. Сондықтан БҰҰ әлем жұртшылығын аштық құрсауындағы адамдарды құтқаруға шақырады.
Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы мен Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы бірнеше елдегі жағдайларға тексеру жүргізген. Сонда Конго Демократиялық Республикасында 
19,6 миллион адам аштық құрсауында екенін анықтаған. Аталған ұйымдардың мамандары Оңтүстік Суданда аналар балаларына өлген малдың терісі мен балшық жегізуге мәжбүр болғанын көріпті. БҰҰ әлемде 270 миллион адам аштықтың зардабын тартқан деп отыр.
Зерттеулер дүние жүзінде әрбір тоғызыншы адам аштыққа душар болғанын анықтаған. Соның салдарынан жер бетіне қауіпті індеттер – СПИД, безгек пен туберкулез кеңінен таралуы мүмкін деседі дәрігерлер. Тағы бір алаңдатарлық жағдай, жер бетіндегі 2 миллиард адам денсаулыққа қауіпсіз әрі қажетті азық-түлікке қол жеткізе алмайды. Америка және Еуропа халқының 8 пайызы сапасыз азық-түлік тұтынады. Біз аштық дегенде Африка елдерін еске аламыз. Бұл рас та. Алайда, Латын Америкасы мен Кариб бассейні маңындағы елдерді де аштық жайлаған. 2010 жылдан бері Батыс Азияда да ашыққандардың саны көбейіп келеді. 
Бүгінде Ауғанстан, Нигерия, Йемен, Судан, Оңтүстік Судан  және Сахел аймағындағы жағдай да мәз емес. Таяу Шығыстағы Сирия мен Ливанға, Латын Америкасындағы Гаити сияқты мемлекеттерге халықаралық ұйымдар назар аудармаса болмайды. Осы елдердегі 34 миллион тұрғын терісіне ілініп әрең жүр деген дерек бар. 
Әлемдегі аштық туралы алаңдаушылықтың себеп-салдары қайдан? Бұл ретте ең әуелі мемлекеттер мен мемлекеттер арасындағы қақтығыстар еске түседі. Әлемдік жылыну, экономикалық қиындықтар, кешегі пандемия  миллиондаған, миллиардтаған адамдардың қалыпты өмір сүру дағдысынан айырды. Жоғарыдағы себептер жұмыссыздыққа әкеліп соқтырды. Жұмыссыздық аштыққа, аштық елді тастай қашқан босқындыққа ұрындырды.
Бір мысал. Йеменді ашаршылық жайлаған. Азық-түлік тапшы. Осы елде 2004 жылы азамат соғысы орын алды. Сол соғыстың салдары әлі де жойылмай келеді. Йемендегі ашыққан тұрғындардың саны бүгінде 16 миллионнан асып жығылады. БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бас экономисі Ариф Хусейн кешегі коронавирус, валютаның құнсыздануы, босқындар мәселесі аштықтың етек алуына соқтырғанын атап өткен. Іріңді індеттің барлық елді тығырыққа тірегенін білеміз, ол біздің де басымыздан өтті. Көп елдерде бұл азық-түлік бағасына, егін жинау науқанына кері әсер еткен. Сондықтан әлем елдері экономиканы көтеруді ойлап, бас қатыруда.  Тұрмысы төмен елдердің табыс көздерін сақтап қалу да маңызды. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш аштықтың алдын алу үшін 5,5 миллиард доллар жинау керек деген мәлімдеме жасады. Осыдан үш жыл бұрын осы ұйым миллиардерлер мен кәсіпкерлерді аштықтан қырылу қаупі бар 30 миллион адамды құтқаруға шақырғаны жұртшылықтың есінде болар.
Бір қауіп бар. Ол – көмек қажет ететін елдерге барғандардың жұқпалы ауру жұқтырып алуы. Мамандар қажетті қаражат пен гуманитарлық көмектен басқа дәнді дақылдардың тұқымын да жеткізу керек деседі. Ал, елді құрғақшылық жайласа тұқымнан қандай пайда бар?
Негізінен, аштықтың алдын алу туралы әлемде бірнеше маңызды құжаттар қабылданған. 1996 жылы 182 ел аштықтың алдын алып, 2015 жылға дейін аш адамдардың санын екі есеге дейін қысқартуға келіскен. Осыдан соң 2000 жылы көшбасшы елдер мыңжылдық декларациясын қабылдап, сегіз басымдықты негізге алды. Шын мәнінде декларация аштықтың алдын алуға көмектесті. Нақтыласақ, кедейліктің шегінде тұратын халық санын екі есеге дейін қысқарту мәселесі 2010 жылы орындалған. Дамушы елдердегі аштыққа тап болған адам саны да екі есеге дейін қысқарған. Мәселен, 1990 жылы әлемде әрбір төртінші бала қажетті салмақ жинай алмаса, қазір әрбір жетінші балада осындай проблема бар.
Бүгінде Декларацияның 2030 жылға дейінгі  жоспары бар. Ендігі басты назар ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерін өндіруге арналмақ. Денсаулықтың жақсаруы сапалы азық-түлікке де байланысты. Бұдан басқа да бірқатар жобалар бар. Қалай дегенде де әлем елдері міндеттерін тең атқарып, аштық жайлаған жерлерге көмек қолдарын созулары тиіс. Бұл – барлық азаматтардың міндеті.
Климаттың өзгеруі, алапат апаттар, су тапшылығы, тасқындар, құрғақшылық әлем халқын алаңдатудай алаңдатып отыр. Бұл тығырықтан шығудың жолдарын іздеп, ғалымдар да бас қатыруда. Ал, алпауыт елдер... басқа планеталардан жайлы қоныс іздей бастады. Не істеген жөн? Жер-анамызды қауіптен қалай құтқарып қаламыз? Бүгінгі басты сұрақ осы болып тұр.

О.ТАЙЛАНБАЙ,
журналист.
Пікір қалдырыңыз