Медиация – бітімгерлік жолы

Баян Дарғожина,
«Оңтүстік Қазақстан».

Еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың бірлігін нығайтып, қоғамдық келісімді сақтау мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация жұмысына ерекше маңыз беруде. Медиация ұғымы қазаққа жат емес. Ел арасындағы дау-дамайды ата-бабаларымыз мәмілемен, ымырамен шешкен. Ол заманда медиатор міндетін қазақ билері, данагөй қариялар атқарып, ел ішінің тұтастығы мен беріктігін сақтаған. Билер тәжірибесінен бастау алып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан медиация бүгінде заңдастырылды. Қазір дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей шешу, уақтылы әрі қажетті үдеріс. Әлемдік статистикаға сүйенсек, даудың 40%-ы медиаторлардың көмегімен шешіліп, істің 80%-ы оң нәтиже беруде.

2011 жылғы 28 қаңтарда елімізде ҚР «Медиация туралы» Заңы қабылданды. Осы заңның аясында елімізде медиаторлардың қатысуымен дауларды шешудің баламалы жолдарын дамыту үшін құқықтық шарттар жасалды. Медиация соттардың жұмысын жеңілдетуге көмектесіп, оларға өте күрделі процестерге назар аударуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тараптарға ұзақ сот процедураларын және қосымша сот шығындарын болдырмайды.
Медиация мен басқа да рәсімдер арасындағы негізгі айырмашылық – медиатор даудың бейтарап жағын ұсынады және шешімдер қабылдамайды, ол тараптарға жанжалда тек келісімге қол жеткізуге көмектеседі, онда олардың ешқайсысы жеңілгендігін сезінбейді. Медиацияның артықшылығы сол,  жанжалдасқан тараптар дауды өз мүдделеріне сәйкес шешуге мүмкіндік алады. Медиация қақтығысты шешіп қана қоймай, тараптарға бейбітшілікті қалпына келтіруге және қарым-қатынасты жалғастыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында Ассам-блея жанынан медиация кабинеті ашылып, медиация кеңесі белсенді жұмыс істеуде. Медиация кеңесінің облыс көлемінде 19 кабинеті мен оларда жұмыс істейтін 63 кәсіби және қоғамдық медиаторы бар. Өңірдегі халықтар достығына, ұлтаралық татулыққа, біртұтас ел болуға көңіл бөлініп отырған бүгінгі күні тараптарды татуластырудың маңызы зор.
Түркістан облыстық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаевтың айтуынша, облыс көлемінде қызмет ететін кәсіби және қоғамдық модераторлар өздерінің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес тараптардың арасындағы құқықтық қатынастардан туындайтын дау-жанжалдарды екі тарапты да қанағаттандыратын шешімге келтіру бағытында нәтижелі жұмыстарға қол жеткізіп келеді. Медиацияның ұстанымы – тараптардың тең құқылығы, сондай-ақ, құпиялылықтың сақталуы. Яғни дауды шешу барысында анықталған мәліметтер жария етілмейді. 
– 2023 жылы облыстағы кәсіби және қоғамдық медиаторлар азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау бағытында 263 дау-жанжал бойынша медиация тәртібінің талаптарын қолданып, дауласушы тараптардың қанағаттанарлық шешімге келулеріне ықпал жасады. Яғни өңірге қарасты қала мен аудан аумақтарындағы кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлардың ықпалымен көптеген дау-дамайға нүкте қойылып, тараптар өзара келісімге келді.
Белгіленген жоспарға сәйкес медиация талаптары мен мақсаттарын азаматтарға түсіндіру үшін арнайы «Медиацияның ашық есік күндері» және медиация мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау күндері өткізіліп отырды. Келушілерге құқықтық кеңестер беріліп, дауласушы тараптарды бітімгершілікке шақыратын медиативтік шаралар түсіндірілді. Сонымен қатар медиаторлар «Бірыңғай медиация күні» атты республикалық акцияларға қатысып, белсенділіктерін танытты. 
«Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл қасиет ел үшін» демекші, қоғамдағы барлық даулы мәселелерді оңтайлы шешудің бірден-бір жолы – татуластыру рәсімдерін пайдаланып, дауды бейбіт реттеуге, құқықтық мәдениетті арттыруға қол жеткізу. Азаматтық қоғамның жаңа сатысы – медиацияның мүмкіндіктері арқылы заманауи жаңғырту, әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам қалыптастыру қажет. Облыстық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің кәсіби және қоғамдық медиаторларының алға қойып отырған мақсаты да осы. 
Пікір қалдырыңыз