Көктемгі су тасқынына дайынбыз ба?

Түркістан облысында көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр. Жол картасына енгізілген тапсырмалар орындалған. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалдыға осы жұмыстардың атқарылу барысы баяндалды. Дархан Амангелдіұлы су айдындарын және су қоймаларды тұрақты бақылауда ұстап, су тасқынына қарсы іс-шараларды толық атқармаған аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.
– Бұл салаға тиісті қолдау көрсетілді. Сондықтан биыл су тасқынына жол берілмеуі керек. Су тасқынына қатысты тапсырманы орындамаған аудан, қала әкімдері мен жауапты басқармалар қауіпсіздік шараларын күшейтсін. Жауапты мекемелер көрші мемлекеттен келетін су мөлшерін бақылауда ұстап, жұмысты дұрыс үйлестірсін. «Тұран су» мекемесі қажетті құрал-жабдықтармен, техникалармен толық қамтамасыз етілді. Сондықтан механикалық тазалау жұмыстарын өндірістік кестеге сәйкес аяқтау қажет. Басты міндет – су шаруашылығы жүйелерін күтіп ұстау, елді мекендердің тыныс-тіршілігін ағын сумен қамтамасыз ету. Су тасқынының алдын алу мақсатында тиісті шаралар өз мерзімінде атқарылып, облыс аумағындағы бөгеттерді нығайту, арықтар мен каналдар жүйелерін тазалау жұмыстары жүргізілсін. Гидротехникалық құрылыстардың жағдайы жан-жақты тексерілсін, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешевтің баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар толық жүзеге асқан. Жоспарланған 20 іс-шараның 19-ы толығымен аяқталды. «Қараспан» су торабындағы жұмыстардың 45 пайызы аяқталды. «Тұран су» мекемесімен бірлесіп, жоспардан тыс қосымша Келес, Ақсу өзендері бойында 1,3 шақырым арна жағалауы реттеліп, 748,8 қойтастармен және 416 дана габион торларымен бекітілді. Нәтижесінде, Сарыағаш, Сайрам, Келес, Ордабасы аудандарының 20 елді мекенінде су тасқыны қаупі сейілген.
2023-2024 жылғы күз және көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайдың алдын алу және тасқын суларды апатсыз өткізу жоспары аясында да бірқатар жұмыс атқарылған. 1000 шақырымды құрайтын 1327 қашыртқы арна механикалық тазартудан, 1100 шақырымды құрайтын 260 арық-атыздың арнасы мен автожол астындағы 149 өткел қоқыстардан, топырақтан тазартылды. Департаменттің аумақтық бөлімшелері өткен жылдың қараша айында елді мекендердің су тасқынына дайындығын тексеріп, 7 аудан, қаланың 40 елді мекенінің кездейсоқ болатын тасқынға дайын еместігі туралы хабар берілді. Қазіргі таңда 29 елді мекендегі кемшілік жойылды. Тасқынға қарсы 101 мың дана қап, 8 мың тонна жанар-жағармай қоры мен 40 млн. теңге көлеміндегі азық-түлікке мемормандум жасалып, 296 инженерлік техника әзірленген. Сонымен қатар төтенше жағдайлар департаментінің 175 жеке құрамы мен 144 құралы (38 тех. 5 қайық, 116 мотопомпа), «Тұран су» мекемесінің 40 инженерлік техникасы дайындыққа келтірілді. Осыған дейін жағдайлары сын көтермей келген «Қапшағай», «Ырмақ-Өзен» «Майдантал» су қоймалары күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілген.
Бүгінде «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде тасқын суды қабылдауға шамамен 4 млрд. текше метр көлемінде бос орын бар. Жағдай тұрақты. Мамандар ақпан айында жауын-шашын мөлшерден көп түсетінін болжап отыр. Дайындық жүргізілуде.
Жиында «Тұран су» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Лесов 2023-2024 жылдардағы су тасқынына қарсы әзірленген инженерлік жоспары бойынша аудан, қала әкімдіктерінің сұранысы негізінде техникалар бөлініп, 6 аудан, қаладағы тасқын суды өткізетін 47,5 шақырым өзен арналары мен арықтар тазартылғанын баяндады. Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Шардара, Отырар, Ордабасы, Сауран аудандары мен Арыс қаласы әкімдіктерімен бірлескен іс-шара түзіліп, жоспарланған 679,7 шақырым каналдардың бүгінгі таңда 659,9 шақырымына тазалау жұмыстары жүргізілді. Қаңтар айының 20-на дейін жоспар толық орындалмақ. Нәтижесінде шаруаларға ағын су жеткізу мүмкіндігі артып, су шығындары азайып, елді мекендер және инфрақұрылымдық нысандарды су басу қаупі жойылды. Кәсіпорында төтенше жағдайға қажетті 130 тонна дизель отыны, 420 текше метр қойтастар, 3300 дана қап, 200 дана габиондық тор, 20 тонна цемент, 48 дана плита бар. Облыс әкімінің қолдауымен кәсіпорынға облыстық бюджеттен 2 дана эксковатор, 3 дана бульдозер және 2 тұрғынжай вагоны алынды. Сондай-ақ, бөліп төлеу негізінде «JCB» және «HITACHI» маркалы 39 экскаватормен қамтамасыз етілді. 14 дана эксковатор 8 аудан, қала әкімдіктеріне кейіннен сатып алу тәртібімен жалға берілді.