«Күміс жас» жұмыссыз қалдырмайды

Былтыр 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 15 148 адам «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылса, Түркістан облысы бойынша жасы 50-ден асқан 2000-нан аса адам осы жоба арқылы жұмыспен қамтылған. Жобаға қатысушылардың басым бөлігі Жетісай, Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласының тұрғындары.
Айта кетейік, аталған жоба өткен жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған еді. Зейнеткерлік жасқа толмаған адам кемінде 1 жыл мерзімге жұмыспен қамтылса, 58 жастан асқандарға зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орындары ұсынылады. Жұмыскерге айлық мөлшерінің 30%-ын жұмыс беруші, ал, қалғанын мемлекет төлейді. 2023 жылы осы бағыт бойынша барлығы 14 295 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.
Сондай ақ, «Күміс жас» жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен жүзеге асырады. Субсидиялардың мөлшері жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), екінші жылында 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), үшінші жылында 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды.
«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге, сондай-ақ, зейнеталды жастағы азаматты зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті.
Аталған бағдарлама бойынша тұрақты қызметке орналасқандардың бірі – Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны Құлназаров Нұржан Орынбайұлы. Ол «Күміс жас» бағдарламасымен жұмыссыздыққа тіркеліп, «Мыңбұлақ» шаруа қожалығына биогумус өнімдерін өндіру бойынша агроном болып жұмысқа орналасқан.
– Соңғы жылдары белгілі бір себептермен жұмыссыз қалып қойдым. Осындай бағдарлама бар екенін естіген соң, бақ сынап көруді жөн санадым. Түлкібас ауданындағы мамандардың нұсқауымен жұмысқа қабылдандым. Жұмыс қиын емес, өте ыңғайлы, өзіме ұнайды. Бастысы, еңбек ете білу керек. Еңбектенбей, өзгелерден көмек күтетін адамдарға айтарым, мемлекеттің осындай игі бағдарламаларын тиімді пайдалана білу керек. «Күміс жас» жобасының елге берер пайдасы мол деп білемін. Жұмыссыз жүрген замандастарыма осы бағдарламаға қатысуға кеңес берер едім, – дейді «Күміс жас» жобасының қатысушысы Нұржан Орынбайұлы.
Жобаға қатысушының айтуынша, «Күміс жас» жобасы оған өзін сұранысқа ие жұмысшы ретінде сезінуге мүмкіндік берді. Содан болар, қазақстандықтардың көбі жобаға оң бағасын беруде.
Т.СЕЙІТХАНҚЫЗЫ.
Жақаева Замира Ерубаевна
Жұмыссыз едім жасым 52 де.
Жақаева Замира Ерубаевна
Күміс жас бағдарламасына қалаи тіркелсе болады.