Тастыда Мәдениет үйі ашылды

Созақ ауданының орталығынан шалғай орналасқан Тасты ауылында Мәдениет үйінің ғимараты пайдалануға берілді. Заман талабына сай жабдықталған 75 орынды Мәдениет үйі 329,5 шаршы метрді құрайды. Бұған дейін аудан әкімінің халықпен кездесуінде бұл мәселе бірнеше рет көтеріліп, тұрғындар Мәдениет үйін салып беру жөнінде өтініштерін айтқан болатын. Бүгін міне, ауыл тұрғындарының сол талап-тілектері орындалды. 

Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
– Бүгін Тасты ауылы жаңа мәдени нысанмен толықты. Бұл жерде ауыл тұрғындары ұлттық құндылығымыз бен мәдениетімізді насихаттайтын түрлі бағыттағы игі шаралардың куәсі болады деген сенімдемін. Алдағы уақытта да халықтың игілігіне бағытталған жобалар назардан тыс қалмайды. Шағын футболға арналған жабық үлгідегі ойын алаңын салу және Қылти елді мекеніне баратын жолға асфальт жабындысын төсеу сынды біршама жұмыстар жүргізуді жоспарлап отырмыз. Осылай ынтымағы мен бірлігіміз жарасқан ел болсақ, одан әрі қарыштап дами түсеміз, – деді аудан 
басшысы. 
Ел ағалары да игі іске ризашылықтарын білдірді. 
Жиын соңы «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, жаңа нысан соңғы үлгідегі жиһаздармен, жаңа музыкалық құрал-жабдықтарымен, кітапханамен, оқу залымен қоса қамтылған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз