Полицейлер боранда қалған жүргізушілерге көмектесті

    11 желтоқсанда Түркістан облысы аумағында қалың қар жауып, боран басталды. Бірнеше күн ұйытқыған жел болып, қалың қардың салдарынан облыс жолдарында көліктердің жүруіне кедергі келтірілді. Ауа райының қолайсыздығы тіпті кейбір жолаушыларды жолда қалдырды. Осындай сәтте азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, Түркістан облысының полицейлері Департамент басшысы Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен маңызы бар жолдарда патрульдеу мен ауа райының құбылуына байланысты жолаушыларға көмек көрсету жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде.

    Мәселен, Түлкібас ауданынан кесіп өтетін Шымкент-Тараз бағытындағы «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 601 шақырымындағы Шақпақ ауылының маңы мен осы автожолдың 654 шақырымындағы Машат асуы полицейлермен жабылып, 2 блокбекет қойылды. Сондай-ақ Бәйдібек ауданындағы облыстық маңызы бар автожолдары жабылып, қосымша 4 блокбекет қойылды.

  Тәртіп сақшылары боран соғып, жолдың көруі нашарлауына байланысты адасып кеткен және автокөліктің қозғалуына мүмкіндік болмай тұралап қалған жолаушыларды құтқаруда. Мәселен Бәйдібек ауданы аумағындағы ішкі жолдарда аудан полицейлерімен 17 автокөлікке көмек көрсетіліп, 6 көлік кері қайтарылды. Өз кезегінде жүргізушілер мен жолаушылар бәйдібектік полиция қызметкерлеріне «Рақмет, еңбектеріңіз жана берсін! Түркістан облысы полиция қызметкерлеріне алғыс айтамыз! Қыстың суығында жолда қалу өте қиын. Десек те, полицейлердің қамқорлығы мен жанашырлығы нәтижесінде, көлігімізді шығарып алдық. Үлкен рақмет!» деп жылы лебіздерін жеткізді.

   Ал, республикалық маңызы бар «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 635 шақырымында патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен Қарашық ауылы маңында Түркістаннан Алматы бағытына қарай жолға шыққан «Toyota Alphard» көлігі 6 жолаушысымен бірге, 3 жеңіл автокөлік 5 жолаушысымен бірге (2 жасөспірім 14-16 жас шамасындағы, қалғаны ересектер) қар құрсауынан құтқарылып, көмек көрсетілді. Күннің ызғарына қарамастан қызметін жалғастырып жатқан полицейлер жолаушыларға: «Жол тайғақ, сондықтан абай болыңыздар. Ұзақ жолға шықпаңыздар!», — деп ескерту жасады.

«Оңтүстік»-ақпарат.

Пікір қалдырыңыз