Үш бірдей үздік!

Астана қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде мәдениет және өнер ұйымдары мекемелері арасында өтетін «Рухани қазына – 2023» республикалық фестивалі мәресіне жетті. Фестивальдің жабылу салтанатында Түркістан облысындағы үш бірдей мәдениет мекемесі үздік атанып, бас бәйгені қанжығаға байлады.
Атап айтсақ, музей саласы бойынша «Үздік облыстық маңызы бар музей» номинациясында «Ұлы Дала Елі» орталығы, «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» номинациясында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасы және «Үздік облыстық мәдени-демалыс ұйымы» аталымында Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы жүзден жүйрік шығып, арнайы диплом және қаржылай 1 миллион теңге сыйлықпен марапатталды.
Сондай-ақ, 27 қараша және 1 желтоқсан аралығында өткен республикалық фестивальде мәдени-демалыс саласы бойынша аудандық, ауылдық Мәдениет үйлері мен қызметкерлері, музей және кітапхана саласы бойынша да аудандық, ауылдық ұжымдар мен сала мамандары сайысқа түскен.
Айта кетсек, бұл іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат – мәдениет және өнер саласы ұйымдарының шығармашылық жетістіктерін анықтау, талантты, өзіндік ерекшелігі бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларды қолдау, ұлттық және әлемдік мәдениет пен өнердің ең жақсы дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғырту, дамыту, насихаттау және қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттырып, өңірлердің мәдени мұрасын таныстыру және қызметкерлердің тәжірибе алмасуына жағдай жасауға бағытталған.
Дайындаған Б.Мейірханұлы.