Қырық жыл қырғын болса да...

АҚШ-тағы Шенандоа ұлттық саябағында қарауыл болып жұмыс істеген Салливан Рой планетаның найзағай жиі соққан тұрғыны ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кірді. Ол «найзағай адамы» деген лақап атқа ие болды.
Найзағай оны алғаш рет 1942 жылы сәуірде өрт сөндіру мұнарасында нөсер жауыннан бас сауғалап тұрған кезде соқты. Мұнараға найзағай түсіп, өртене бастаған соң Рой сыртқа қашып шығады, бірақ осы сәтте оның өзіне де найзағай ұшқыны тиеді. Яғни оң аяғына тиген найзағай етігінен өтіп, естелікке үңірейген тесік қалдырады.
1969 жылы көлік жүргізіп келе жатқан Салливан Рой тағы да найзағайға тап болады. Есінен танып қалған жүргізушінің қасы мен кірпіктері, шашы күйіп қалады. Сосын мұндай тосын құбылыстың оның өмірінде жылына бір рет болып тұруы дағдыға айналып кетеді. Төртінші реттен кейін Рой ырымшыл болып алды, енді ол шашына тиетін отты сөндіру үшін өзімен бірге су алып жүретінді шығарды. Бұл су оған тағы екі рет өз пайдасын тигізді.