Өңірде діни ахуал тұрақты

Елімізде саны жағынан ең басым діни бірлестік Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы болып табылады. Республика бойынша 18 конфессияны қамтитын 3877 діни бірлестік тіркелген. Түркістан облысында халық санының басым бөлігі ислам дінін дәстүрлі түрде ұстанады. Елімізде ҚМДБ-ге қарасты 2744 діни бірлестік болса, Түркістан облысында 765 мешітте 1112 дін қызметкері жұмыс атқарады. Олардың 18%-ы ғана жоғары білімді. Ал, 29%-ы орта арнаулы (медресе) және қалған 53%-ы діни сауат ашу курстарында білім алумен шектелген. Халық тығыз шоғырланған және ұлттық құрамы әр- алуан өңір үшін білімді де білікті имамдар бірінші қажеттілік болып табылады.
Түркістан облысында ресми тіркелген бір миссионер бар. Еліміздің дін саласындағы негізгі проблемалар дәл қазіргі таңда құқықтық, ұйымдастырушылық тұрғыдан бірқалыпқа түсті десек болады. Дегенмен, қоғам арасында түрлі бүліктер шығарып, отбасылық және туысқандық қарым-қатынастың үзілуіне ықпал ететін, мешіттерде имамға бағынбайтын, ұлттық құндылықтарымызды мансұқтап жүрген ағым өкілдеріне заң шеңберінде, құқықтық тұрғыдан ықпал ету мәселесі әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді.
Діни білім алу мәселесі қай уақытта да күн тәртібінен түскен емес. Елімізде 13 діни оқу орны жұмыс істейді, оның ішінде ислам бағытында жұмыс істейтіні – 11. Олар – «Нұр-Мүбарак» университеті, 5 медресе колледжі, 4 медресе, ҚМДБ жанындағы имамдардың біліктілігін арттыру бойынша 1 ислам институты, христиандық бағытта – 2 (Алматы православие семинариясы және Қарағанды қаласындағы «Мария – Шіркеу Ана» епархияаралық жоғары діни семинариясы) оқу орны. Білім алушылардың жалпы саны – 4378 адам. Сонымен қатар елімізде арнайы дін саласы бойынша жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті исламтанушы, дінтанушы, теолог мамандар даярлауда. Алайда, еліміздегі мешіттердің төрттен бірі Түркістан облысында орналасқандықтан, тиісінше кадр тапшылығы да осы өңірде қатты сезіледі.
Облысымызда алғаш Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде теология факультетінің ашылуы дін саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі болды. Ол теология саласындағы жоғары кәсіби мамандарды даярлайтын арнайы бөлім ретінде ашылды. Факультетте оқытушы-профессорлар құрамы 15 адамнан тұрады. Университет 1991 жылы елдің сол кездегі Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен ашылған. Білім ордасын отыз жылдың ішінде 80 мыңдай түлек бітіріп шықты.
2023 жылдың 1-тоқсанында облыстық ақпараттық-түсіндіру топтары тарапынан тұрғындармен – 47, жоғары оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындары және мектеп оқушыларымен – 86, өндіріс орындары, құқық қорғау және әскери медицина саласы, тағы басқа мекеме қызметкерлерімен 141 кездесу ұйымдастырылды. Жоғарыда аталған кездесулерге 16 мыңнан астам адам қатысты. Осы жиындардың дәстүрлі діни құндылықтарды халық арасында насихаттауға ықпалы аз емес. Интернет ресурстары мен БАҚ-тың қоғамға тигізер ықпалына орай орталық мамандары тарапынан 43 мақала дайындалып, олар 151 жергілікті басылым бетінде жарияланған.
Қорыта келе, облыс аумағында терроризм актілеріне ден қою, сонымен қатар терроризм салдарын барынша азайту және жою дайындығының деңгейі бойынша да тұрақты жұмыстар жүргізіліп тұрады. Атап айтқанда, әлеуметтік желілердегі (фейсбук, инстаграм) парақшаларда теріс діни ағымның алдын алу мақсатындағы материалдар, жергілікті баспа беттерінде мақалалар шығарылады. Орталық мамандары ұсынған үгіт-насихат материалдары облыстық, қалалық, аудандық БАҚ-тарда жарық көруде. Бір сөзбен айтқанда, облыстағы діни ахуал тұрақты деп айта аламыз.
Қ.САЛЫҚБАЕВ,
облыстық дін істері басқармасы
«Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің басшысы.