Көмекке мұқтаждар азайып келеді

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері бүгінде 700 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік қорғау қызметтерін көрсетіп келеді. Осы және өзге де жұмыстар жайлы өңірлік коммуникация қызметінде БАҚ өкілдерімен жүздескен басқарма басшысы Әсия Темірбаева кеңінен баяндап берді.  

Алдымен көші-қон бағытына тоқталған Әсия Құралқызы биылғы жылдың он айында өңірге 735 отбасы немесе мыңнан астам этникалық қазақ қоныс аударып, қандас мәртебесін алғанын айтты. Олардың 1036-сы Өзбекстаннан, 11-і Ауғанстаннан, сегізі Тәжікстаннан және 18-і басқа мемлекеттерден көшіп келіп, Сарыағаш, Қазығұрт, Ордабасы, Келес, Түлкібас, Бәйдібек, Мақтаарал, Төлеби, Шардара аудандары мен Түркістан, Кентау және Арыс қалаларына қоныстаныпты. Көрсеткіштерге сүйенсек, этникалық қазақтардың 677-сі еңбекке жарамды болса, 54-і жоғары, 289-ы кәсіптік, 321-і орта білім алған, ал, 11-інің білімі жоқ. Сонымен бірге биыл шетелдік жұмыс күшін тартуға 170 квота бекітілсе, 5 шетел азаматына пана іздеуші және 8 шетел азаматына босқын куәлігі берілген. 
– 2015 жылдан бері жұмыс күші азайған еліміздің солтүстік өңірлеріне халықты көшіру жұмыстары жүргізілуде. Тиісінше 2015-2022 жылдар аралығында өңірімізден 12 мыңға жуық адам немесе 
3 080 отбасы солтүстік облыстарға қоныс аударған. Ал, биыл министрлік республика бойынша 6 727 квота бөліп, тоғыз айда Түркістан облысынан 340 отбасы немесе 1 426 адам солтүстікке қоныс аударды. Қазіргі таңда солтүстікке қоныс аударғандардың 30 пайызы Түркістан облысының тұрғындары болып саналады. Қоныс аударғандардың 576-сы жұмысқа қабілеттілер қатарынан болса, қалғандары кәмелетке толмаған жастар, студенттер, зейнеткерлер, бала күтіміндегілер және де басқа да санаттағылар. Еңбекке жарамды жастағылардың 80,5 пайызы тұрақты жұмысқа орналасса, 33 адам өз кәсібін бастап, 79 адам үй шаруасымен айналысуда. Олар тұрғын үймен, жер телімдерімен, балабақша, мектеп, мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдаулармен қамтамасыз етіліп жатыр. 
Сондай-ақ, аз қамтылған азаматтардың табысын арттыру және өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында облыста әлеуметтік көмекке жеткілікті қаражат көзделгенін атап өткен жөн. Соңғы 4 жылда кедейлік деңгейін және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын төмендетудің оң үрдісі байқалады. Бүгінгі күні облыста 154,7 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Ал, кедейлік деңгейін төмендету – атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту шараларына тарту бағытындағы белсенді жұмыстың арқасында орындалуда. Тиісінше атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту үлесі жыл сайын ұлғайып, 2023 жылдың 10 айында еңбекке жарамды 32,4 мың адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Сонымен қатар, Түркістан облысында 2020 жылдан бастап өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың кедейлік деңгейінен шығуына ықпал ететін «Қамқорлық» бағдарламасы іске асырылуда. Нәтижесінде 2020 жылдан бері 4,5 мың отбасыға 1 433,1 млн. теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетіліп, 142 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Оның ішінде биылғы он айда 837 отбасыға 269,3 млн. теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, 27 отбасы жаңа қонысқа қол жеткізді, – деді басқарма басшысы. 
Биыл өңірімізде 26 528 отбасыға 10 128,4 млн. теңге көлемінде АӘК тағайындалып, аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 7,2 пайызына тең келіпті. Бір қуанарлығы, өткен жылмен салыстырғанда АӘК алушылар саны 22 пайызға азайыпты. Ал, келер жылы кедейлікті төмендету, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақсатында 38 610 отбасыға 15 млрд. теңге көлемінде көмек тағайындалады деп жоспарланса, 40 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту шараларына тартылмақ. Сонымен қатар, 2023-2025 жылдары өңірдегі 17 аудан, қалада отбасыларды қолдау орталықтарын ашу көзделген.
Баспасөз жиынында мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мәселесі де сөз болды. Басқарма басшысының айтуынша, бұл мақсат үшін биыл бюджеттен 11,1 млрд. теңге бөлінсе, 50 мыңнан астам техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылып, қажеттіліктің 85,2 пайызы орындалыпты. Жалпы, қазіргі уақытта өңірде 97 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркеуге алынса, олардың 82 174-і ересектер, 14 901-і балалар екен. Айта кетсек, 2021 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту құралдары мен қызметтер «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда бұл порталға 170 өнім беруші мен қызмет көрсетуші тіркелген. Олардың арасында оңалту құралдарын әзірлейтіндер, емдеу-сауықтыру қызметін көрсететіндер, ымдау тілі мамандары мен жеке көмекшілер бар. Сәйкесінше 2024 жылы аталған салаға 12,1 млрд. теңге бөлініп, 48 мыңға жуық адамға қызмет көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Ал, басқарма қарауындағы жалғызілікті қарттар, мүгедектігі бар балалар мен ересектерге 12 коммуналдық мемлекеттік мекеме қызмет көрсетіп жатыр. Олардың төртеуі тәулік бойы, алтауы аптасына бес күн күндізгі уақытта қызмет етсе, біреуі емдеу-сауықтыру, тағы біреуі кәсіптік білім беру ісімен айналысады. 
– 2018 жылы облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуына байланысты бірқатар әлеуметтік нысандар Шымкент қаласының теңгеріміне берілді. Осы және облыстағы мүгедектігі бар адамдардың саны ескеріле келе, 2019 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға, балаларға арналған 7 нысан құрылысының жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалған. 2021 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шықты. Соның бірі 200 орынға лайықталған, мүгедектігі бар ересек адамдарға арналған оңалту орталығы болатын. Аталған нысанның құрылысы 2021 жылдың күзінде басталып, қазір ішкі әрлеу жұмыстары мен құрал-жабдықтарды сатып алу жүргізілуде. Жоспарға сәйкес құрылыс 2023 жылдың желтоқсан айында аяқталады, – дейді Әсия Құралқызы. 
Жалпы, қазір өңірімізде 186 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Жыл сайын жекелеген санаттағы 7 800 азаматқа басқармаға қарасты екі мекеме арқылы сауықтыру қызметтері көрсетіліп келеді. Мәселен, Шымкент қаласында орналасқан Ардагерлер үйі әр лекте 200-ден санағанда жылына 4 000 зейнеткерді қабылдайды. Дегенмен, 1989 жылы салынған ғимарат күрделі жөндеуді қажет ететіндіктен және Шымкент қаласында орналасқандықтан, нысанды Сайрам ауданының аумағында орналасқан қолайлы әрі заманауи ғимаратқа көшіру жоспарланып отыр екен.
Пікір қалдырыңыз