Бірлігі мен тірлігі бекем Түркістан

Кәсіпкерлерді күтіп отырмайды, алдарына өзі барады. Тіпті өңірде жобасын жүзеге асырғысы келетін кейбір кәсіпкерді әуежайдан өзі күтіп алады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде ірі кәсіпорындар, зауыт-фабрикалар ашып, жаңа жұмыс орындарын құру үшін осындай қадамдарға барып жүр. Бұл туралы өзі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

 Екі жылда 140-тан астам әкімді халық сайлады

«Әділетті Қазақстанды құрудағы игі істерге барша қазақстандықтар белсене атсалысқанда ғана біз ортақ мүддеге қол жеткізе аламыз. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында әкімдердің халықпен кездесулері жаңа форматта өтіп жатыр. Биыл 10 ай бойы барлық деңгейдегі әкімдер тарапынан елмен кездесулер ұйымдастырылып, онда 6578 мәселе көтерілді. Оның ішінде инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, әлеуметтік мәселелер ең жиі көтерілген проблемалардың қатарында болды. Көтерілген мәселелердің басым көпшілігі бюджеттің мүмкіншілігіне қарай өз шешімін тапты немесе 89,2%-ы шешілген» деді Дархан Сатыбалды.

Елімізде жүріп жатқан саяси реформалардың арқасында ауыл тұрғындары екі жылдан бері ауылдық округ әкімін таңдау мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде Түркістан облысы бойынша 140 ауылдық округ әкімдері сайланды. Сонымен қатар биыл 4 аудан әкімінің сайлауы өтті. Қабылданып жатқан реформалардың барлығы мемлекеттік басқарудағы шешім қабылдау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін арттырып отыр.

 Инвестиция тартудан көшбасшы

Түркістан өңірінде инвестиция тарту, индустрияландыру жұмыстарына басымдық беріліп отыр.

– Биылғы 10 ай қорытындысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң өсімі сақталды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн. теңгеден асты. Ал, өнеркәсіп өнімі көлемі есепті кезеңде 2%-ға артып, жалпы 758 млрд. теңгені құрады. Аймақта зауыттар салу, инвестиция тарту жұмыстарына басымдық берілген. Шетелдік ірі компаниялармен келіссөздер тұрақты өтіп жатыр. Таяу жылдары өңірде ірі кәсіпорындар жұмысын бастайды. Сол бағытқа бар күш-жігерімізді саламыз, – деді Дархан Сатыбалды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес, Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Жобаның инвестициялық құны 100 млрд. теңгені құрайды. 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда зауыт құрылысына қажетті жер учаскесі бөлінген. Компания тарапынан кәсіпорынның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд. теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд. теңгеге көбейту көзделуде. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд. теңге, 384 жұмыс орны).

Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есеге артып, 751 млрд. теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн. АҚШ долларын құрады. Жалпы құны 3,3 трлн. теңгені құрайтын 194 инвестициялық жобандың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп межеленген. Биыл 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жыл басынан бері 39 жоба іске қосылды, 1230 жаңа жұмыс орны ашылды.

 Шағын өнеркәсіптік аймақ құрылды

Түркістан облысында шағын және орта бизнесті қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін Сауран ауданында 30 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік аймақ құрылуда. Жобаның жалпы құны – 12,9 млрд. теңге. Өңір басшысы кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстармен тікелей өзі айналысып жатқанын мәлімдеді.

– Экономиканы көтеру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвесторларға, отандық кәсіпкерлерге жағдай жасауға басымдық берудеміз. Мен кәсіпкерлерді күтіп отырмаймын, алдына өзім барамын. Тіпті, өңірде жобасын жүзеге асырғысы келетін кейбір кәсіпкерді әуежайдан өзім күтіп алып жүрмін. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту.

Біз кәсіпорындарды көбейту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Осы мақсатта өңірде шағын өнеркәсіптік аймақтар құруды бастадық. Жобаға сәйкес алдағы
3 жылда 42 өндірістік ғимарат салу көзделіп отыр. Олардың жалпы алаңы 66 528 шаршы метрге жетеді. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылды. Мұнда шағын кәсіпорындар жұмысын бастайды, – деді облыс әкімі.

Түркістан облысында қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді, атап айтқанда жыл басынан бері
28 мыңға көбейіп, бүгінгі таңға 213 мыңды құрады. Жыл басынан бері 1 трлн. теңгенің өнімі шығарылды. Кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы (48,3%), сауда (23,3%), туризм (20,3%) және өнеркәсіп (6%) салаларында.

Бизнес субъектілері 21,3 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Келесі жылы кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіру көлемін 40 млрд. теңгеден асыру жоспарлануда.

Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы 20 мыңнан астам қызмет түрі тегін көрсетілді.

  Үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады

Демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында мектеп тапшылығын жою бағытында жүйелі жұмыстар жүруде.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын көтеру мемлекеттің басым мақсаты екенін аттап өтті. Сондай-ақ, балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және орта құру міндетін қойды. Түркістан өңірінде демографиялық өсім жоғары. Осыған байланысты
35 мың орынға тапшылық бар. Аталған проблеманы шешу үшін 4 бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, бюджет есебінен жобалық қуаты 8250 орынды 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл 20 мектепті тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңға 6 мектеп пайдалануға берілді. Президент бастамасымен құрылған «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы құны 9,4 млрд. теңге болатын, жобалық қуаты 6 650 орынды 9 мектептің құрылысы басталды. Ал, «Жайлы мектеп» жобасы аясында
3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. Биыл 29 мектептің құрылысы басталып, олар келесі жылы аяқталады. Қалған 34 мектепті 2025 жылы тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар, жеке инвестиция есебінен жобалық қуаты 5000 орын болатын 17 мектеп салынды, – деді Дархан Амангелдіұлы.

«Жайлы мектеп» жобасы бойынша құрылысы биыл басталатын 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелер анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітілген. Осы мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің құрамы және олардың біліктілік талаптарын арттыру мақсатында облыс аумағында шетелдік озық педагогикалық тәжірибелермен танысу және оларды ендіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған бағытта өңірдің 15 педагогі Жапония мемлекетінің білім беру саласындағы Саяси зерттеулер ұлттық институтының қолдауымен «Мұғалім тәжірибесіндегі сабақты зерттеу (Lesson Study)» семинарына қатысып келді. Алдағы 1,5 жыл ішінде облыстың 100 мұғалімі шетелдерде тәжірибе жинау семинарларына қатысады деп күтілуде.

Өңір басшысы мектептерді күрделі жөндеу мәселесіне де тоқталды. Қазіргі таңда облыста 121 мектеп бойынша талдау жүргізілуде. Бұл мектептер 1939-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Оның 51-іне 302 млн. теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Осы мектептерді күрделі жөндеуге облыстық бюджет және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы кезең-кезеңімен 2024-2025 жылдар аралығында 38,9 млрд. теңге қарастырылуда. Ал, қалған 70 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 2024-2025 жылдардың бюджетіне керекті қаражат енгізу жоспарланып отыр.

 Балалардың қауіпсіздігі күшейтілді

Түркістан облысында балалардың қауіпсіздігін күшейту бағытында «Қауіпсіз мектеп» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді.

– Балалардың сапалы білім алуы және қауіпсіздік мәселелері әрқашан облыс басшылығының назарында. Бүгінгі күнге дейін мектептердегі бала қауіпсіздігі өзекті проблемалардың бірі болды. Биыл осы мәселені шешу үшін «Қауіпсіз мектеп» жобасына облыстық бюджеттен алғаш рет 5,9 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бұл бағытта білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Атап айтқанда, облыстағы 908 мектепке 7100 бейнекамера, бала саны 700-ден асатын 284 мектепке турникет, 193 мектепке 106 мың шаршы метр қоршау орнатылуда. 573 мектеп кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілді. 937 (908 мектеп, 29 арнайы мекемелер) мемлекеттік білім беру ұйымының барлығына дабыл батырмасы орнатылды. 119 мектептің санитарлық-гигиеналық тораптары жаңартылды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 1-4-сыныптағы оқушыларды тегін ыстық тамақпен және мемлекеттік мектептердің қауіпсіздігін лицензиясы бар күзет қызметімен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.

Айта кетейік, Түркістан облысында биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 53 222 бала келді, 11-сыныпты 29 422 оқушы бітіреді. Облыста білім беру саласында 2 526 ұйым қызмет көрсетеді. 1393 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 98,5%-ды құрайды. Облыстағы 1029 мектепте 519 мың оқушы білім алады. Ол мектептердің 908-і мемлекеттік болса, 121-і – жекеменшік.

 

Алты ірі медициналық нысан салынады

Түркістан өңірінде медициналық инфрақұрылымды жақсартуға баса назар аударылуда.

– Өңірдегі медициналық ұйымдарда 5,5 мыңнан астам дәрігер және 19 мыңнан астам орта буынды қызметкер халыққа қызмет көрсетеді. Медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84 пайыздан асып, жоспар толығымен орындалды. Нәтижесінде негізгі ауру көрсеткіші төмендеді. Биыл 14 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сары­ағаш қаласында перинаталдық орталығы бар заманауи медициналық кешен құрылысының жобасы әзірленуде. Оның құрылысы келесі жылы басталады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 49 жаңа нысан салу жоспарланып отыр, – деді Дархан Сатыбалды.

Өткен жылы өңірде 31 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 16-сы пайдалануға берілді. Оның ішінде емхана – 1, жедел жәрдем стансасы – 1, ФАП – 3, медпункт – 11. Биыл қосымша тағы да 14 нысан тапсырылуда. Оның 4-і –дәрігерлік амбулатория, 10-ы – ФАП. Облыс бойынша құны 185 млрд. теңгені құрайтын 6 медициналық нысанның құрылысы жоспарлануда. Түркістан қаласында 570 орынды көпбейінді аурухана, облыстық балалар ауруханасы, «Ана мен бала» орталығы, сондай-ақ, Ордабасы ауданында перинаталды орталық салынбақ.

Аталған 570 төсек-орынды көпсалалы аурухананың құрылысын түркиялық «YDA Holding» компаниясы 2020 жылы бастаған. Биыл сәуір айында жобалау-сметалық құжаттамаға оң қорытынды алынды. Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне көпсалалы аурухананы салу бойынша бизнес-жоспар ұсынылды. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 40%-ы аяқталды, келер жылдың соңында ол пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Түркістан облысы бойынша 749 медициналық мекеме тіркелген. Қазіргі таңда бейінді мамандарға тапшылық байқалуда. Осы мәселені шешу үшін биыл облыс есебінен бейінді мамандарды оқытуға, резидентураға 60 грантқа қаржы бөлінді. Сонымен қатар ауылға келген жас мамандарға әлеуметтік көмек ретінде 1,5 млн. теңге төленуде. Бүгінгі таңда ауылды жерге барған 21 жас маманға әлеуметтік көмек берілген.

 

 75 жедел жәрдем көлігі сатып алынбақ

Түркістан облысында денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, түрлі техникалармен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде босандыру және жансақтау қызметтерінің медициналық жабдықтармен қамтылуына тиісті назар аударылды. Облыста медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84,21%-ды құрап, жылдық жоспар толығымен орындалды. Нәтижесінде өткен жылы негізгі аурушаңдық, өлім-жітім көрсеткіші төмендеді. Өңірде медицина мекемелерін құрал-жабдықтармен қамтуды тұрақты жүргізе береміз, – деді Дархан Амангелдіұлы.

2022 жылы «СП КАТКО» ЖШС-нің демеушілігімен Түркістан қаласында орталықтандырылған жедел медициналық жәрдем стансасы ашылған болатын. Облыста 2 088 510 адамға 1 жедел жәрдем стансасы, 6 бекет, аудандарда 17 бөлімше жұмыс атқаруда. Халыққа жедел жәрдем көмегінің қолжетімділігін арттыру, шақыртуға кешігуді азайту үшін алыс учаскелерге қосалқы 46 тәуліктік пост, 142 дәрігерлік және фельдшерлік бригада ұйымдастырылған.

Биыл заманауи, кеңейтілген жадымен сервер орнатылды. «Көмек» бағдарламасы жаңартылған оперативті бөлімі жаңа ғимаратта іске қосылды.

Қазіргі таңда орталықтандырылған жедел медициналық жәрдем стансасының 177 санитарлық автокөлігі бар, биыл 13 санитарлық автокөлік алынды. Сонымен қатар, желтоқсан айында 1,3 млрд. теңгеге облыс бойынша 75 санитарлық автокөлік сатып алынады. Осы көліктер арқылы облыс бойынша жедел жәрдем бригадасына қажеттілік толық шешіледі.

 

Саяхаттап келушілер саны екі есе артты

Түркістан облысына келушілер мен саяхатшылар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді.

– Туризм саласы – өңірдегі басым бағыттардың бірі. Аймақта осы саланы дамыту үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Туризмді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу қолға алынды. Туристік әлеует жан-жақты зерттелуде. Шет мемлекеттерге қатынайтын автобус, әуе бағыттары ашылып жатыр. Жуырда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің туризм саласы басшыларының жиыны өтті. Сол жиында Түркістанды түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы деп жариялау ұсынысы қолдау тапты. Жұмыстар нәтижесінде биылғы 10 айдың қорытындысымен облысымызға зиярат туризмі бағытында 868 203 адам келді. 2022 жылы 726 545 саяхатшы келген болатын. Экологиялық туризм бағытында 123 176 адам келген. Ал, былтыр 67,4 мың адам келгенін ескерсек, келушілер саны 2 есе артып отыр. Еліміз ғана емес, түркі әлемі үшін Түркістан өңірі мен тарихи Түркістан қаласының орны бөлек. Туризм саласындағы жұмыстар одан әрі жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңірде туризм тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі болып, нақты 3 бағытта дамып келеді. Облыс аумағында 1770 тарихи ескерткіш, 220 қонақүй, 72 шипажай жұмыс істеп тұр. Соңғы 5 жылда өңірде 72 қонақүй,
29 шипажай пайдалануға берілген. Ал, туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 363 млрд. теңгеден асып отыр. Сондай-ақ, инфрақұрылымды жетілдіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2019-2022 жылдарда жалпы сомасы 26,7 млрд. теңгені құрайтын инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылған. Қазіргі таңда 34,4 млрд. теңгеге инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Жобалардың аяқталуы 2025 жылға жоспарланған.

Түркістан қаласында мәдени-рухани арнайы аумағы құрылды. Аумақта «Ұлы дала елі» орталығы, Шығыс моншасы, амфитеатр, музыкалық субұрқақ, Қабылдау орталығы секілді мәдени нысандар бой көтерді. Сонымен қатар Түркістан қаласында тәуелсіз Қазақстанда
алғаш рет әуежай құрылысы жүргізілді. Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды, «Керуен сарай» туристік кешені саяхатшыларға қызмет көрсетуде.

Туристер санын көбейту мақсатында биыл Түркістан–Ташкент–Нурафшан бағытында халықаралық автобус рейсі ашылды. Алдағы қаңтар айынан бастап Біріккен Араб Әмірлігіне Түркістан – Абу-Даби халықаралық әуе рейсі іске қосылады. Облыста туризм саласында жұмыс атқаратын адамдар саны 17 мыңға жетті.

 

Ауыл шаруашылығы – алдыңғы орында

Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының маңызды салаларының бірі. Саладағы өнім көлемі 1 трлн. теңгеден асып, республикада көш бастады. Жыл басынан салаға 88,5 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды.

– Біз ауыл шаруашылығындағы негізгі өзекті мәселелерге назар аударып, оны жүйелі түрде шешу жолдарын қарастырдық. Біріншіден, жылыжай шаруашылықтарын қолдаудың жаңа тетіктері жасалып, жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Биыл бұл үшін 500 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, жылыжайларды көмірмен бір орталықтан қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, көмір өндірушілерден тікелей тасымалданатын болды. Екіншіден, мақта шаруашылықтарын дамыту мақсатында «Global Textile Solution», «TST JETISAY TEXTILE», «Cotton Мақта» және «Tulpar Textile» жобалары жүзеге асырылуда. Нәтижесінде мақта бағасына экспорттық тәуелділікті жоятын боламыз. Сондай-ақ, мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері дақылдарымен алмастыру мақсатында «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда. Үшіншіден, су шаруашылығын дамыту үшін «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорнының жұмысын жүйелендіру есебінен каналдарды қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқаруға қол жеткіздік. Нәтижесінде бюджет қаржысы 28 пайызға үнемделіп, экономикалық тиімділігі 1,5-2 есе жоғары болды, – деді Дархан Сатыбалды.

Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнімдерінен 3,3 млн. тонна жиналды. Бұл – рекордты көрсеткіш! Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл құны 16,7 млрд. теңгені құрайтын 25 жобаны іске асыру көзделсе, соның ішінде құны 14,1 млрд. теңге болатын нақты 22 жоба қосылды. Нәтижесінде 396 жұмыс орны ашылды.

Салада жаңа технология кеңінен қолданылуда. Қарқынды бау көлемі биыл
5 405 гектарға жеткізілді. Нәтижесінде өнімділік 5 есеге артып отыр. Бұрын өнім 60-70 центнерден жиналса, қазір 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда.

Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 403 гектарға ендіріліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік туды.

Жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды.

Мал шаруашылығының дамуы бойынша облыс республикада алдыңғы орында. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 5%-ға өсуде. Ет экспорты бойынша облыс республикада алдыңғы орында. Ірі қара мал етінің үлесі – 85%, ұсақ мал 60%-ды құрайды. 10 мың тонна ірі қара мал, 4,6 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді.

 

Үлкен қойма келесі жылы пайдалануға беріледі

Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, тиімділігін арттыру мақсатында Сауран ауданында 1 гектар аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды.

– Түркістан облысында ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Дегенмен, өнімді сақтау және терең өңдеу мәселелері өзекті. Біз осыған мән берудеміз. Жуырда Түркістан қаласының іргесіндегі аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды. Жоба құны – 1,4 млрд. теңге, қуаттылы-
ғы – 4 000 тонна. Қойма келесі жылы пайдалануға тапсырылады, – деді облыс әкімі.

Аймақта кәсіпкерлерді қолдау мақсатында келесі жылдан бастап, қоймаларды салу үшін жұмсалатын инвестициялық шығынның 50 пайызын өтеу қарастырылып жатыр.

Тағы бір айта кетерлігі, облыс халқының 80%-ы ауылдарда тұрады. Олардың негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Басқа саламен салыстырғанда табыс төмен. Осыған орай, ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта іске асырылуда. Бұл мақсатқа бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлінді. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округ белгіленді. Бүгінгі таңда 14,8 млрд. теңгеге 2 496 жоба қаржыландырылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3 413 жаңа жұмыс орны ашылады, қосымша 30 млрд. теңгеге өнім өндіріледі. Жобаға қатысушылардың орташа табысы өседі, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азаяды, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі ұлғаяды деп күтілуде.

 

Жыл соңына дейін 3341 отбасы баспаналы болады

Түркістан облысында құрылыс саласы да қарқынды дамып келеді. Жыл соңына дейін қосымша 199 мың шаршы метрді құрайтын 59 көпқабатты үйді тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде 3 341 отбасы баспаналы болмақ.

– Биылғы 10 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 250 млрд. теңгені құрап, 783,7 мың шаршы метр үй пайдалануға тапсырылды. Сонымен қатар 55 тұрғын үй, яғни 1077 пәтер күрделі жөндеуден өтуде. Түркістан облысы баспана кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтудан еліміз бойынша алғашқы орындарда тұр. Биылғы 10 айда 1 072 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін тағы да үйлер тапсырылады, – деді өңір басшысы.

Жалпы облыс құрылғалы, 2018-2023 жылдар аралығында кезекте тұрған 6 303 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, облыс тұрғындары және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар ипотекалық баспанамен қамтылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында 2022-2023 жылдар аралығында «7-20-25» бағдарламасы аясында 3 мыңнан астам отбасы және «Отбасы банк» АҚ бағдарламалары аясында 1715 отбасы ипотекалық баспанамен қамтамасыз етілген.

 

 

Пікір қалдырыңыз