Прокуратура жаңа ғимаратқа кірді

Сауран ауданында прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байысбаев, құқық қорғау саласының басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жиналған көпшілікті ауданның орталығында бой көтерген жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, қызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен Түркістан облысында Сауран ауданы құрылды. Бұған дейін Түркістан мен Кентау қалаларына қарасты болған 12 ауылдық округтен 36 елді мекен жаңа аудан құрамына енді. Бүгінде аудан орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары қарқынды. Осыған дейін аудандық әкімдіктің ғимараты пайдалануға берілсе, міне, бүгін прокуратура ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып отырмыз, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметкерді жаңа қоныстарымен құттықтады. 
Сонымен қатар, басқосуда облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов сөз алып, жиналған көпшілікті жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. 
Салтанатты іс-шараға қатысқан қонақтар прокуратура ғимаратының лентасын қиып, ішін аралады. Екі қабатты жаңа нысан Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан.  Ғимараттың сәулеті жаңа ауданның сәулеттік стиліне үйлесімді. Заман талабына сай салынған нысан құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Құрылыс жұмыстарын «Бура-Югстрой» мекемесі жүргізді.
Салтанатты жиын прокуратура ғимаратының ауласына тал отырғызу рәсіміне жалғасты.

Пікір қалдырыңыз