Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «СПЕКА елдерімен белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз...»

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтып, Орталық Азия елдері басшылары мен жиынға қатысушы құрметті қонақтарға ілтипат білдірді.  

– Қазақстан 1997 жылы БҰҰ-ның Орталық Азия экономикасына арналған арнайы бағдарламасын құруға бастамашы болды. Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның өңірлік ынтымақтастықты кеңейту және жаһандық экономикалық процестерге қосылу тұрғысынан тиімді платформаға айналғанын ерекше атап өткім келеді. Арнайы бағдарламаның 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғандықтан, бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор. Былтыр Қазақстанның төрағалығы аясында біз Бағдарламаның негізгі бағыттары жөніндегі ықпалдастықты нығайтып, оны жүзеге асыру үшін маңызды шаралар қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан СПЕКА-ны дамытуға, сондай-ақ, Орталық Азия мен Кавказ өңірінің ынтымақтастығын нығайтуға Әзербайжан Республикасының қосқан үлесін жоғары бағалайды.  СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының бүгінгі тарихи әрі тұңғыш саммиті атқарылған ауқымды жұмыстың түйіні болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев СПЕКА аясында елдеріміздің өнеркәсіп кооперациясы саласындағы әлеуеті жоғары деп санайды. Бұл ретте энергетика, көлік-логистика, ауыл және су шаруашылығы салаларына арналған техника мен құрал-жабдықтардың инновациялық үлгілерін әзірлеу және оларды өндіру үшін машина жасау компанияларының тәжірибесі мен күш-жігерін біріктірудің келешегі зор. Президенттің пікірінше, өндіріс саласында тең негізде ауқымды жобаларды жүзеге асыру аймақ мемлекеттерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайта түседі.
– Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға ұмтылыс жасап отыр. Соңғы бес жылда біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін екі есе арттырдық. Қазір 80-нен астам елге өнім экспорттаймыз. Біз СПЕКА елдерімен осы бағытта белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз. СПЕКА елдері арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты ынталандыратын құралдарды ойлап табуға айрықша мән берген жөн. Осыған байланысты экономикалық даму мен интеграцияға ықпал ету үшін БҰҰ аясында СПЕКА арнайы қорының (trust fund) негізін қалау аса өзекті деп ойлаймыз. Арнайы бағдарламаның маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан Қорға қаржылай үлес қосуға әзір, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын мәлімдеді. Осы ретте Президент СПЕКА мемлекеттерінің басшыларын баламалы энергия көздеріне көшу мәселесінде бірлескен іс-әрекетті жандандыруға және Алматыда Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру бастамасын қолдауға шақырды.
Қазақстан Президентінің пікірінше, Астана СПЕКА-ны институционалдандыру процесін қолдайды. Бұл аймақ елдері арасындағы көпжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тиімді ілгерілету үшін аталған бағдарламаның орасан зор әлеуетін толық пайдалануды көздейді.
Президент сөзін қорытындылай келе, бүгінгі саммит арнайы бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін нақты механизмдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне, сондай-ақ елдеріміз арасындағы достық және стратегиялық серіктестікті нығайта түсетініне сенім білдірді.

Пікір қалдырыңыз