«Ауыл жатыр той жасап»

Түркістандағы Конгресс-Холда облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Жастар сыйлығының иегері, Түркістан, Кентау қалаларының және Сауран ауданының құрметті азаматы, композитор Бекжігіт Сердәлінің «Ауыл жатыр той жасап» атты шығармашылық кеші өтті. 
Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысып, кеш иесін құттықтады.

– Тарихи шаһардың жаңа ғасырдағы көркем жылнамасын жазуға атсалысып, осы өлкенің рухани-мәдени әлеуетін көтеру жолында жан аямай еңбектеніп жүрген өнер майталмандары аз емес. Солардың қатарында Бекжігіт ағаның орны ерекше. Тарихи өлке Сауран ауданындағы Үлгілі ауылында дүниеге келіп, өмірі де, өнері де өзгелерге үлгі боларлықтай ғұмыр кешіп келе жатқан ағамыздың шығармашылық кеші құтты болсын! Жарты ғасырға жуық ғұмырын өнерге арнап, осынша уақыттан бері бірнеше буынның сүйсіне айтар әндерін дүниеге келтірді. Қасиетті қаланың әнұранындай болып айтылатын «Түркістаным – Тұраным» әні туған топырағына деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісіндей. Шығармашылық жолынан бөлек ақпарат саласында да өзіндік қолтаңбасы бар ағамыз әлі күнге дейін шәкірт тәрбиелеп, талай буынның бағдаршысына айналып келеді. Сіздің қазақ өнеріне, Түркістан руханиятына береріңіз мол. Елдің игілігі жолындағы барлық бастамаңыз жемісті болсын, – деген облыс әкімінің орынбасары өңір басшысы Дархан Сатыбалдының атынан құттықтау хат табыстады.
Мұнан кейін Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің ректоры Жанар Темірбекова, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев сөз алып, Бекжігіт Сердәліге сый-сияпат жасады. Мерекелік кеш барысында Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Ардақ Балажанова, Шәкизада, Гүлнұр Оразымбетова, Абылайхан Оспанов, «Созақ» триосы, «Turan Boys» тобы, «Дихан мен Ақбикеш» дуэті өнер көрсетіп, түркістандық көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, композитордың бірге оқыған достары, өнердегі және өмірдегі әріптестері, туыстары мен шәкірттері де өздерінің ыстық лебіздерін жеткізді.
Айта кетейік, Бекжігіт Сердәлінің жаңа отау құрған жас отбасылардың сүйікті әніне айналған «Жас жұбайлар», сондай-ақ, «Неге, неге?», «Ризамын», «Ауыл жатыр той жасап», «Бір өзің деп», «Ару қыздар», «Келіп кет, қалқам», «Сені іздегем», «Текемет», «Кінәлама», «Асыл жарға», «Қош, аман бол» сияқты әндері мен «Түркістан кеші» инструментальды композициясының шоқтығы биік.

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз